ЕР ЕСІМІ КІТАП БЕТІНДЕ

2  199 көрілім

Түркістандық 4 Ұлы Отан соғысы Батырының бірі – Расул Исетовке арналған кітап Жеңіс мерекесі қарсаңында баспадан шықты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов тағы басқа көптеген зиялы қауым өкілдерінің пікірі жазылған жинақ жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, олардың бойына ұлттық қасиет пен елдік руһты сіңіруге бағытталған.

Ұлы  Жеңістің  76  жылдығына  орай, Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Оралбайұлы Әбсеметов «Кеңес Одағының Батыры түркістандық Расул Исетов» атты кітаптың көлемі, маңызы, мазмұны мен полиграфиялық сапасына жоғары баға беріп, алдағы уақытта баспадан тағы шығару мәселесін ұсынды.

9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні Кеңес Одағының Батыры Расул Исетовтің перзенттері – тұңғыш ұлы, зейнеткер-ұстаз Атажан Расулұлы, кітаптың бас демеушісі, кәсіпкер – Алымжан Расулұлы, сондай-ақ, қыздары, немерелер мен бірге астанадан келген ғалым Марат Әбсеметов Батырға орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, Құран бағыштады. 76 жыл бұрын адамзат баласы армандаған тыныштық елшісі – жеңіс туы желбіреді. Соғыс, қайғы мен қасірет, қан төгіс енді қайталанбасын деген ниет әрбір бейбіт өмір иелерінің жүрегінде қалыптасқан. Қонақтар, әсіресе елордадан келген ғалым Кеңес Одағының Батыры Расул Исетов атындағы №20 жалпы орта мектебінің ауласы, ескерткіш орнатылған алаң маңында егілген шырша ағаштарының күтіп-бапталуына ерекше мән беріп, алғысын білдірді. Мектептің республика көлемінде көгалдандыру бағытында көшбасшы болғаны тектен тек емес. Мұндай ізгі істер мектептің бұрынғы директоры Ергеш Диметов пен қазіргі директоры Нұрбол Дүйсебектердің жоғары ұйымдастырушылық жұмыстарының жемісі деп білеміз.

– Карантин шектеулеріне орай, кітаптың баспадан шығуы біршама кешікті, бірақ мазмұны, полиграфиялық сапасы өте жоғары болды. Әкеміз 2009 жылы өмірден озды. Отбасымыздың игі бастамасымен «Қаракөз» зиратына мәрмәр тастан мемориал кешен құрдық, әкеміздің аты берілген мектепке ескерткіш орнаттық, құнды кітапты баспадан шығардық. Алдағы жылдары 100 жылдығына дайындық жұмыстарын жүргізетін боламыз,-дейді кәсіпкер Алымжан Расулұлы.

Райымжан ӘЛІБАЕВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы