Түркістан қаласының балалар қолөнер мектебінде, қолөнер шебері және табиғат жанашыры Сүйімбай Тасполат Тәтібайұлын еске алу іс-шарасы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «Туған өлкем» тақырыбында оқушылар арасында бейнелеу және қолөнері түрлерінен байқау өткізілді.
Сүйімбай Тасполат Түркістан қаласына қарасты Үшқайық ауылдық округі, Нұртас ауылында (бұрыңғы Амангелді колхозы) дүниеге келген. Сыр бойын жағалай, аралап өскен Тасполат ағамыз табиғатты тамашалай да, қорғай да білген. Өмірден ерте өтсе де артында қалған ұл-қыздарына, ұлттық қолөнерге және жас буындарға көркемдік, болашаққа тәрбиелік із қалдырып кетті. Тасполат ағамыз ұлттық өнердің тамырын сол Сырдария бойынан алған десе де болады. Себебі, ағамыз, өмірінің соңына дейін табиғатпен тығыз байланыста болып, оны қорғаумен айналысты. Артында өз қолымен жасаған ұлттық бұйымдары қалды. Т.Сүйімбай ұлттық қолөнер десе, тарих пен шежірені қоса айтып, жүрген жерінде зерттеп, дәріптеп, жандандырып жүретін еді. Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан, Түркіменстан және Ресей жерлерін аралап жүріп, білген-тоқығанын кітап етіп, тарихи шежіре жазды. Бос уақытында ат әбзелдерін жасау өнерімен шұғылданды.
Өткен ғасырдың аяғы, тоқырау кезеңінде, ұмытылып бара жатқан ұлттық қолөнерді ел арасында дәріптеп жүріп, ауыл жастарын жанына ертіп ағашты көркемдеп өңдеу арқылы ертұрман жасаудың қыры мен сырын үйретті. Сол сияқты теріні қолдан илеп, былғарыларды түрлі бапта өңдейтін. Ертұрманды күміс әшекейлермен көркемдеп, қамшыларды бірнеше өрімге бөліп өретін. Әрбір ертоқым мен жасалған қамшылардың қай өңірге тиесілі екенін, оның ерекшеліктері мен қасиеттерін, шығу тарихын тереңінен мазмұнды етіп айтатын. Жасаған әрбір бұйымын ою-өрнектермен әшекейлеп, ұлттық нақышта көркемдік сән беретін. Отбасындағы ұл-қыздарының барлығы қолөнер түрлерімен тереңінен айналысады. Сол үйренген өнердің барлығы Тасполат ағамыздың тәрбиесі болатын.
Сонымен іс-шараның қолөнер мектебінде өтуінің де ерекше орны бар. Олай дейтін себебіміз, 2013 жылдың желтоқсан айының соңында «Түркістан қаласының балалар қолөнер мектебі» ашылып, қызу қарқын алған кезде, Тасполат ағамыз қала әкімдігіне, мектеп жанынан қаламыздың хас қолөнер шеберлерін шоғырландырып, қалаға рухани қызмет етуге, ұлттық бағыттағы көркемдік дүниелерді жандандыруға көмектесуді ұсынды. Шеберхана ашылған жағдайда қолөнер мектебінің оқушыларына көп көркемдік-мәдени ықпалы тиетінін айта кетті. Міне, содан бері мектептің 8 ұлттық қолөнері үйірмелерінен өнер үйренген оқушылар бірнеше рет республикалық, облыстық т.б. деңгейдегі байқау-көрмелерде жоғары дәрежеде өнерлерін көрсетіп, жүлдемен оралуда.
Сонымен қатар, байқауға қонақ ретінде және оқушылардың жұмыстарын бағалап, әділқазылық жасауға ҚР Суретшілер одағының мүшелері, зергер Қалмырза Тасов пен керамист Абылайхан Рысбаев және қалалық бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Г.Даханова шақырылып, мектеп ұжымының ұстаздары мен шеберлері қатысты. Екі күнге созылған байқаудың алғашқы күні, оқушыларға 2 бейнелеу және 6 қолөнер түрлерінен оқушыларға берілген уақыт бойынша шығармашылық жұмыстар жасауға мүмкіндік берілді. Байқау екі кезең және екі номинация бойынша ұйымдастырылды. Бірінші кезең үй тапсырмасы бойынша шығармашылық жұмыстарынан көрме ұйымдастыру. Екінші кезең байқауға қатысушылар тақырып бойынша жұмыс жасау. Номинациялар, олар І. Бейнелеу өнері номинациясы бойынша Сурет, кескіндеме, ІІ. Ұлттық қолөнері номинациясы бойынша ағашты көркемдеп өңдеу, тоқыма, керамика және мүсін, зергерлік, тігін және дизайн, тері және былғарыны көркемдеп өңдеу.
Байқаудың қорытынды марапаттау кезеңі заманауи керемет, мәдени-туристік «Сапар» орталығы ғимаратында ұйымдастырылды. Алғашқы сөзді інісі Сүйімбаев Байболат, Тасполат ағамыз туралы өмірі мен шығармашылықтарына қысқаша тоқталып, байқауға қатысушыларға және ұйымдастыру шараларына жауапкершілік танытқан мектеп ұжымына алғысын білдірді. Мектеп директоры Б.Жамалова, байқау ұйымдастырып, оқушылардың шеберліктерін арттыруға үлкен ықылас қойып, терең мән беріп отырған Сүйімбаев Жанболатқа ризашылығын білдіріп, келешекте бұл Сүйімбай Тасполат Тәтібайұлы атындағы бейнелеу және қолөнері түрлерінің байқауы дәстүрлі байқауға айналатынына сенім білдірді және оқушыларға шығармашылық табыс тіледі.
Сонымен әділқазылар алқасының қорытындысы бойынша І орыннан көрінгендер: Амантай Дамир – зергер үйірмесі, Досаева Бегайым – тоқыма үйірмесі, Әбдіохап Мадина – тігін үйірмесінің оқушылары иеленсе, ІІ орынға Қожамухаммад Арман – тері және былғары үйірмесі, Шаймерденова Бибіфатима – керамика үйірмесі, Егембердиева Назерке – сурет үйірмесінің оқушылары еншіледі. Ал, жүлделі ІІІ орынға Бердалы Айбану – тігін және дизаин үйірмесі, Оңғар Ибрахим – ағаш үйірмесі, Болат Жасмин – сурет үйірмесі, Шамшиддин Жандос – кескіндеме үйірмесі, Сабыр Гүлбану – тоқыма үйірмесінің оқушылары ие болды. Екі күнге созылған байқаудың Бас жүлдесі тоқыма үйірмесінің оқушысы Еркін Аружанға табысталды.
Сондай-ақ, байқауға қатысқан барлық ұйымдастырушыларға «Жайылма» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жанболат Сүйімбаевтың және Түркістан қаласының балалар қолөнер мектебі атынан алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар берілді. «ТҰРАН ТВ» телеарнасы атынан Сыздық Ерлан ағашты көркемдеп өңдеу үйірмесінің оқушысы Чекменев Александрге арнайы сыйлық табыстады. Шара соңында байқауды ұйымдастырушы Сүйімбай Тасболаттың ұлы, Сүйінбаев Жанболат барлық қонақтар мен ұстаздарға, шеберлерге және байқауға қатысқан оқушыларға алғысын білдірді. Келешекте байқауды жылда өткізіп тұруға және дәстүрлі байқауға айналатынын жеткізді.
Қ.МЫРЗАҚҰЛОВ,
Түркістан қаласының балалар қолөнер мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.
