Жаңа облыс орталығына айналған тұмар қала – Түркістан күннен күнге көркейіп, қарыштап дамуда. Бой көтеріп жатқан құрылыстар, ашылып жатқан аллеялар, жаңа нысандар әсем қаламыздың көркіне жаңа рең беріп, абаттандыруда. Солардың бірі де бірегейі – соңғы үлгіде салынған, көпшілік талғамынан шығатын оқушылар сарайының рухани шаһардың оқушылары мен жасөспірімдері үшін қосымша білім беруде, олардың жан-жақты дарын қабілеттерін ұштауда жасап жатқан еңбегі зор.
Оқушылар сарайында жас жеткіншектеріміздің шығармашылық қабілетін дамытып, бос уақытын тиімді ұйымдастыруына барлық мүмкіндік жасалған. Атап айтсақ, «технопарк және «sana» IT» орталығы, өнер орталығы (киім моделін жобалау, қолөнер, зергерлік өнер, мүсін және керамика, былғары жұмыстары, суретші), тіл үйрету орталығы (5 шет тілі), ғылым орталығы республикалық физика-математика мектебіне, білім инновация лицейіне, Назарбаев зияткерлік мектебіне, дарын мектептеріне түсу үшін оқушыларды дайындайды, шығармашылық орталығы (вокал, актерлік өнер, сатира өнері, би, дәстүрлі ән, аспаптарда орындау), шахмат, балалар тележурналистикасы, анимация, фото-бейне түсірілімдерді монтаждау, барлығы 62 үйірме жұмыс істейді. Барлық кабинеттер заманауи үлгімен жабдықталған.
Өз қызметін ұсынғанына небәрі жарты жылға жетпесе де, мұнда білім алып жүрген балалардың жеткен жетістіктері аз емес. Мекемеде балалар үшін ең таңдаулы үйірмелер жұмыс жасап, тәжірибелі мамандар қызмет атқаруда. Атап айтсақ, өз саласының білгір мамандары, 25 магистр, 1 PhD маманы, сондай-ақ, «театр үйірмесіне» қатысушы өрендерге ҚР Мәдениет қайраткері, «АИ» театрының директоры Айгүл Иманбаева, Р.Сейтметов атындағы және «Алдараспан» сатира театрының актері Шәкен Амантұров дәріс беріп, сахна өнеріне баулуда.
Талабы мен қызығушылығы жоғары болған оқушылар бірден бірнеше үйірмеге жазылып, өнер мен білімді ұштастыра алуда. Әсіресе, математика, фортепиано, гитара, тіл, вокал, хореография, сахна өнері үйірмелеріне балалардың қызығушылығы зор. Өзіндік ерекше қабілеттері ашылып, өз ортасында алға қадам басып келеді.
«Өнер орталығы» үйірмесінің оқушылары Алматы қаласында өткен «Nur Nauryz Fest» III Халықаралық рухани жаңғыру фестиваль-конкурсына және Нұр- Сұлтан қаласында өткен ХІV Халықаралық «ALASH STAR» байқауына қатысып, өнерлерін көрсетті.
«Мүсін және керамика» үйірмесінің оқушылары 15 – 30 наурыз аралығында Алматы қаласында өткен ІІ Халықаралық «Көктем шуағы» фестиваль-байқауына қатысып, жүлделі орындарды еншілесе, Тараз қаласында өткен «Taraz Open» байқауында «Спорттық бал биі» үйірмесінің балалары 1-орын иеленіп, мерейлері үстем көрінді.
Сонымен қатар, республикалық «Жұлдызға қадам» хореография байқауына қатысқан «Заманауи би» үйірмесінің оқушы қыздары 1-орынды жеңіп алып, Түркия, Қырғызстан елдерінде өтетін байқауға жолдамаға ие болды. «Жайдарман академиясы» да жемісті жұмыс істеуде. Жас «КТК»-шыларды елімізге танымал жайдарманшы Жолдықожа Бекұлан тәрбиелеуде. Биылғы жайдарман ойындарының гала концертіне тек қана екі оқушылар командасына рұқсат етілді. Соның бірі болып біздің жайдарманшыларымыз сахна төрінде өнер көрсетті.
«Оқушылар сарайы» мен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ өзара ынтымақтастықта жұмыс істеуді қолға алып, университет ректоры Жанар Темірбекова мен біздің мекеме директоры Индира Икапова меморандумға қол қойып, қос білім беру мекемесі бірлесіп Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап «Жас талант» онлайн байқауын жариялады. Байқаудың мақсаты – оқушылар мен студенттердің шығармашылық қабілетін арттыру, патриоттық сезімін ояту, тәуелсіз елге деген құрметін күшейту. Қатысушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға ынталандыру және шын талант иесін анықтап, қолдау көрсету. Байқау жеңімпазы атанған талант иесі Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Түркия квотасына ие болады. Ел көлемінде жарияланған бұл онлайн байқау өнерлі жастарға қолдау көрсетудің игі нышаны болмақ.
Алдағы уақытта да оқушылар сарайы халық игілігіне қызмет ететін болады.
Бағила ДАУЛЕТБЕКОВА,
Оқушылар сарайы директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
