САЯХАТШЫЛАРҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕТІН БІРЕГЕЙ НЫСАН

1  704 көрілім

Ер түріктің алтын бесігі саналатын Түркістан шаһары облыс орталығына айналғанына міне 3 жыл толды. Түркістан шаһары – қаймағы бұзылмаған қазақтың қарашаңырағы, берекесі ұйыған киелі мекен, еліміздегі ұлттық болмысымыздың, рухани қазынамыздың орталығы. Ендеше біз сол тәбәрік шаһардың Халықаралық деңгейдегі туризм орталығы болуына жұдырық болып жұмылып, ел болып ерен күш салсақ, туристер қатары арта түсетіні белгілі. Бұл өз кезегінде еліміз бен жаңа қаламыздың экономикалық-әлеуметтік дамуының теңдессіз, тамаша үлгісі болмақ.

Бас-аяғы үш жылдың ішінде көне шаһар жаңарған, түрленген Түркістанға айналып шыға келді. Бір ғана мысал, Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру және туристерді тарту мақсатында Қ.А.Ясауи кесенесінің айналасында ашық аспан астындағы мұражай, амфитеатр және мәдени демалыс орындарының қызмет көрсетуі туристердің көптеп келуіне тура жол ашқандай. Мұның бәрі жер жүзіне әмір еткен Әмір Темірдің табаны тиген тағдырлы жерде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің мәңгілікке орын тебуімен тікелей байланыстыра аламыз.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Түркістан облысының орталығында салынған көрікті де әсем нысандар кез-келген саяхатшыны өзіне тәнті етуде. Сондай нысандардың бірі – Түркістанға келген саяхатшылар мен зияратшыларға қолайлы да қонымды қызмет көрсететін Визит орталығы. (Ел арасында қабылдау орталығы, сапар орталығы деп те аталып жүр. Мақалада ресми атауымен Визит орталығы деп жазуды жөн көрдік). Өткен жылдың қаңтар айынан жұмысын бастаған Визит орталығы Жамбыл облысының Түркістанға тартуы болып табылады. Жалпы аумағы 2092 шаршы метр аумақта орналасқан орталық 2020 жылдың наурыз айынан бастап туристер қабылдады.

Туризм – Түркістан облысын дамыту мен оған инвестиция тартудың басты және маңызды бағыттарының бірі екені сөзсіз. Түркістанға 2019 жылы 1,5 млн. турист келген болса, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 5 миллионға жетеді деп күтілуде. Визит орталығын құрудың бастапқы идеясы – келушілерге қала туралы ақпарат беру болып табылады. Осылайша қала қонақтары қандай тарихи және көрнекті орындарға баруға болатынын біле алады. Визит орталығының ғимаратына кіре отырып, турист танысудың жеке нұсқасын таңдай алатын ақпараттық ресепшнды байқай аламыз. Бұл кезеңде келуші нұсқаулық, егер қажет болса гид таңдайды. Әрі қарай туристке қажетті ақпараттар беріледі. Көрнекті жерді таңдағаннан кейін саяхатшыларға пайдалануға бірқатар қызметтер ұсынылады.

Визит орталығының басты мақсаты – мұнда келген қонақтарға ресепшн бөлімінен Түркістандағы барлық туристік қызмет жайлы ақпаратты ұсыну. Бұл – коммерциялық нысаны бар қаламыздағы негізгі көрікті жерлерге, ескерткіштерге, музейлерге, саябақтар мен қонақ үйлерге, ресторан, кафелерге білікті кеңес беретін туристік ақпараттық орталық. Бұдан бөлек, коммуникация, мәдени ақпарат және шығармашылық инновация, сондай-ақ тарихпен өзара байланысын орнату орталығы болып табылады. Қала тұрғындары мен қонақтарына Визит орталығының ұсынатын бірнеше қызметі бар. Атап айтсақ:

Мультимедия залы – Түркістан қаласы жайлы видеороликтер мен қысқаметражды фильмдерді көрсету. Сонымен қатар, онлайн кездесулер, тұсаукесерлер өткізуге болады.

Коворкинг аймағы – кез-келген қонаққа жайлы атмосферада өзіне уақытша немесе тұрақты жұмыс жасауға болатын кеңістік. Мұнда ыңғайлы дивандарда демалуға, ұялы телефонын қуаттандыруға немесе өзара әңгімелесіп болашақ турларға жоспар құруға болады.

Қазақ хандығы залы – 3 функционалды бөлімнен тұрады. Қазіргі бөлім, ежелгі бөлім, фотозона аймағы. Қазақ хандығы залы Отырар музейінен келген жәдігерлермен толықтырылған. Сондай-ақ, қазақ хандығы залының тағы бір қонақтарға ұсынатын ауқымды жобасы – ол қаланың рухани-мәдени орталығының макеті. Макетте рухани-мәдени орталық пен «Керуен Сарай» ойын сауық кешенінің бірнеше есе кішірейтілген макеті орналасқан. Келген қонақтарымыз қай жерде тұрғандарын, қайда серуендеуге болатынын жоспарлай алады.

Кітапхана – Қазақстан, алыс жақын шетелдердің жазушыларымен ақындарының шығармашылығын оқып отырып демалуға болатын жер. Және де сапар орталығының қонақтары Шығыс бағында субұрқақтың салқын самалымен демала алады. Шығыс бағында жергілікті қолөнер шеберлерінің бұйымдарымен таныса алады. Сондай-ақ қолөнер шеберлері арнайы күндері мастер класстар өткізеді.

Ақерке Алипова, Визит орталығының баспасөз хатшысы: – Бүгінгі таңда орталықтың негізгі қызметі қонақтарға ақпарат берумен шектелетін болса, алдағы уақытта орталықта бірыңғай билеттендіру жүйесін орнату жоспарлануда. Яғни, турист «Sity Pass» пластикалық картасы арқылы қаламыздағы тарихи-мәдени және жаңадан ашылған музейлерді, ескерткіштерді сол картаны қолданып тамашалай алады. Сондай-ақ, орталықта кәдесый дүкендері, шығыс бағы және «Global Coffee» және «Coffee Bomm» кофейнялары бар. Орталықтың тағы бір қызметі, ол – қонақтар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың ыңғайлы қозғалысы үшін 30-дан аса электрокарлар қызмет көрсетеді.

Бүгінгі таңда орталықта бірнеше кәдесый дүкендері жұмыс жасайды. Келген қонақтардың назарын бірден өзіне баурайтын «Сақ» дүкенінен отандық ұлттық құндылықтарымыз бен жергілікті қолөнер шеберлерінің жасаған бұйымдарын табуға болады. Осы дүкеннің иесі, коллекционер Дана Бектаевны сұхбатқа тартқанымызда:

– Мектепте оқып жүрген шағымда әжем кілем тоқуды үйреткен. Ата-анамның қалауымен медицина саласына оқуға түскенім болмаса, бұл саланы одан әрі қарай көңілім қаламады. Одан әрі тұла бойымдағы өнерге бет бұрып, бүгінде жеке коллекциямда 500-ден астам кілем мен алаша бар. Әр кілем қайталанбас әсер сыйлайды, тарихтан сыр шертеді, беттеріндегі сан алуан өрнектің тілі тым күрделі дүние. Миллионды қалада, яғни Шымкентте туылып, бүгінде қасиетті қалада жұмысымды жалғастырып отырмын. Мақсатым – қазақтың өнері өшпесе деймін. Алдағы уақытта осыншама мұраларды сақтайтын музей ашып, сонда жинақтасақ деген ойдамын.

Визит орталығының бүгінгі қызметі мен тынысы осындай. Түркі әлемінің бесігі саналатын қасиетті Түркістанның өркендеуіне үлес қосу, ұлы даламыз туристердің құтты мекеніне айналдыру жолында біз мақаламызға негіз еткен Визит орталығы сапалы қызметімен үлес қосарына сеніміміз мол.

Райымжан ӘЛІБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы