«Конгресс-Холл» көпсалалы кешенінде алғаш рет Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Түркістан облысының құрылғанына 3 жыл толуына орай, «Nur Otan» партиясының және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Түрленген, гүлденген Түркістан» атты республикалық ақындар айтысы өтті.
Айтыстың ашылуында сөз алған «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев айтыс өнерінің қазақ руханиятындағы рөліне кеңінен тоқталып, ақындарға сәттілік тіледі. «Айтыс деген – қазақтың жаны. Сонау мыңжылдықтардан, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен асыл өнерді қолдау – баршамыздың міндетіміз. Сөз додасына бабы мен бағы жанар сайыпқыран ақындар жиналыпты. Ендеше, айтыскерлерге сәттілік тілеймін», – деді Бейсен Дәулетұлы.
Екі күнге созылған дүбірлі айтысқа республиканың барлық өңірінен елімізге танымал от ауызды, орақ тілді айтыскер ақындар, атап айтсақ, Айбек Қалиев, Жансая Мусина, Мұхтар Ниязов және тағы да басқа сөз шеберлері қатысып, кім мықтыны анықтады.
Айтыстың негізгі мақсаты – айтыс өнері арқылы еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін, ұлттар мен ұлыстардың мызғымас татулығы мен достығын, қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, түркі әлемінің рухани астанасы атанған түрленген, гүлденген – Түркістанның жетістіктерін кеңінен насихаттау. Сондай-ақ, ҚР Халық ақыны, «Парасат», «Достық» ордендері мен Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері 70 жасқа толып отырған Әселхан Қалыбекованың айтыс әлеміндегі шоқтығы биік өнерін дәріптеу болды. Ақындардың өнеріне елімізге белгілі айтыс ақтангерлері Әселхан Қалыбекова, Бекарыс Шойбеков, Бауыржан Халиолла, Маржан Есжанова сынды айтыскер ақындар қазылық етті. Іс-шараны ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман жүргізіп отырды.
Сонымен, республикалық аламан айтыстың екінші күні финалдық кезеңіне 10 айтыскер ақын шықты. Алғаш болып, Айбек Қалиев пен Сезімхан Шұғаев ақтық сынның алғашқы айтысын бастап берді. Бұдан соң, Аспанбек Шұғатаев пен Сырым Әуесхан арасында өрбіді. Осы екі азаматтың бір-біріне деген әзіл айтысы, оның ішінде Түркістанның түрленгені туралы кеңінен қозғағаны көпшіліктің көңілінен шықты. Ал, үшінші жұпты Мейірбек Сұлтанхан мен Анар Жаппарқұлова, төртінші жұп Төлеген Жаманов пен Жансая Мусина арасында өтті. Ақтық айтыстың көркін соңғы жұп Мұхтар Ниязов пен Дәурен Ақсақалов қыздырды. Бір – бірлерін сөзбен қағытып, ағалы-інілі айтыстың үлгісін көрсетіп, түркістандықтардың құрмет қошеметіне бөленді. Айтыстың ақтық сайысына өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев арнайы келіп қатысып отырды.
Сонымен екі күнге созылған республикалық аламан айтыс өз мәресіне жетіп, барлық айтыскер ақындарға сый-сияпат жасалды. Қазылар алқасының шешімімен жүлделі ІІІ-ші орынға Айбек Қалиев, Төлеген Жаманов, Мейірбек Сұлтанхан, Сезімхан Шұғаевтар ие болды. Ал, ІІ-ші орынды Аспанбек Шұғатаев пен Жансая Мусина еншілесе, жүлделі І-ші орынға Мұхтар Ниязов лайық деп танылды.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев екі күн бойы жаңарған Түркістанды жырға қосқан барлық айтыскер ақындарға алғысын білдіріп, ҚР Халық ақыны, «Парасат», «Достық» ордендері мен Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері Әселхан Қалыбекованың мерейлі 70 жасымен құттықтап, құрмет қошемет көрсетті. Сонымен қатар, өңір басшысы қазылардың шешімімен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Түркістан облысының құрылуына 3 жыл толуына орай, «Түрленген, гүлденген Түркістан» атты республикалық ақындар айтысының Бас жүлдесі темір тұлпарды жерлесіміз Дәурен Ақсақаловқа табыстады.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.
