ҚАЛАНЫ КӨГАЛДАНДЫРУ БІР ЖЫЛДЫҢ ІСІ ЕМЕС

7  766 көрілім

Түркістан облыс орталығы болғалы қаламызда көгалдандыру жұмыстары қарқынды түрде дамып келеді. Қала аумағын жел эрозиясынан сақтап, экологиялық ахуалын тұрақтандыру және қолайлы климат қалыптастыру мақсатында көне шаһарды жасыл желекке айналдыру үшін түрлі жобалар жұмыс жасауда. Соның бірі 2019 жылы құрылған «Жасыл аймақ» жобасы болатын. Бүгінде қаламыздың гүлденіп, көркеюіне ерекше үлес қосып келе жатқан бұл бағдарламаның атқарған жұмыстарымен танысқан болатынбыз. «Жасыл аймақ» мемлекеттік мекемесінің директоры Абуталип Куламетовтан біршама ақпарат алысып, сіздердің назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

– «Жасыл аймақ» жобасы 2019 жылдан бері өз жұмысын тыңғылықты атқарып келе жатқан бірден-бір мекеме. 2020 жылы бізге бөлінген қаржы тек көшет егу үшін ғана бөлінген жоқ. Бізде «Жасыл аймақ» мемлекеттік мекемесінің штаты бар. Оның ішінде 450 қызметкер, 40-50 техникалық құрылғылармен жабдықталған. Сол техниканың жанармайы мен қызметкерлердің айлық жалақысы, ағаш егу, қопсыту, ұңғыма қазу жұмыстарын қоса есептегенде жалпы 3 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінген болатын, – дейді мекеме директоры.

2020 жылғы міндеттелген жұмыстар толықтай орындалып, қаржы игерілді. Ал биылғы жылы облыстық көлемде көшет егу сияқты жұмыстарға қаржы бөлінбеген. Тек қана «Жасыл аймақ» мемлекеттік мекемесінің штатына, сонымен қоса, 420 млн. теңге ұңғыма қазу жұмыстарына қарастырылған. Ұңғыма қазу жұмыстары отырғызылған ағаштарды суғару жұмыстарын жүргізу үшін қажет. Қаламыздың жазы ыстық, топырағы құрғақ, сондықтан экологиялық ахуалы көңіл көншітпейді. Көктем мезгілінде суландыру жүйесі Арыс-Түркістан каналы арқылы жүргізілсе, жаз мезгілінде арнайы қазылған ұңғымадан суғарылады.

– Қазіргі кезде «Жасыл аймақтың» жалпы аумағы сексеуіл ормандарын қоса есептегенде 13 495 га жетті. Қаржы мәселесіне келетін болсақ, «Казатомпром» мекемелерінің «орман жерлерін пайдаланған кезде өтемдік алқаптарды отырғызу» деген заң нормасы бар. Сол бойынша олар 2021 жылға қаржы бөлуі керек. Қазіргі таңда келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бірақ әлі нақты қаржы көлемі анықталған жоқ, – дейді Абуталип Куламетов.

Жақында ғана әлеуметтік желі қолданушысы Түркістан қаласына қарасты жерлерге мемлекеттен 6 млрд. теңге көшет отырғызу үшін бөлінгенін, көшеттер отырғызылғанымен қурап, суғарылмай тұрғандығын жариялаған болатын. Бұл мәселе бойынша:

– Түркістан қаласы айналасында «Жасыл белдеу» құру жұмыстары бойынша Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылық мекемелері және «Жасыл аймақ» мекемесі 187 га жерге көшет отырғызу, суару және күтіп баптау жұмыстарын атқарып жатыр. Видеода аталған 6 млрд. теңгенің бір тиыны да бізге бөлінген жоқ. Біз көшеттерді өзіміздің питомниктерден алып отырғызып шықтық. Суландыру үшін арнайы 5 ұңғыма қазылған. Қазіргі таңда отырғызылған көшеттердің 65-70 % көгеріп тұр, алайда 2020 жыл күз мезгілінде, 2021 жылы ерте көктем айларында отырғызылған ағаш көшеттерінің өсу процесі төмен. Себебі ағаш көшеттерін бір жерден екінші бір жерге көшіріп отырғызған кезде (ашық тамырмен) олар депрессияға ұшырап, адаптациялық процесс төмен дәрежеде жүреді. Қазіргі таңда осы отырғызылған көшеттерді көгертіп, аман алып қалу бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Алдағы уақытта бұл көшеттер көгереді деген сенімдеміз, күзде көгермеген көшеттердің орнына қайтадан басқа көшеттер отырғызатын боламыз, – деді Абуталип Куламетов.

Газетіміздің 2018 жылғы санында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң биология ғылымдарының докторы Құлахмет Байжігітов қаламызды көгалдандыру-дағы бірқатар мәселелерді атап айтқан болатын. Осы орайда сол мәселерді тағы да назарларыңызға ұсына кеткенді жөн көрдік.

– Бұрындары Сырдария өзенi өз деңгейiнен тасыған кезде үлкен орман-тоғай пайда болуына себепшi болған. Бұл Түркiстанды Қызылқұмның ыстық желiнен сақтау қызметiн атқарып келген. Ал бұл күндерi орман-тоғайымыз сиреп, қалаға ыстық керiмсал жел соғып, әсiресе шiлiңгiр шiлдеде ауа температурасы 45-50 градусқа дейiн көтерiлуiне әкеп соғуда. Ал Қаратау Түркiстанды – солтүстiктiң суық желiнен сақтап тұрған. Мiне, бiз алдымен Түркiстанның климатын әбден зерттеуден өткiзiп алып, одан кейін су мәселесiн ретке қойып алуымыз қажет. Түркiстан үлкен су көзiнiң үстiнде орналасқан. Алматыдағы гидрогеологиялық институттың зерттеу жұмыстары нәтижесiнде Түркiстанның жер астында 850-1000 метр тереңдiкте көл бар. Осындай жер асты байлығымызды тиiмдi пайдалана алсақ, секундына 25 литр су шығады. Қаланы көгалдандыру үшін экологиялық ахуалға орайласқан өсiмдiктер ассортименттерi көрсетiлген карталар жасалғаны дұрыс. Көшеге ағаш ектiк, iс бiттi десек қателесемiз. Оны егуден алдын қаланың ауа райына сай келетiн өсiмдiк түрiн таңдап алуымыз керек. Өсiмдiктер интродукциясының (интродукция – белгiлi бiр аймаққа бұдан бұрын кездеспеген өсiмдiк түрлерiн, сорттарын жерсiндiру) экологиялық негiздерi арқылы әбден зерттеуден өткен болуы керек.

Қаламызды жасыл аймаққа айналдыруды әрбір отырғызылған ағаштың түбіне жауап бере алатын осындай білікті мамандарға тапсырсақ, бүгінде қаламыздың аумағы жасыл желекке көмкеріліп, климатына да біраз әсерін берер ме еді деген ой түдік.

Сонымен қатар, киелі шаһарға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев іс-сапармен келген болатын. Осыған орай әлеуметтік желілерде бірнеше видеолар тарады. Соның бірі – «газон беттерін жасыл бояумен бояп жатыр» деген бейнежазба. Халықтың талқысына түскен бұл бейнежазбаға әркім өзінше пікір білдіріп жатты. Бірер апта бұрын бөлім басшылары қала әкімі Рашид Аюповтың қатысуымен 1 тоқсан бойынша халық алдында тікелей эфирде есеп берген болатын. Сол жиында шаһар басшысы бұл мәселені түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, бөлім басшыларына осындай жайсыз жағдайлар туындағанда ішкі саясат бөлімінің басқаруымен БАҚ өкілдерін жинап, міндетті түрде халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырған еді.

– Өздеріңізге белгілі, Елбасы іс-сапармен келген тұста әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалар халықтың талқысына түсіп, біраз дау туғызды. Неге біз мәселені толықтай білмей жатып, негатив нәрсені таратуға тырысамыз?

Негізінен газондар ауырып, не болмаса бір жерде шығып, бір жерде шықпай ала болып, сарғайып жатады. Ол дегеніміз газонның ауырып жатқандығынан немесе жерсінбеуінен болады. Осы кезде сол газонның толықтай өсіп кетуі үшін дәрілер себіледі, – деген еді.

Өзімізге тікелей хабарласпаса да, бұл мәселенің жай-жапсарын анықтау үшін бөлім басшысына арнайы сауал тастадық.

– Гидропроцесс кезінде газонның ұрығын суға араластырып себеді. Оның ішіне әртүрлі дәрі-дәрмектер мен минералды сұйықтықтар болғандықтан түсі жасыл көк емес, аспан көкке жақын түс болады. Соның нәтижесінде газонның ұрығы 3-4 күннің ішінде өніп, өсіп-шығуы да жылдамдайды. Міне, осы нәрсе гидропроцесс деп аталады. Біз басшылық тексереді деп жұмыс жасап жатқан жоқпыз. Барлығы халық игілігі үшін, қаланың тазалығы мен көгалдануы үшін жасалынып жатқан дүние. Бұл дәрілер бұған дейін де себілген, алдағы уақытта да қолдануды қажет етуі мүмкін, – деп жауап берді «Жасыл аймақ» мемлекеттік мекемесінің директоры.

P.S. Киелі шаһардың көрінісі күн санап көркейіп келеді. Түрлі саябақтар мен аллеялар ел игілігі үшін салынып жатыр. Қаламызды көгалдандыру да халық үшін жасалынып жатқан дүние. 2-3 жыл көлемінде біршама өзгерістер болғаны анық. Десе де кемшіліксіз деп айта алмаймыз. Қала аумағын жасыл желекке көмкеру – қоршаған ортаны қорғаудың тиімді жолы болып саналады. Сондықтан шаһарымызды айналдыра қоршай ағаш егіп, экологиялық мәдениетті қалыптастыру – басты мәселе. Қаланы көгалдандыру үшін климаты мен жерасты суының жағдайын ескеру керек-ақ. Бір тал ексек те оның жауапкершілігін сезіну маңызды. Табиғат сыйлаған байлықты күтіп-баптау, қорғау және өсімін молайту үшін тек мекемелер ғана емес әрбір тұрғын атсалысса бүгінгі еңбек ақталып, экологиялық ахуал жақсармақ.

Мөлдір ХАЛИЛАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы