САЛҒЫРТТЫҚ САН СОҚТЫРУЫ МҮМКІН

1  777 көрілім

Үстіміздегі жыл біздің отбасымыз үшін қуанышты жаңалықпен басталды. Себебі, көптен күткен көгілдір отынды үйімізге кіргіздік. Қыс түсіп күн суытса көмір тасып әуре сарсаңға түсетін едік. Газ келгелі бұл бейнеттен құтылдық, – дейді Түркістан қаласының тұрғыны Мейрамкүл Есенғараева.

Иә, бір шаңыраққа қуаныш әкелсе, енді біріне өзекті өртейтін өкініш сыйлаған көгілдір отынның алғашқы зардаптары түркістандықтардың қабырғасын қайыстырғаны рас. Оқыс оқиға құрбандарының тағдырына жазылған жазмыш шығар деп ұмытуға тырысып келеміз. Десе де сақтық шаралары қалай жүріп жатыр, тұрғындар табиғи газдың қауіптілігін қаншалықты сезінеді және оның нәтижесі қалай деген сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Мейрамкүл Есенғараевамен болған әңгімемізде ол: «Көгілдір отын да тілсіз жаудың бірі ғой. Қатаң сақтық талаптарын қажет етеді. Сондықтан осы жылы үйімізге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, үйіміздің жылыту қазандығы тұратын бөлмені сыртқа ауыстырдық. Асханаға қойылған бір нүктесіне арнайы иіссезгіш құрылғысын орнаттық. Балаларыма да кешкісін газдың өшкеніне көз жеткізіп, сақтық талаптарын сақтауды жиі ескертіп отырамын», – дейді. Расында да солай болуы тиіс. Сақтықта қорлық жоқ.

Атап өткен оқыс оқиғамыз төрт бала мен анасын келместің кемесіне мінгізгені белгілі. Шаңырақ иесі қас пен көздің арасында бар байлығынан көз жазып қалды. Бұл өз кезегінде тыйым салынған пешті пайдаланудың салдарынан орын алғанын мамандар алға тартып отыр. Осыған орай, облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасы бойынша тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 34092 үйдің 32383-ін аралап тексеру барысында 12 иран пеші анықталды. 1709 үйдің егесі жоқ. Сонымен бірге, көпқабатты үйлердегі 5485 пәтерден 13000 абонент газ қолданып отырғанын да айта кеткен жөн.

Мамандардың айтуынша газ қазандығы тұратын бөлме тұрғын үйден бөлек болғаны абзал. Ал, үй ішінде орнастырылса, онда қойылған бөлменің түтіндігі, ауа айналымы бар болуы міндетті. Сондай-ақ, иіс сезгіш дабылқаққыш орнату қажет. Осындай сақтық шараларына байланысты Түркістан қаласы төтенше жағдайлар басқармасы азаматтық қорғау лейтенанты М.Базарбекті сөзге тарқан едік. Ол:

«Улы газдың ең қорқынышты қасиеті оның ешқандай иісі жоқтығында. Демек, ауада оның бар – жоқтығын арнайы жабдықсыз анықтау қиынға соғады. Жалпы, улы газбен улану күтпеген жерде болады. Себебі, зардап шегуші біраз уақыт оның буымен тыныс алғанын мүлдем сезбейді. Газбен уланған адамның басы айналып ауырады, сана бұлдырап тұншығу байқалады, бұлшық еттер әлсіреп, құлаққа шу естіліп, лоқсу, құсу, ұйқышылдық пайда болады. Кейде керісінше, аз уақытқа қозғалыстың бәсеңдеуі, соңынан қозғалыстың бұзылуы, сандырақтау, галлюцинация, естен тану, тырысу, ессіз күй кешуді бастан өткізеді. Егер зардап шегушінің тыныс алуын дер кезінде таза ауамен қамтамасыз етпесе, оның қайтыс болуы әбден мүмкін.

Улы газдың ең көп таралған көздері – пайдаланылған газды шығаратын газ және май пештері, қатты отынмен жанатын пештер, газ құралдары, су жылытқыштары мен қозғалтқыштар. Пештердегі сызаттар, бітелген түтіндік, ескі құбырлардың улы газдың тұрғын бөлмелерге таралуына әкеліп соғуы мүмкін. Пешке таза ауаның жеткілікті кірмеуі де үйдің ішінде улы газдың жиналуына әсер етеді. Үйлердің тар құрылыстары да улы газбен улану қаупін жоғарылатады. Өйткені еркін желдетуді қамтамасыз етпейді», -деп сақтық шараларына мейлінше көңіл бөлу қажеттігін жеткізді.

Иә, көп жағдайда кейбір үй иелерінің салғырттығынан да қайғылы жағдайлар орын алып жататыны рас. Осындайда таяқтың екі ұшы барын әсте естен шығармаған абзал. Мамандармен болған әңгімеде біршама мәселелерге де қанық болдық. Соның ішінде төтенше жағдай-лар басқармасының жауапты мамандары үйлерді яғни көпқабатты үйдегі пәтер-лердің қауіпсіздігін талдау-анықтау ке-зінде үй ішіне кіріп, толықтай тексеруге құқығы жоқ екен. Демек, үй иесі есік қаққан тексерушіге рұқсат беріп, кіргізіп үйдің қауіпсіздігіне тікелей өзі мүдделі болмаса төтеншеліктердің еркін кіріп анықтау жұмыстарын жүргізуге құзіреті жоқ. Сондықтан сақтық үшін, шаңырақ-тың тыныштығы үшін кез-келген уақыт-та үйіңіздің қауіпсіздігін тексеруді ұмыт қалдырмаңыз. Егер күмәніңіз болса уақыт созбай мамандарды шақырыңыз. Бұл сіздің болашағыңыз үшін жасалатын игі қадамыңыз екенін ұмытпаңыз, қадір-лі оқырман. Қайталап айтайық, тұрғын-дар өзінің қауіпсіздігі үшін, үйіндегі газ жүйесін тексертуге өздері мүдделі болуы тиіс! Осы мәселе қаперіңізде жүрсін.

Айнұр ШАРАСУЛОВА,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы