Түркістан – түркі дүниесінің киелі мекені, рухани темірқазығы. 3 жыл бұрын ғана облыс орталығы болған көне шаһардың келбеті күннен-күнге адам танымастай өзгеріп келеді. Киелі мекеннің қай салада болса да өркендеп дамығаны анық. Десе де ең ерекше салалардың бірі – туризм. 3 жылдың ішінде көне шаһардың заманауи үлгідегі ғимараттары бой түзеп, халық игілігіне беріліп, туристтер үшін қызметін бастап кетті.
Туризм туралы айтқанда келушілерді қабылдап, оларды ақпараттармен қамтитын Визит орталығын айтпай кетуге болмас. Бұл жерде Түркістанның кішірейтілген макетінен қаланың мәдени, тарихи нысандарын көру арқылы қаланың тарихымен танысып, болашақта атқарылатын жұмыстардың жоспарын білуге болады.
Жер жаһанды өзінің қайталанбас құрылысымен-ақ баурап алған Орталық Азиядағы баламасы жоқ ең ірі «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешені Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен кейін өңірге саяхатшыларды көптеп тартатын басты орталыққа айналып келеді.
Кешенге кіргенде қазақ мифологиясындағы алып құс самұрықтың ұядағы жұмыртқасы тәрізді жасалған «Алтын Самұрық» ғимараты еріксіз көз тартады. Бұл нысан ел ішінде ұшатын театр аталып кетті. Онда сиқырлы ертегілер еліне, қазақ халқының тарихына жаңа технологиялардың көмегімен, 8 D форматта әсерлі саяхат жасауға болады. Еліміздің өткені, бүгіні мен келешегінің көрінісі осы театр-музейде көрсетіледі. Шығыс үлгісінде салынған кешен киелі шаһарға келетін меймандардың сүйікті демалыс орнына айналары сөзсіз.
«Алтын Самұрық» ғимаратының жанында «Сиқырлы керуен» атты балаларға арналған ойын-сауық орталығы орналасқан. Бұл – расымен сиқырлы ғимарат. Сырты бір қарағанда басқа нысандардан ерекшеленбегенімен, ішіне кірсеңіз, шығыс ертегісіне түскендей күй кешесіз. Ескі мұнаралар, қала орталығындағы базар, қабырғаға ілінген шамдар сізді қиял әлеміне елітіп әкетеді. Мұнда балалар үшін түрлі әткеншектер, айналатын кесе мен тез жүретін пойыз және аттар бар. Сауда және ойын-сауық орталықтарында келушілер уақыттарын пайдалы, әрі қызықты етіп өткізуі үшін барлық жағдай жасалған. Десе де ішіндегі ауыздың суы құрып айтқан дүниелердің бағасы екінің біріне қолжетімді деп айту қиын. Туристтерден бөлек, қала тұрғындарының да жағдайы ескеріліп, тиімді баға қойылса, нұр үстіне нұр болары хақ.
Саяхатшылардың жайлы, әрі сенімді демалуына септігін тигізетін 120 нөмірлі, 230 төсек орынды «Rixos» қонақ үй кешені және 100 нөмірлі, 200 төсек орынды «Hampton by Hilton» қонақ үйі заманауи стильде жаңа технологиялармен безендірілген.
Қанша жаңа ғимараттар салынса да Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің өз құндылығын жоғалтпасы анық. Саяхатшылардың да басты мақсаты – кесенені аралау. Осы орайда, қазақ халқының бастан кешкен небір ғасырларын бейнелейтін Ұлы Дала Елі орталығын айта кету керек. Орталық Қазақ Хандығының құрылғанынан бастап, жаңа дәуірдің дамуына дейінгі әртүрлі тақырыпты ашатын 9 тарихи – заманауи залдан тұрады. Ішіне кірген адам, қазақ деген елдің тарихын толығымен көріп, келешегіне де көз жүгірте алады.
Жаңадан бой көтерген ғимараттар туралы айтқанда таңқалыстар мен толғаныстар еріксіз шыға береді. Бұл – небәрі 3 жылдың нәтижесі. Алда жоспарлар мен мақсаттар үлкен. Түркістан азаматтары мен билік өкілдерінің жауапкершілігінде атқарылатын жұмыс жетерлік. Келешекте тамсанып отырып айтатын, халық игілігіне жұмыс жасайтын ғимараттар бұдан да арта түсетіні анық.
Мөлдір ХАЛИЛАЕВА.
