«GRAND MIKS» – ӨНДІРІСІ ӨРКЕНДЕГЕН ЖЕТЕКШІ КӘСІПОРЫН

1  122 көрілім

Өткен жылдың соңында «Grand Miks» жиһаз фабрикасы «Халыққа арналған тауар шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Алтын сапа» сыйлығын иеленіп, осы салада өзінің 20 жылдан аса еткен еңбегінің жемісін көрді. Бүгінгі күні зауыт Қазақстан Республикасындағы ірі өндіруші, ал «Grand Miks» атауы халықаралық трендтерді қолдайтын жиһаз өндірісі саласында брендке айналып үлгерді.

Өз жұмысын Бірлік ауылындағы шағын цехта бастаған кәсіпорын бүгінде республика көлемінде кез-келген жиһаз өнідірісімен айналысатын кәсіпорындармен бәсекелесе алатын дәрежеге жетті. 2015 жылы қаламыздағы индустриалды аймақтан 1 гектар жер алып, 2016 жылдың қазан айында 6 мың шаршы метрлік сақтау орны мен 2 мың шаршы метрден астам өндірістік цехын іске қосты. Ал, бүгінде 4,8 гектарда орналасқан өндірістің өрісі кеңейді. Алдағы уақытта мұнда жаңадан 8 цех салу жоспарда бар. Биыл 5 мың шаршы метрлік 3 цех жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұл цехтар толық іске қосылған жағдайда 300-350 ге жуық жергілікті азаматтар жұмыспен қамтылатын болады. Сондай-ақ, бүгінгі таңда жиһаз фабрикасының 2 қабатты әкімшілік ғимаратының құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

– Қасиетті Рамазан айының құрметіне бүгінгі таңда жұмысшыларымыз таңғы сағат 6.00-ден түскі сағат 12.00-ге дейін жұмыс жасап жатыр. Бүкіл әлем экономикасына кері әсерін тигізген індет біздің өндірісімізге де айтарлықтай зиянын тигізді. Атап айтсақ, Ресей мен Белоруссиядан келетін ДСП, ЛДСП, МДФ сияқты шикізаттарды алу 20-25 пайызға кеміді. Есесіне жұмыс көлемі де азайды. Соған қарамастан жұмысшыларымызға жағдай жасап, ауысыммен жұмыс істеуіне мүмкіндік қарастырудамыз. Өйткені, әрбір жұмысшы өз отбасын асырап отырғанын басты назарда ұстадық,-дейді жиһаз фабрикасы директорының орынбасары Камалжан Юлдашев.

Бүгінгі таңда «Grand Miks» жиһаз фабрикасының өнімдері тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие. Қазір жиһаз фабрикасы жиһаздың 200-ден астам түрін жасап шығарады. Бүгінде кәсіпорында 154 адам жұмыс жасап, сапаны арттыру бағытында шетелдік компаниялармен тәжірибе алмасып келеді. Нәтижесінде ізденіс пен жаңашылдық сапалы өнім көлемінің артуына сеп болуда.

«Спорт – денсаулық кепілі» демекші, жұмыстан бір сәт көңіл көтеріп, жасыл алаңда жарыс өткізуде, әдетке айналдарған зауыт әкімшілігі биыл да Наурыз мерекесі қарсаңында дәстүрінен жаңылған жоқ. Қомақты қаржылай сыйақыға ие болған зауыт шеберлері осындай спорттық іс-шаралардан кейін көңілі марқайып, жаңаша қарқынмен жұмыс жасап, өнімінің артуына өз үлестерін қосады. Бұдан басқа, өндіріс орны есебінен қызметкерлердің курорттық емделуге жіберілуі денсаулықтарының жақсаруына сеп болып отырғанын ерекше атап өткеніміз жөн.

«Grand Miks» жиһаз фабрикасы әрқашан тұтынушының мүддесіне және оның қажет-тілігін зерттеп, санға емес, сапаға айрықша көңіл бөліп келеді. Сондықтан кәсіпорын-дағы басқару жүйесі үздіксіз дамып, өнім көлемі де жылдан жылға артып келеді.

Райымжан ӘЛІБАЕВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы