ҰОС АРДАГЕРЛЕРІНЕ 1 000 000 ТЕҢГЕДЕН БЕРІЛДІ

1  212 көрілім

ХХ ғасырдың зұлматы талай жанның өмірін қиған, әр отбасына қайғы-қасірет әкелген Ұлы Отан соғысының құрбандары мәңгі есте қалады. Еліміздегі карантиндік шектеулерге сәйкес, бұл күнді екінші жыл қатарынан еліміз тиісті дәрежеде атап өте алмай отыр. Соған қарамастан, ардагерлер құрмет-қошеметтен кенде қалмайтынын атап өтпекпіз. Бейбіт өмірге жетіп, елге аман-есен оралған соғыс ардагерлерінің саны күннен-күнге азайып барады. Биылғы жылы қаламызда Ұлы Жеңістің 76-ші көктемін 4 ардагер қарсы алғалы отыр.

Елі мен жері үшін қан майданда қасық қаны қалғанша шайқасқан даңқты жауынгерлерге биыл қандай көмек көрсетіледі? Осы сауалға орай, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен алынған мәліметтер бойынша қазіргі таңда қаламызда 4 ҰОС ардагері, 531 тыл еңбек ардагері, 21 қайтыс болған Ұлы Отан соғысы мүгедегінің әйелдері, 344 Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілгендер бар.

– «Түркістан қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекеленген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» Түркістан қалалық мәслихатының 2021 жылғы 9 наурыздағы №4/1-VІІ шешіміне сәйкес: «1941–1945 жылдардағы ҰОС-дағы Жеңістің 76 жылдығына» төмендегі санаттарға жергілікті бюджеттен біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Атап айтқанда: Ұлы Отан соғысына қатысқан 4 ардагерге 1000000 теңгеден, қайтыс болған ҰОСМ әйелдеріне (21 адамға) 30000 теңгеден, 531 тыл еңбеккерлеріне 30000 теңгеден, шоттарына төлем (27.04.2021 жылы) жүргізілді. Сондай-ақ, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай, 344 Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілгендерге 72 925 теңгеден берілді, -дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Н.Бурибаева.

Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысына қатысқан 4 соғыс ардагер қала әкімінің құттықтау хатымен марапатталып, оларға бағалы сыйлықтар тапсырылды. Отан үшін кеудесін оққа тосқан ардагерлерге қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Мереке қарсаңында жергілікті билік өкілдері ардагерлердің үйін аралап қарттарға құрмет көрсетті. Ардагерлердің кешегі жылдардағы ерлігін жастарға үлгі етіп, қандай жағдай болса да Отан деген ұлы ұғым екенін түсіндіру біздің парызымыз болмақ.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы