- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Ардақты ардагерлер мен тыл еңбеккерлері! Құрметті түркістандықтар!
Сіздерді бүкіл адамзат қауымына аса қымбат мереке 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы Жеңіс – аға ұрпақтың ерлігін мәңгілік ел есінде сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Баршамыз үшін бұл күннің орны да, орайы да бөлек.
Сұрапыл соғыстың соқпағынан өтіп, Отан деп от пен суға түсіп, кең байтақ жерді қорғаған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерліктің ерен үлгісін танытып, бүгінгі бейбіт күн үшін жасаған өлшеусіз ерліктері мәңгі ұмытылмайды. Бұл Жеңіс – бүкіл соғысқа қатысушылар және тыл еңбеккерлерінің қажымас қайраты мен қайсар рухының жеңісі.
Міне, содан бері талай ұрпақ жаңғырып, заман жаңарды. Әйтсе де, сол бір сұм соғыс салған өшпес із әлі күнге дейін жүрегімізді сыздатады, жанымызды жабырқатады… Қасірет пен қайғысы ел қабырғасын қайыстырып, еңсесін езгілеген бұл соғыс жайлы айтып та, жазып та тауыса алмаспыз. Егемен елі барда ерлер есімі ешқашан да өшпейді.
Қай кезде де Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ардагерлердің мұң-мұқтажын назардан тыс қалдырған емес. Облыс орталығы Түркістан қаласында да ардагерлердің есімдері мен ерліктерін ел жадында қалдыру мақсатында көптеген игі тірліктер атқарылуда.
Отты жылдары жерлестеріміз Абдолла Үсенов, Құрбанбай Ырысбеков, Файзулла Юлдашев, Расул Есетов Кеңес Одағының Батыры атанды. Ел басына күн туған сұрапыл жылдары Отан үшін отқа түсіп, кеуделерін оққа тосқан отандастарымыздың есімдері мен ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Біз оларды әрдайым ардақтап, мақтан етеміз.
«Отан үшін күрес, елге тиген үлес» дейді дана халқымыз. Отанға деген махаббат, жеңіске деген құштарлық пен қуатты рух, достық пен ынтымақ – Ұлы Жеңістің негізі болды. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жасаған ерлігі ешқашан өшпейді. Ол ұрпақтар есінде мәңгі сақталады.
Осынау, Ұлы жеңіс күні жас ұрпағымызға жарқын болашақ, еліміз бен жерімізге бейбіт өмір тілеймін.
Гүлсара ТОҚҚҰЛОВА,
Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі төрайымының орынбасары.