ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІК АШЫЛДЫ

1  137 көрілім

Жақында ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында «Қарашаңырақ» републикалық қоғамдық бірлестігінің қалалық филиалы ашылды. Шараға республикалық бірлестіктің идея авторы, этнолог Тұрар Шәкен және өзге өңірлердегі филиалдардың төрағалары келіп қатысты. «Қарашаңырақ» бірлестігі қалалық филиалына ҚР Журналистер одағының мүшесі Әлима Хайдарова тағайындалып, тұсау кесу рәсімін «Қарашаңырақ» ҚБ құрылтайшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Омарұлы, Түркістан қаласы ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары Пернетай Қамбарұлы және Камал Әлпейісова кесті.

Жиын барысында Тұрар Шәкен сөз сөйлеп қасиетті «Қарашаңырақ» ұғымының маңыздылығына тоқталды.

«Бүгін мен үшін өте қуанышты, әрі маңызды күн. Себебі, киелі өңірге келіп, қоғамдық бірлестіктің ресми түрде ашылу салтанатын өткізіп жатырмыз. «Қарашаңырақ» қоғамдық бірлестігінің атауы кең ауқымды тақырып. Қазіргі таңда «елім-жерім» дейтін әрбір қазақтың жанашырлары шырылдап, жоғалып бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды насихаттауымыз керек. Болашақта жақсы жаңалықтың бірі Омбы қаласынан да бір филиал қатарымызға қосылып бірге жұмыс жасамақ. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» болашақ жас ұрпақтардың келешегі үшін үлгі өнеге көрсете білуіміз қажет», – деді идея авторы.

Айта кетейік, аталмыш бірлестік республика бойынша өз жұмысын өткен жылы бастаған болатын. Осы ретте өзге 9 өңірден филиалдары ашылған. Атап айтсақ, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласынан бастап, Алматы, Ақтөбе, Бурабай ауданы, Қызылорда облысы, Маңғыстау облысы мен Шымкент және Орал қаласы мен Түркістан облысында қолға алынып жатыр.

«Қарашаңырақ» жобасы ата-бабамыз аманат еткен құндылықтарды насихаттау арқылы ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуді көздейді. Сондай-ақ, отбасылық құндылықтарды насихаттамақ. Қоғамдағы зиянды әрекеттің алдын-алу, сақтандырумен қатар салауатты өмір салтын қалыптастыруды негізге алады. Аға буын мен жастар арасындағы рухани қарым-қатынасты жандандыруды қолға алмақ.

Айнұр ШАРАСУЛОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы