Биыл қыс мезгілінде табиғаттың тосын мінезінен жауын-шашын арты қарлы боранға айналып, қатты желдің салдарынан шаһарда электр қуаты істен шыққандығын қала тұрғындары әлі ұмыта қоймаған болар. Бұл жағдай қасиетті шаһар қалың қысқа дайын емес екенін аңғартты. Қала әкімдігі жедел шешім қабылдап, 3 тәулікте барып жарық көздерін қайта қалпына келтірген болатын.
Сол тұста осы салаға жауапты бірден-бір мекеме қала әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі бұл мәселені алдағы уақытта шешілетінін айтқан еді. Енді араға уақыт салып аталмыш бөлімнің Түркістан қаласындағы электр қуатының сапасын арттыру және трансформаторларды жаңалау бағытында атқарылып жатқан жұмыстары туралы білуге асықтық.
Сонымен қала әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің мәлімдеуінше жалпы саны 10 трансформатор орнату көзделсе, кешегі төтенше жағдай орын алған кезде 2 трансформатор жаңаланған. Ал, бүгінгі таңда 8 аталмыш құрылғыны орнату бағытында жұмыстар жүргізілуде. Былтыр қаланы сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша 4 нысанның құрылысы жүргізілген. Олар «Бекзат» мөлтек ауданында Ж.Жабаев атындағы №11 жалпы орта мектебінің маңайындағы 22 көше, бұдан бөлек, қаладағы «Шипа су» аумағындағы 32 көше, Бірлік ауылындағы 37 көше, Шавгар мөлтек ауданы Б.Момышұлы атындағы №22 жaлпы орта мектебінің аумағындағы 46 көше қамтылған. Осы жоғарыда аталған 4 нысан бойынша 6448 абонент жалпы 6535кВт электр қуатымен қамтамасыз етілуде.
Ал, 2021 жылға жоспарланып отырған сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету нысандары Т.Диметов, Жангелдин көшелері мен Яссы, Шавгар мөлтек аудандарында және ХҚТУ тұрғын үй массивін сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету нысанына жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамаға жолданған. Жоғарыда аталған 3 нысан толық іске асқанда 2843 абонент 4019кВт электр қуатымен қамтылады. Сонымен қатар, қаланың С.Қожанов, Байбұрт көшелерінде 10-0,4кВ кабель желілерін салу құрылысы жүргізіледі. Сонымен біз барған аталмыш бөлімнің атқарып жатқан жұмыстарын жоғарыда баяндап өттік. Шаһарымыз облыс орталығы болғанына 3 жылға қадам басты. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші алдағы уақытта табиғаттың тосын мінезіне қарсы тұра біліп, қала тұрғындарын әбігерге салмай, сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету бағытында жұмысты жандандырады деп сенім білдіреміз.
Сонымен қатар, тағы бір мәселе қала аумағында 694 трансформатор бар болса, оның 164 «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС мекемесінің теңгерімінде екен. Ал, қалған трансформаторларды қала әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС мекемесіне өткізу үшін тиісті құжаттарды дайындап жатқандығын бұған дейін жазған болатынбыз. Алайда, аталған трансформаторларды меншікке өткізу бойынша «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС басшысы Е.Мелдебековтен арнайы сұрағанымызда бүгінгі таңға дейін ешқандай құжат өткізілмегендігін айтты. Сонда алдағы уақытта құбылмалы табиғат тағы тосын мінез танытса, оны жөндеп іске қосу үшін қала әкімдігі «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС мекемесіне қол ұшын созатыны белгілі жәйт. Сондықтан қала әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі жедел түрде қала аумағындағы трансформаторларды меншікке өткізуге асығулары керек. Әйтпесе қыстағы жағдай орын алып, жарықтың тағы өшіп қалмасына кім кепіл.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.
