Түркістан қаласы – Қазақстанның көп ғасырлық тарихы бар ең ежелгі қалаларының бірі. Ұлы Жібек жолындағы ежелгі керуен бағдарында қолайлы географиялық орналасуы, сондай-ақ діндар адамдардың ұлы суфизм ақыны және уағызшы Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіне зиярат етуге баруы оның дамуы мен қызу сауда-саттыққа септігін тигізді. Түркістан қаласы Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінің тарихи, мәдени, рухани және туристік өмірінде маңызды рөл атқарады. Түркістанның өсіп-өркендеуі тек Қазақстанның мәртебесін көтеріп, әлемдік қоғамдастық алдындағы беделін биіктетіп қана қоймай, күллі түркі дүниесінің абыройын асырары анық.
Облыс орталығы киелі қалаға көшкен соң Елбасы баяғы бабалар үлгісімен «Көне Түркістан жаңа Қазақстанның шырайлы шаһарына айналады» деген сөздерді тасқа қашап жаздырып еді. Сол көреген болжамның қазірдің өзінде жүзеге асып, ақиқатқа айнала бастағанына барша халық куә.
Қаншама ғасырлардың тереңінен тамыр тартқан Түркістан әрбір атқан күннен үміт күтіп, әр таңды жаңа жоспарлармен қарсы алады. Оның келешегі кемел, ертеңі еңселі болатынына біз кәміл сенеміз, өйткені қастерлі қаланы жарқын болашаққа бастаған бүгінгі ұланғайыр өзгерістердің басында Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі тұр.
Ту-Бегі АБЫЛАЙ.
