Қаламыздағы Әмір Темір атындағы №3 жалпы орта мектебінде ұлы қолбасшы Әмір Темірдің туғанына 685 жыл толуына орай, мәдени-рухани шара өтті. «Әмір Темір – әлемдік сахнадағы тарихи тұлға» тақырыбы аясында ұйымдастырылған шара қонақтардың кітаптар көрмесін тамашалауымен басталды.
Өткен кезеңді бейнелейтін аталмыш көрмеден мол әсер алған қонақтар шараны ұлы тұлғаға тағзым ретінде қабылдады. Қала әкімдігінің «Жастар ресурсы орталығының» директоры Бақытжан Дүкенбай, Түркістан қалалық өзбек этномәдени бірлестігі жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Толқын Саитмұратов, еңбек ардагері Қаһар Мұсаевтар түркі әлемі үшін ортақ ұлы тұлға болған Әмір Темірдің әлемдік деңгейдегі ұлы істері, халықаралық туризм орталығы саналатын Түркістан қаласында Қ.А.Ясауи кесенесін салдырғаны жайлы терең ойларымен бөлісті.
Рухани шара барысында ҚР «Дустлик» қауымдастығының және Халықаралық Әмір Темір қорының төрағасы Икрамжан Хашимжанов тарту еткен, мектеп фойесі төріне орнатылған сайыпқыран бюсті құрметті қонақтар қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Аталмыш шараға арнайы дайындалған бейнекөрініс көрсетілді. Сайыпқыран өміріне қатысты көріністер, атап айтсақ, оның Ясауи кесенесін құру туралы Жарлығы, Әмір Темірдің қолбасшы ретіндегі әскери жорықтары көрініс тапқан тарихи сахналық көріністері мектеп мұғалімдері тарапынан жоғары деңгейде қойылды. Әсіресе, Әмір Темір образын қолбасшыларға сай орындаған мектеп ұстазы Розмат Камалов көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Әмір Темір өсиеттері мен хикметтерін қазақ, орыс, өзбек және ағылшын тілдерінде мектеп ұстаздары нақышына келтіре орындады.
Шара соңында ұлы тұлғаға арналған әсерлі шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған аталмыш мектеп директоры Розбай Юсупов бастаған ұстаздар қауымы Халықаралық Әмір Темір қоры мен Түркістан қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Райымжан ӘЛІБАЕВ,
«Түркістан».
