ЖАРЫҚҚА ШЫҒУЫНА М.ӘУЕЗОВ ҰЙЫТҚЫ БОЛҒАН

537 көрілім

Өткен жылдың желтоқсан айында «Түркістан» қалалық қоғамдық-саяси газетінің ұжымы өзінің 90 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өткенін көзі қарақты оқырмандары-мыз жақсы біледі. Аталмыш шарада зиялы қауым өкілдерімен қоса шаһар басшысы Рашид Аюповтың арнайы келіп қатысуы киелі қаланың жылнамасын жазып келе жатқан қарашаңырақ басылымға деген құрметі, ізеті деп санадық. Қасиетті қаланың жылнамасы шоғырланған «Тарихқа толы – 90 жыл» кітабының да тұсаукесері өтті. Біз бүгін «Түркістан» газетімен сонау 1956 жылдың 1 мамырынан бастап бірге ілесіп, ақпарат айдынында өз орнын тапқан өзбек тілінде жарыққа шығып келе жатқан «Туркистон» газеті туралы айтпақпыз.

Биыл «Туркистон» газетінің алғашқы нөмірі жарық көргеніне 65 жыл толып отыр. Газет тарихына үңілер болсақ, сонау ауыр кезең, Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін ел еңсесін енді тіктеген тұста қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов басылымның шығуына тікелей ұйытқы болған екен. Түркістанға келген сапары кезінде қала тынысымен қоса сол кездегі қазақша «Қызыл Түркістан» газетімен танысып, жергілікті тұрғындардың санын есепке алып жергілікті басшылыққа өзбекше газеттің шығуына ұсыныс жасапты. Өзбек тілінде мақала жазатын кадрлардың жоқтығын да назарға алып, аударма түрінде шығаруға ұйытқы болыпты. Сол жылдары «Қызыл Түркістанды» басқарған білікті басшы Абдужаббар Абдусаттаровтың бұл ұсынысты қолдап, оң көзқазқарас танытқаны да үлкен мәдениеттіліктің, руханиятқа жанашырлықтың белгісі деп айтуға болады.

«Туркистон» газеті сонау жылдардан бері ел басына түскен ауыртпалықты бөлісіп, оларды ертеңгі күнге сеніммен қарауға шақырып отырды. Бесжылдықтар белесіндегі еңбек озаттарын дәріптеп, олардың іс-тәжірибелерін насихаттады. Қаланың тарихын, өсіп-өркендеу кезеңдеріндегі ұлан-ғайыр істердің, жаңалықтардың жаршысы болды, ел тағдырына араласты. Бұл жылдар ішінде ел өмірімен, қаланың тыныс-тіршілігімен біте қайнасқан газет әрдайым оқырмандарының, көпшіліктің сырласына айналып, олардың көкейіндегі өзекті мәселелерді қозғай білді. Сөйтіп, халықтың әл-ауқатының артуына, қаланың әлеуметтік-экономикалық жағынан өркендеуіне газет қызметкерлері қалам тербеп, өз үлестерін қосты.

Алғашқы саны жарыққа шыққанына 65 жыл толып отырған басылым алғашқыда «Қизил Туркистон», «Коммунистик мехнат», Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қасиетті қаланың атымен үндес «Туркистон» атауымен жарыққа шығып келеді. Газет тарихына үңілсек, өзбек бөлімін алғаш болып Ахмаджан Құрбанбаев ағамыз басқарып, енді ғана тәй-тәй басқан басылымның ауыр жүгін өз мойнына алған екен. Ахмаджан ағамыздың көзін көрген, бірге сұхбаттас болған қариялардың айтуынша, ол кісі өте еңбекқор, ізденімпаз, өз ісіне адал жан болған дейді. Қазақ тілінде жазылған мақалаларды күн-түн демей, кейде үлгере алмаса түннің бір уақытына дейін еңбек еткенін айтады. Сондай-ақ, өзбек бөліміне Оғылай Мауленова, Фазыл Алиев, Азиза Абдуқадырова, Октам Анарбаева сынды білікті де тәжірибелі журналистер басшылық жасаса, Ғазхан Мажитов, Шамирза Мадалиев, Фарида Валиева, Акажан Иззатуллаев, Дилафруз Ибрагимова сынды тілші-аудармашылар қажымай еңбек етті.

Бүгінгі таңда қос тілде шығатын басылымды белгілі журналист, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мәлік Дәулетов басқарып келеді. Қарашаңырақ газетте ширек ғасырға жуық еңбек етіп келе жатқан редактордың орынбасары Ләззат Сарыбаева, компьютер орталығының жетекшісі Мамыржан Нәбиев, қазақ бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Тасыбаевтар мен қоса жас тілшілері Мөлдір Халилаева, Айнұр Шарасулова, Үмітбек Бағдат, есепші Асқар Абдураимовтар бүгінгі таңда газетіміздің сапалы, мазмұнды шығуына өздерінің сүбелі үлестерін қосып келеді. Ал, өзбек бөлімінің меңгерушісі Райымжан Әлібаев пен тілші-аудармашы Рузиахун Мадалиевтар 65 жасқа толғалы отырған «Туркистон» газетінің апта сайын оқырмандармен қауышуына тер төгіп келе жатқанын айрықша атап өткеніміз жөн.

Ақын Ахмет Байтұрсынов «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» демекші, газет қай уақытта болмасын билік пен халықтың ортасында алтын көпір болып саналады. Халықтың мұң-мұқтажын, талап-тілегін, көкейіндегі мәселелерін жоғарыға жеткізеді. Бұл ретте 65 жасты артқа тастаған «Туркистон» газеті оқырмандардың көңілінен шығып, елдің алғысына бөленіп келеді. «Туркистон» газеті – ойы ұшқыр мақалаларымен, өзекті тақырыптарымен тек қаламызда ғана емес, еліміздегі өзіндік тарихы бар, бағыт-бағдары айқындалған басылымдардың бірі.

Бүгінде облыс орталығы атанған қасиетті өңірдің толымды өзгерістерін паш етіп, қаланың өндірісі мен денсаулық, білім саласында, спорт пен мәдениетте қол жеткізген табыстарын оқырмандарға жеткізіп келеді. Басылымның әрбір саны оқырмандарды рухани байлыққа, адамгершілікке, имандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеуімен жұртшылық қауымның көңілінен шығып жүр. Басылым соңғы жылдары заман ағымынан қалыс қалмай әлеуметтік желінің белсенділігін де арттырып, оқырмандарға мейлінше жағдай жасап келеді. Қос тілдегі басылым бұл күндері 6000-нан астам түркістандықтардың шаңырағына жеткізіліп отырғанын есепке алсақ, алдағы уақытта шығармашылық ұжым оқырмандар санының артуына бар күш-жігерлерін жұмсай бермек.

Сөз соңында, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен тұспа-тұс келген «Туркистон» газетінің 65 жылдығы құтты болсын дейміз. Қос басылымның алдағы уақытта да заман ағымымен бірге жүріп, әлі талай белестерді бағындырарына сенімдіміз. Мерейлі мерекеде редакция ұжымы шығармашылықтың шыңынан көрініп, оқырмандарды қуантатын жағымды жаңалықтары көбейе берсін дейміз.

Редакция алқасы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары