Қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Түркістан облысының құрылғанына 3 жыл толуына орай «Түркістан – түркі әлемінің астанасы» тақырыбында жас ақындар мүшәйрасы болып өтті. Мүшәйраға 15-25 жас аралығындағы жастар қатысып, өз бақтарын сынады.
Жиында мәдениет үйі директорының уақытша міндетін атқарушы Мақсат Дәукенов, «Түркістан» газеті редакторының орынбасары Ләззат Сарыбаева, қалалық тілдерді оқыту және дамыту орталығының маманы Айкерім Жұмабаева, қалалық мәдениет үйінің әдіскері Ақмарал Ысқақова мүшәйраға қатысушы барша үміткерлерге сәттілік пен толағай табыстар тіледі.
Жыр сайысында жас жазба ақындар егеменді ел жетістіктері мен жаңа Түркістан облысының бүгінгі келбетін, қадір-қасиетін жырға қосты. Жас сөз зергерлері «Тұнған тарих Түркістан», «Ер түріктің бесігі», «Атамекен» тақырыптары аясында өлең өрді. Бірінен бірі озған ақындар жиналған көпшілікті дарындарымен, суырып салмалығымен тәнті етті.
Байқау қорытындысында олардың шығармалары сарапқа салынып, бірінші орынды Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің студенті Мейір Оразғалиев жеңіп алды. Ал, екінші орын «Түркістан» газетінің тілшісі Мөлдір Халилаева мен Қазақ Ұлттық университетінің студенті Нұрдәулет Өмірбековтің еншісіне бұйырды. Үшінші орынға Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің студенті Дәулетхан Оспанов пен М.Пошанов атындағы №21 жалпы орта мектептің оқушысы Дария Тобағали ие болды. Сонымен қатар, қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының оқушысы Нұрдәулет Кәрібай, Түркістан көпсалалы жоғары медицина колледжінің студенттері Әділхан Сейтқали, Береке Сортабаева, Т.Бигелдинов атындағы №16 жалпы орта мектебінің оқушысы Нұржан Кәтіп, Түркістан жоғары медицина колледжінің студенті Сабина Исақызы Түркістанды жырлап өткен ақиық ақындар – Мағжан Жұмабаев, Саттар Ерубаев, Қаныбек Сарыбаев, Өмірбай Сәуірбаев, Мария Мерешева атындағы номинация иегерлері атанып, мерейлері үстем көрінді.
Жеңімпаздар мен номинация иегерлеріне, сондай-ақ барлық қатысушыларға арнайы дипломдар пен бағалы сыйлықтар табысталды.
Қаншама ақыны мен дарыны туған киелі өлкенің жас таланттарын ел ішінен іздеп табу, оларға қолдау көрсету мақсатында өткен жыр мүшәйрасында қаламынан қара өлең тудырған жаңа толқын ақындар танылып, іріктелді. Сондай-ақ, аға буын өкілдерімен пікір алмасқан жас ақындар шығармашылық ізденістерін арттыруға жол ашылғандай үлкен серпіліспен тарасты. Ендеше, алдағы уақытта да осындай жыр сайыстары дәстүрлі жалғасын тапса нұр үстіне нұр болмақ.
Л.ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ.