Түркістан қаласының әкімі Р.Аюповтың төрағалығымен өткен апталық мәжілісте күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Атап айтсақ, Түркістан қаласындағы коронавирус инфекциясы жағдайын қадағалау бойынша мобильдік топтардың атқарған жұмыстары, 7-9 мамыр мерекелік іс-шараларға әзірлік барысы, облыс және қала әкімдерінің хаттамалық тапсырмаларының орындалуы туралы мәселелері тыңдалды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша қала әкімінің кеңесшісі Қ.Сарманов баяндама жасады. Баяндамашының мәлімдеуінше қала аумағында коронавирустық инфекцияның профилактикалық шараларын күшейту мақсатында қала әкімінің 2021 жылғы 16 сәуірдегі №37-ө өкіміне сәйкес, Түркістан қаласында 6 мобилді топтың құрамы қайта бекітілген. Аталған мобилдік топ мүшелері қаланың 5 мөлтек ауданында («Бекзат», «Шавгар», «Сауран», «Отырар», «Яссы») эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру, коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық деңгейін төмендету және оның қала тұрғындары арасында таралуын болдырмау бағытында жұмыстар жүргізген. Атап өтетін болсақ, күнделікті мобилдік топтың рейдтік тексеру жүргізу барысында 2021 жылдың 4 мамырға дейінгі мәлімет бойынша жалпы аралаған нысандар – 4071 құрап, оларға 318 хаттама толтырылып, ҚР ӘҚБК 425 бабының 1 – тармақшасы бойынша – 318 айыппұл салынған. Оның ішінде жеке тұлға – 312, жеке кәсіпкер – 4, лауазымды тұлға – 1, заңды тұлға – 1 құраған. Сонымен қатар, қала әкімінің кеңесшісі Қ.Сарманов алдағы уақытта қала көлемінің ұлғаюына байланысты мобильдік топты 10-ға жеткізуге ұсыныс білдірді.
Ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Букебаев алдағы 7-9 мамыр мерекелік іс-шараларға әзірлік барысы туралы баяндап өтті. Алдағы мерекелік шаралар еліміздегі пандемияға байланысты барлық сақтық талаптарын сақтай отырып, мектептерде және кітапханаларда іс-шаралар онлайн форматында өткізілмек. Ал, Ұлы Жеңістің 76 жылдығы бойынша орталық Жеңіс саябағында қала әкімі мен мәслихат хатшысы, қалалық ардагерлер кеңесінің қатысуымен мемориал ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өткізілетін болды.
Бұдан бөлек, облыс және қала әкімдерінің хаттамалық тапсырмаларының орындалуы бойынша қала әкімі аппаратының құжаттандыруды қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Б.Сүлейменова хабарлама жасады. Жиын соңында қала әкімі Рашид Аюпов жиналыстың күн тәртібінде қаралған мәселелерді саралай келе, өз деңгейінде атқармаған тиісті бөлім басшыларына жұмысты ширату керектігі жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.
