ЕЛБАСЫ КИГЕН КОСТЮМ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАСАЛАДЫ

1  624 көрілім

Түркістан облысы халық саны, мал, ауыл шаруашылығымен ғана емес кәсіпті дөңгелетіп, «Түркістанда жасалған» дүниелерді жан-жаққа танытумен де алда тұр. Бұған кеше Түркістан қаласындағы Есім хан алаңында өткен Түркістан облысының «Түркістан өнімдері-2019» үздік тауарларының көрме-жәрмеңкесінде көз жеткіздік. Мұнда келіп, қажетті заттарын, тағамдарын сатып алып жатқан қала тұрғындары да ауыз толтырып айтарлықтай көп болды. Жергілікті тауар өндірушілерді қолдап, бағыт-бағдар беруді көздеген іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев, Түркістан облыстық «Атамекен» Ұлттық кəсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Абсаттаров, өңірлік кеңес төрағасы Қайнар Абасов және еліміздің түрлі өңірлеріндегі кәсіпкерлер қатысты.


Естеріңізде болса, осыдан үш жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаев отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде «Қазақстанда жасалған» дүниелерді қолдануды, атын жарқыратып беруді және бұл өнімдер ешбір шетелдік фирмалардан кем еместігін баса айтып өткен болатын. Осы тұста өзі киген костюмнің, аяқ киімнің отандық екенін айтып, көрсетіп, өзгелерге үлгі болған еді. Ал, сол Елбасы киген киімді жасайтын тігін фабрикасы Түркістан облысының дүниесі екенін білесіз бе? Аталмыш фабрика кешегі өткен көрме-жәрмеңкеде төбе көрсетіп, киімдерін ұсынды. Балжан Қалмұратова басшылық ететін «Altyn adam» тігін фабрикасының ашылғанына 6 жылға жуықтаған. 200 адамды жұмыспен қамтып отырған цех Шымкент қаласындағы мектептердің 50 пайызын өз киімдерімен қамтып отыр. Сайрам ауданынан шығатын өнім еліміздің барлық қалаларына, сондай-ақ, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттеріне де экспортталады. Ал, тігуге қажетті материалдар Түркия мен Қытайдан алынады.


Ал, Сарыағаш ауданының тұрғыны, жас кәсіпкер Надир Ярмагамбетов «WoodWork Nadir» атты кәсібін 2017 жылы бастаған. Бірнеше қабатты құрастырма жасап, балалардың қуанышын арттыруға септігін тигізуде. Ағаштан және ешқандай артық қоспасыз жасалған дүниенің еш зияны жоқ екенін де баса айтты. Сатылымы да жаман емес, тіпті кейде жасап үлгере алмайтын кездері де болатынын жасырмады. Бұл ойын арқылы балалар ой жүйесін дамытуға ықпал ете алады. Өздеріңіз білесіздер, Елбасы Н.Назарбаевтың Түркістанды облыс орталығы етіп бекіткеніне бір жылдан асты. Бұл уақытта қаншама істер атқарылды. Сондай маңызды бастамаларда жүрген жандардың бірі – кəсіпкерлер. Кəсіпкерлердің қосқан үлесі зор. Сондықтан, бұл конкурсқа қатысушылардың барлығы жеңімпаз. Бүгін 100-ден астам компанияның өнімін көрдік. Əрбірінің нарықта алар орны бар, – деген лебізін білдірді облыс əкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев.
Көрме-жәрмеңкеде аймақта өндірілген жүздеген азық-түлік, фармацевтика, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары ұсынылып, 100-ден астам өндірушілер (олардың 80-нен астамы өңірлерден) болды. Айта кетерлігі «ЖК «Хываева» (киімдер), «ЖШС «Қуаныш-Керемет» (Минералды су) «Marai E7 Group» ЖШС (медициналық заттар), «Тағай Ата» ЖШС (Кальцийленген тұз өндірісі), «Uly dala gurty» ЖК (құрт тағамы) және басқа да компаниялар алғаш рет қатысып отыр.
Сонымен бірге, іс-шара «Қазақстанның үздік тауары» атты байқау-көрмесімен жалғасты. Байқауға «Dala-fruit.kz», «Балмұздақ», «Grand Miks», «Нұр-Строй ЛТД», «Зерде керамика», «Bai & R Group», «Софи» ЖК, «Asia Brend» ЖК, «Статус Эверест» ЖШС және тағы да басқа танымал отандық тауар өндірушілері мен кәсібін жаңа бастаған кәсіпорындар қатысты.


Кездесуде ірі компаниялар ғана емес, шағын және орта бизнес өкілдері де өздерінің өнімдерін көпшілікке ұсынды. Көрмеде «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша сапа мен бәсекеге қабілетті үздіктер іріктелді. Сонымен қатар, аймақтық номинациялар мен ең үздік компанияларды таңдалынды. Нақты айтсақ, «Әлеуметтік жауапты бизнес», «Ең үздік инновациялық жоба», «Үздік тауарлық қаптама», «Жыл бренді», «Белсенді кәсіпкер» және «Ең үздік әйел жұмыс беруші» номинациясы бойынша да әйелдер бизнесіне қолдау көрсетілді.
Шара шеңберінде «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық көрмесінің жеңімпаздары марапатталып, олар Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесіне қатысу құқығын алып, көрмеге келушілер үшін лотерея ұтысы мен концерттік бағдарлама ұсынылды.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы