ЖАРАЙСЫН, СӘУЛЕТ!

1  556 көрілім

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Паралимпиадалық комитеті және Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен  маусым айының 3-5 жұлдызы аралығында Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында жастар арасында пара жүзуден ел біріншілігі өтті. Чемпионатқа Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары, Ақмола, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарынан 45-жуық спортшылар қатысты. Чемпионатқа  Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының «Орталық су-спорт кешенінің» спортшысы, суда жузумен айналысқанына небәрі 3 ай болған Сәулет Рахманберді қаламыздың намысын абыроймен қорғады. Атап айтсақ, 50 метр қашықтықта шалқалап жүзу әдісі бойынша 2-ші орынды, 100 метр қашықтықта еркін жүзу әдісі бойынша 3-ші орынды иеленді. Осы ретте қаламыздағы №21 жалпы орта мектебінің оқушысы Сәулетті жеткен жетістігімен құттықтай отырып, сұхбатқа тартқан едік:

-Ең әуелі мені осы спортқа баулыған ата-анама, «Орталық су-спорт кешені» директоры Ғалымжан Худияровқа, жүзу спортының қыр-сырын үйретіп жүрген бапкерім Нұрлыхан Көшербаевқа үлкен рахметімді айтамын. Еңбек етсең, жалықпай жаттықсаң, ерінбей тер төксең әрқашан алар асуын биік болады. Алда жоспарларым көп. Биыл қараша айында Бахрейн елінде өтетін Азия чемпионатына бару үмітім бар. Тараздық пара жүзуден Зульфия Габидуллина сияқты бірнеше әлемдік рейтингтер бойынша ғаламшардың ең мықты жүзгіштер қатарында болу арманым бар. Құдай бұйыртса, сол күндерге бірге жетейік,-дейді қуанышымен бөліскен Сәулет Рахманберді.

Өз кезегінде біз де Сәулеттің алдағы жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп, әлемдік додаларда көк туымызды жоғарыда желбіретуіне тілектеспіз. Жарайсын, Сәулет!

Райымжан ӘЛІБАЕВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары