ЖАС ОҚЫРМАНДАР АРАСЫНДА БАЙҚАУ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

1  878 көрілім

Түркістан қалалық мәдениет үйінде қалалық орталық кітапханалар жүйесіне қарасты балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Руханиятымыздың алып бәйтеректері» атты қалалық байқау болып өтті. Облыстық Ы.Алтансарин атындағы балалар кітапханасының бастамасымен жыл сайынғы «Әлемді кітап арқылы танимын» атты ең көп кітап оқитын оқырмандар арасында өтетін шара биыл қазақ әдебиетінің тарихына үш бәйтерек болып енген – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің туғандарына – 125 жыл және белгілі балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына – 95 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Байқаудың мақсаты Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру, оқырмандарға кеңінен насихаттау, патриоттық сананы ынталандыратын ұлттық құндылықтарды жаңғырту, жас ұрпаққа туған жерді және кітапты құрметтей білуге, оған деген құштарлықтарын арттыруға бағытталды.

Шараға 7-10 және 11-15 жас аралығындағы оқырмандар жас ерекшеліктеріне қарай 2 кезең бойынша сайысқа түсті. Байқауды алғашқы болып бастаған 7-10 жас аралығындағы оқырмандар белгілі жазушы Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларынан үзінді оқып, көріністер көрсетті. Бұдан соң 11-15 жас аралығындағы оқырмандар үш бәйтерек атанған С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров шығармаларына тоқталды. Байқаудың екінші кезеңі бойынша 7-10 жас аралығындағы үміткерлер мектеп бағдарламасы бойынша ал, 11-15 жас аралығындағы оқырмандар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «100 кітап жобасы» бойынша сұрақтарға жауап берді.

Сонымен, байқаудың қорытындысы бойынша 7-10 жас аралығындағы оқырмандар арасында бас жүлдені Қарақат Жұман иемденсе, жүлделі I орынды Жанел Махамбет, II-III орындарды Абдулкахим Шәкірхан мен Нұртілеу Боранбай өзара бөлісті. Ал, 11-15 жас аралығында өзгелерден оқ бойы дараланған Ернар Ермұрза бас жүлдені жеңіп алса, І орын Данияр Қуанышқа бұйырды. Жүлделі ІІ-ІІІ орындарды Гүлнара Шерімбетова мен Нұрай Қадырқары еншілеп, бас жүлдеге қол жеткізген жас өрендер облыстық байқауға жолдама алды.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы