Уақыт шіркін көзді ашып жұмғанша өтіп бара жатқан сыңайлы. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың №702 тарихи Жарлығымен Түркістан облысының құрылғанына және қасиетті Түркістан қаласының өңір орталығына айналғанына міне үш жыл толып отыр. 2018 жылдың 19 маусым күнгі қабылданған осы бір тарихи шешім көне қаланың жаңа сипатын айшықтап бергендей…
Облыс орталығы мәртебесіне ие болған күннен бастап Елбасының тапсырмасымен қабылданған бірқатар маңызды шешімдер бүгінде кезең-кезеңімен іске асырылуда. Алып құрылыс алаңына айналған Түркістандағы зәулім ғимараттар мен жаңа нысандар кез-келген адамды тамсандырады. Қала қонақтары мен тұрғындарына қажетті ойын-сауық орталығы, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театрлар, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквопарк, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынды. Мұндай қарқынды да ауқымды істер алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Сол секілді жаңадан бой түзеген спорт нысандары халықаралық және республикалық жарыстарды жоғары деңгейде өткізуге толықтай мүмкіндік беруде. Атап айтсақ, Олимпиада резервін дайындау Орталығының спорт кешені, 7 мың көрерменге арналған «Түркістан-Арена» стадионы, бассейні бар спорт сарайы өз жұмысын бастап жіберді. Кері шегініс жасайтын болсақ, 2004 жылы «Яссы-Рахат» командасы Қазақстан Премьер-лигасына жолдама алғаны, құрамада түркістандық жастардың жасындай жарқырағаны жанкүйерлердің әлі есінде. Міне, енді араға 17 жыл салып, Түркістанның намысын «Тұран» командасы қорғап, бүгінде тәп-тәуір нәтижелерге қол жеткізіп отырғаны футболсүйер қауымды қуанышқа бөлеуде. Жігерлі жеңімпаздар мекені саналатын Түркістанның спорт саласында бұған дейін халықаралық, республикалық дүбірлі додаларда жеткен жетістіктері бір төбе. Аты аңызға айналған спортшыларымыз да баршылық. Атап айтсақ, волейболдан қазақтан шыққан тұңғыш КСРО спорт шебері атағына ие болған, КСРО-ға еңбегі сіңген жаттықтырушы, даңқты волейболшы Октябрь Жарылқапов, бокстан КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Әбдісалан Нұрмаханов, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, грек-рим күресінен КСРО спорт шебері Хайыс Аққалиев және бокстан 2000 жылы Сидней қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы, «Барыс» орденінің иегері Бекзат Саттарханов осы қасиетті Түркістан топырағынан шыққанын мақтанышпен айтуымыз керек. Бүгінде бұл асыл азаматтардың ізін басып келе жатқан бірқатар спорт саңлақтары қасиетті қаламыздың атын әлемдік жарыстарда асқақтатып жүр.
Шаһарда соңғы жылдары ашық аспан астындағы 10 теннис корты, 3 streetball, 7 street workout, 32 кіші футбол, 16 баскетбол алаңдарында спортты серік етіп жүрген жастар қатары да артып келеді. Облыс мәртебесіне ие болмай тұрып, Түркістан қалалық спортты дамыту бөліміне қарасты 5 спорт мектебі жас жеткіншектердің спорттағы алғашқы құтты мекені болған. Бүгінде Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты аталмыш мектептердің шәкірттері алдағы жылдары да облысымыздың намысын абыроймен қорғайтынына бек сенімдеміз.
Қасиетті қаламыздың Түркістан облысы мәртебесіне ие болғанына 3 жыл толуымен барша түркістандықтарды құттықтай отырып, киелі шаһардың абыройы асқақтай берсін, жас жеткіншектеріміздің алар асуы биік болсын дейміз!
Қуатбек АЙДАРБЕКОВ,
волейболдан халықаралық дәрежедегі төреші, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері.