Медицина қызметкерлері күні елімізде жыл сайын маусымның үшінші жексенбісінде аталып өтіледі. Әлемде дәрігерден асқан құрметті де жауапты мамандық жоқ. Біздің әрқайсымыз өмір мен денсаулықтан, жақын туғандарымыздың өмірі мен денсаулығынан артық құндылық жоқ екенін түсінеміз. Дәл осы баға жетпес құндылықты сақтап қалуға негізделетін аса жоғары жауапкершілік медицина қызметкерлеріне жүктеледі.
Бүгінде ұлттық құндылығымыз – баға жетпес адам өмірін сақтауда, сондай-ақ әрбір жанның қоғамның белсенді мүшесі болып табыла білуінде медицина қызметкерлерінің атқаратын істерінің маңызы зор. Қасиетті шаһар облыс орталығы болғалы бері медицина саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқандығы баршаға аян. Ақ халатты абзал жандардың кәсіби мерекесі қарсаңында Түркістан қалалық емханасының бас дәрігері Райымбек Тасырбаевқа арнайы барып жолығып, медицина саласындағы атқарып жатқан жұмыстарымен таныстық.
Сонымен, бас дәрігердің мәлімдеуінше бүгінгі күнде емханаға қарасты 7 отбасылық дәрігерлік орталық, 2 дәрігерлік амбулатория, 1 жылжымалы медициналық жиынтық бар. Сонымен қатар, консультативтік диагностикалық, жедел жәрдем бөлімшелері қызмет атқарады. Емхана қала көлемінде 94322 азаматқа қызмет көрсетсе, соның ішінде 35266 бала, 54652 ересектер мен 20319 туу жасындағы әйелдерді құрайды екен. Емханада жалпы саны 68 аймақ, оның 15 педиатриялық болса, 53 аймағы жалпы тәжірибелі дәрігерлік аймақтар кіреді. Қазіргі таңда негізгі принцип бұл халыққа қол жетімді медициналық көмекті ұйымдастыру. Соған сәйкес, барлық бөлімшелерді мамандармен және медициналық құрал жабдықтармен қамтамасыз ету қолға алынғанын жеткізді.
– Емхана 2018 жылдан бастап толық цифрлық жүйеге көшкен. Сол жүйені дамыту мақсатында, емхананың «өз-өзіне қызмет көрсету» бұрышында сенсорлы экран қойылған. Ол арқылы емханаға келген азаматтар дәрігер қабылдауына жазыла алады, egov.kz электронды порталы арқылы мемлекеттік қызметтер алуға мүмкіндік алады. Дәрігердің жұмыс кестесін және бірінші рет келіп тұрған болса, дәрігердің келбетін, оған қалай баруға болатынын көре алады, яғни бару жолы видео арқылы көрсетіледі, – дейді Райымбек Берікұлы.
Қазіргі таңда әлемде өлім көрсеткіші бойынша екінші орынды алатын онкология ауруының алдын алу мақсатында, емханада «жасыл дәліз» жұмысы іске қосылған. Оның негізгі мақсаты онкология ауруына күдік туындаған науқастарға кезексіз тексерулер жүргізу арқылы бір күннің ішінде анықтауға қол жеткізілуде. Мысалы, онколог дәрігері науқасты күдікті деп таныса онда қолына «жасыл білезік» тағады. Жасыл білезік тағылған азаматтар кезексіз толық тексеруден өтеді. Қосымша емханадан «аналитикалық орталық» ашылуда, ол жерде емханаға қарасты барлық мекемелердің жұмысын айына екі рет саралау жұмыстары жүргізіледі екен. Ол арқылы емхананың халыққа қызмет көрсету жұмысын толық деңгейде жүргізілуін бақылайтынын жеткізді.
Бұдан бөлек, медициналық қызмет көрсету сапасын басқару жүйесін жетілдіру мақсатында және емделушінің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін барлық медициналық ұйымдарда емделушіні қолдау және ішкі аудит қызметтері ұйымдастырылған және арнайы сенім телефоны құрылған. Емхананың арнайы сайты бар, егер медициналық қызметкерлердің қызмет көрсетуіне көңілі толмаған пациенттер сол жерде шағымдарын қалдырса мүмкіндігінше қысқа мерзім ішінде кемшіліктерді жойып, жұмыс сапасын арттыру жолында қызмет жасайтын болмақ. Сонымен қатар, емхананың барлық бөлімшелерінде жұмыс сапасына, оның ішінде бөлімшенің және әрбір дәрігердің жұмысына баға беруге мүмкіндік беретін QR код жүйесі қолданыста жұмыс жасайды екен.
Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілгеннен бері медициналық көмектің қолжетімділігі жақсаруда. Атап айтар болсақ, емдеу мекемелеріндегі барлық көмектер және қызметтер электронды түрде жүргізіледі. Барлығы айқын, ашық пациенттердің көз алдында жүргізілуде. Қазіргі таңда барлық емдеу мекемелерінде емдеуге жатқызу бюросы құрылған. Ауруханаға жатып емделу электронды түрде жату күні автоматты түрде белгіленеді, ауруханалардың бос орындарына сай «стационарды еркін таңдау» принципі бойынша емдеуге жатқызу бюросы қызметкерлері бос орындарды ұсынады соған сәйкес жатар күнді және емделетін мекемені таңдауға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасының барлық азаматтары басқа аймақтарға емделуге, соның ішінде ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтарға баруға, жоғары мамандандырылған көмек алуға, оның ішінде мамандандырылған медициналық көмек алуға мүмкіндік алатынын атап өтті емхана басшысы.
Халықтың қала көлемінде медициналық көмекке жүгіну барысын оңтайландыру мақсатында емханада қазіргі күнде электронды құжат айналымға ауыстырылған. Бұл өз кезегінде пациенттердің үйден шықпай дәрігер қабылдауына жазылу, дәрігерді үйге шақыру секілді қызметтерді алуына мүмкіндік берді. Қалада тұратын халықтың 100% электронды денсаулық паспорты жасақталған, яғни пациент бұрынғыдай медициналық құжаттамалар алып жүру қажеттілігі жоқ, тек жеке басын куәландыратын құжаты болса жеткілікті. Сонымен қатар, электронды түрде жазылуға мүмкіндік беретін «ДамуМед» мобильді қосымшасы пайдаланылуда. Қазіргі таңда емханаға тіркелген жалпы халықтың 20-60 жас арасындағы ересектердің 18230, яғни 44%, 5 жасқа дейінгі баласы бар 7530, яғни 65% тұрғын емханаға тіркелген, 1500-ге жуық жүкті әйелдер аталмыш мобильді қосымшаны пайдаланады. Сонымен қатар, қазіргі таңда емхананың барлық бөлімшелеріне келу – кетуді тіркейтін цифрлық құрылғы орнату жоспарлануда. Бұл өз кезегінде емхана қызметкерлерінің жұмыс уақытын қатаң бақылауға мүмкіндік береді. Қызметкерлердің жұмыс уақытында жұмыс орнында бар жоғын қашықтықтан бақылауға болатынын мәлім етті.
Қаламызда қазіргі таңда қалалық емханадан бөлек, қосымша 6 жекеменшік емхана халыққа қызмет көрсетеді. Бұл дегеніміз емханалар арасында бәсекелестікті арттырып, сапаның жақсаруына әкеледі. Осы орайда, барлық емханалар өз емханасының материалдық – техникалық базасын жақсартуға барынша тырысады. Осы орайда, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің үлесі көп болуда. Атап айтқанда, осыған дейін көптеген медициналық қызметтердің ақысын қарапайым халық өз қалтасынан төлеп келген болатын. 2020 жылдан бастап МӘМС жүйесінің енгілуінен бастап бұл шығындардың барлығын қор өз мойнына алған, яғни ендігі кезекте медициналық көмектің қолжетімділігі арта түсетінін жеткізді.
Орайы келгенде айта кеткен жөн. Қалалық емхананың тағы бір басты жетістігі ол – 2021 жылы Түркістан қалалық емханасы аккредитациядан өту арқылы ҚР ДСӘДМ 29.06.15 жылғы №533 бұйырығы талаптарына сай екендігін көрсетіп отыр. Бұл дегеніңіз, Денсаулық сақтау саласындағы сапа жөніндегі ұлттық аккредиттеу орталығы Түркістан қалалық емханасы АҚ-на 18.05.21-22.05.21 жылдар аралығында тексеру жүргізген. Сыртқы кешенді аудиттің қорытындысы бойынша қалалық емхана өзінің озық екенін дәлелдеді. Сонымен қатар, 2021 жылы медициналық ұйымдарды аккредиттеу нәтижелері бойынша Түркістан қалалық емханасына 1-ші санат берілгенін мақтанышпен айтуымыз керек.
Р.S. Иә, кешегі әлемді жайлаған короновирус індеті кезінде науқастарды емдеп, күн түн демей алдыңғы шептен көрінген осы ақ халатты абзал жандар болатын. Оларға қандай құрмет көрсетсекте жарасады. Демек, бұл мамандық иелерінің өмірлеріне тек жақсылық, шуақты күндер мен қуанышты сәттер тілейміз. Сіздердің ерен еңбектеріңіз күнделікті күйбең тіршілікте көзге көрінбейтіндей, елге еленбейтіндей болғанымен көпшіліктің риясыз алғысы, ризашылығы әрқашан сіздерге қуат береді. Қиындығы көп болғанымен, қайтарымы да, алғысы да мол еңбектеріңіз жемісті болып, емдік шараларыңыз шипалы болсын! Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілейміз. Мерекелеріңіз тағы да құтты болсын!
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.
