Қазіргі таңда Түркістан қаласы күн сайын көркейіп, түрлі демалыс орындары, ойын-сауық орталықтары көбейіп келеді. Мұндайда алдымен жасөспірімдердің қызығушылығы оянып, әдемі жерлерді көруге, қыдыруға асығатыны қалыпты жағдай. Дегенмен, түнгі уақытта олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-аналарының немесе ересек адамдардың қарауынсыз жүруінің алдын алу басты назардан түспегені жөн.
Түркістан қаласының аумағында қалалық Полиция басқармасы мен қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің, қала әкімдігінің бірлесуімен «Түнгі қаладағы балалар» тақырыбымен ұйымдастырылған рейд жұмыстары кәмелетке толмағандар арасындағы бұзақылық, тонау, ұрлық сияқты тағы басқа заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталып отыр.
Рейд барысында полиция қызметкерлерімен қатар, адами әлеуетті дамыту бөлімінің, қалалық жастар орталығының мамандары халық көп шоғырланатын демалыс орындарын, ойын-сауық орталықтарын, қоғамдық тамақтану орындарын аралап, түнгі уақытта жүрген тек қаланың ғана емес, көрші аудандардан келген бірнеше кәмелетке толмаған жасөспірімдерді ұстап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
