ЖАҢА ЖОБАЛАР РУХАНИЯТЫМЫЗДЫҢ МӘЙЕГІ ІСПЕТТІ

1  513 көрілім

Ерте кезден Түркістанға табан тіреген туристердің ең бірінші тәу ететін орны – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Түркі дүниесінің киелі рухани мұрасы болған кесене төл тарихымызды жандандырып тұр. Осындай шаһардың облыс орталығы болып жарияланғанына 3 жыл уақыт болды.

Жалпы, Түркістан облысының құрылуы, ел мүддесі үшін ғана емес, түбі бір түркі дүниесі мен Орта Азия елдерінің экономикасына оң әсер беретіні анық. Одан бөлек, өңірден бой көтеретін рухани-мәдени нысандардың біздің сан салада дамуымызға ықпалы зор.

Осыдан тура 3 жыл бұрын Түркістан қаласы облыс орталығының статусын алып, қала мәртебесі асқақтап, жәдігер шаһардың мерейі үстем болған еді. Бұл жаңалықты естігенде, ақ түйенің қарны жарылып, еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін қуандық.

Содан бері Түркістан қызу құрылысты бастан өткеріп келеді. Қала орталығынан бастап, кіре беріске дейін алып ғимараттар мен зәулім сарайлар бой көтеруде. Мен осы киелі мекеннің тұрғыны ретінде қаламыздың сәт санап өзгеріп жатқанын көріп, кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. Әсіресе, мәдениет саласында қызмет ететін болғандықтан, облыс орталығынан салынған түрлі рухани-мәдени нысандардың бас жоспары мені қатты қызықтырады. Атап айтсақ, «Ұлы дала» орталығы, Түркістан музыкалық драма театры, қолөнер шеберлері орталығы, «Farab» ғылыми-әмбебап кітапханасы, Тұңғыш Президент саябағы, Арбат, музыкалық субұрқақ, музыкалық мектеп, «Түркістан-Арена», сапар орталығы, Амфитеатр, оқушылар сарайы, «Түркістан Ханшайым» плаза тағы басқа мәдениет ошақтарының біздің қаламыздан бой тіктеп, бүгінде Түркістан қаласына келетін қонақтар мен туристердің рухани орталығына айналып үлгерді.

Мәдениет пен өнер саласы ешуақытта өшпейтін қымбат қазына. Себебі, біз жаңа туындылар мен жаңа қойылым, бағдарламалар арқылы көрерменнің жүрегіне жылы жол тауып, олардың көңілінен шыға аламыз. Сондықтан да Түркістанның даму тарихына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Түркістан қалалық Мәдениет үйінің де орны бөлек деп білемін. Алдағы уақытта біздің ұжымға да осындай көзтартар ғимарат салынып, қала архитектурасын ажарландыратын нысан бой көтереді деген сенімдеміз.

Қазақ хандығының астанасы болған Түркістанды қайта жаңғырту – тарихымыздағы алынбас қамал. Елбасының осы бір жаһандық жаңалықты орнатуы өз алдына бір төбе. Ал, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретіндегі алғашқы жұмыс сапарын Түркістаннан бастауы да тегін емес. Сол кезде Мемлекет басшысы: «Түркістан – мемлекетіміздің алтын бесігі. Ежелгі Түркістанның жаңғыруы мен жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді» деген еді. Президенттің бұл сөзі «Түркістанда тумақ түгілі адамдар, Түркістанда тұрғанына мақтанған» деп жүрегі соққан талай жанға қанат бітіріп, мәдениеті мен тарихы мол Түркістанның түрленуіне үлес қосуына сеп болмақ.

Мұрат ЖҰМАНОВ,

Түркістан қалалық Мәдениет үйінің мәдени жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы