БЕКЗАТТЫҢ ЖАРҚЫН БЕЙНЕСІ – ЖАДЫМЫЗДА

1  452 көрілім

Сидней Олимпиадасының чемпионы, І дәрежелі «Барыс» орденінің тұңғыш иегері Бекзат Саттархановтың ата-анасы «Бекзат» атты көркем фильмнің жабық көрсетіліміне арнайы шақыртумен қатысты. «Хабар» Агенттігінің тапсырысы бойынша түсірілген ғұмырнамалық фильмнің тұсаукесер рәсімі Елордада XV Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі аясында өтті. Келесі күні, яғни 4-шілдеде ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың қабылдауында болды. Министрмен жүздескен Сейілхан Саттарханұлы мен Сырлыкүл Саттарханова өз ұсыныстарын білдіріп, ашық пікір алмасты. Сонымен қандай ұсыныстар айтылғанын, басқосудан қандай әсер алғандығы жайындағы сауалдарға жауап іздеп, даңқты боксшының ата-анасымен сұхбаттасқан болатынбыз.

Чемпионның анасының министрге көрсеткен құрметі үшін алғысы зор. «Келелі кездесуден Түркістанға ерекше әсермен оралдық» деп  Сырлыкүл ана әңгімесін бастады. Әсіресе министрдің «Бекзат қандай кұрметке болса да, лайықты. Оның жарқын бейнесі өскелең ұрпақ үшін үлкен тәрбиелік мәнге ие деп білемін» деген сөзі ана жүрегін елжіретіп жібергенін тебіреніспен жеткізді.

– Биографиялық фильм біздің естеліктеріміздің негізінде түсірілді. «Astana Musical» мемлекеттік театрының актері Самат Әзімқұлов Бекзаттың жарқын бейнесін өте әсерлі етіп көрсете білген. Оның дене бітімі, бойшаңдығы, қолының ұзындығы бәрі-бәрі ұлым Бекзатқа қатты ұқсайды. Мына қызықты қараңызшы, Самат қажылық сапарға барып, Қағбаның алдында тілек тілегенін айтты. Алдымен отбасының амандығын, ел тыныштығын тілесе, екінші тілегі «Бекзат туралы филмьде басты рөлді сомдауды нәсіп ет, Тәңірім» деген екен-ді. Шынында ниеті қабыл болыпты. Жас әртіс бала кезден Бекзаттың суреттерін жинап, оны үлгі тұтқан көрінеді. Барлығы да жай ғана кездейсоқтық емес деп ойлаймын. Сценаристердің сөзінше, туындының толықметражды нұсқасы қазан айында, ал көп сериялы фильм Тәуелсіздік күніне орай көрермендер назарына ұсынылмақ, – деді Сырлыкүл Әдірбекқызы.

«Бекзат туралы мектептерде, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында ашық сабақтар өткізіліп, ақындар мүшәйрасы өткізу дәстүрге айналса, біз үшін бұдан асқан бақыт жоқ», – дейді Сейілхан Саттарханұлы. Туған қаласынан спорт мектебі ашылса, ондағы жаттығатын спортшылар дүбірлі додаларда топ жарып Бекзат ағаларының есімін тағы асқақтатса үлкен мәртебе деген ол министрге: – перзентіне «Халық қаһарманы» атағы берілсе, Нұр-Сұлтандағы көшелердің бірі Бекзаттың атымен аталса деп ұсыныс білдіргенін айтты.

Түркістанда Ер Бекзаттың атында – даңғыл, спорт кешені, мөлтек аудан бар. Облыс орталығындағы даңғылдың кеңейтіліп жатқанын атап өткен жөн. Сондай-ақ, Шымкент қаласында Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балалардың спорт мектеп-интернаты, Кентау қаласында кешенді балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс жасайды. Келесі жылы боксшының Олимп шыңын бағындырғанына 20 жыл толады. Ал, биыл көзі тірі болғанда спорт саңлағы 39 жасқа аяқ басушы еді. Еске салсақ, спорттық мәнсабында 143 жекпе-жек өткізген былғары қолғап шебері 132 кездесуін жеңіспен түйіндеген. Әулетінің қазынасына айналған Сейілхан мен Сырлыкүл Саттархановтар 10 немере мен 3 шөберенің ата-әжесі атанып отыр.

Спортшы негізінен заңгер болуды армандаған болып шықты. Оның арманын інісі Бекзат Болатұлы жалғамақ ниетте. Чемпионның есімін мақтанышпен арқалаған жас Бекзат биылғы оқу жылында мектепті тәмамдаған.

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы