ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН – БІЗДІҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ

3  569 көрілім

Тәуелсіздігімізге биыл 30 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында оның жемісін, жеңісін, дәмін татпадық деп айтатын кісі жоқ шығар. Өйткені тәуелсіздік алу ата-бабамыздың ғасырлап армандаған мақсаты еді. Тәуелсіз деген сөздің өзінде қаншама мән-мағына жатыр! Қазір ешкімнің нұсқауынсыз қай жерден білім аламын, қайда қызмет істеймін десе де өз еркің. Тәуелсіздіктің арқасында тәуелсіз ұрпақ өсіп келеді.

Еліміз тәуелсіздікке, еркіндікке қол жеткізгелі бері талай іс тындырылды. Әлемдік инновациялық-технологиялық деңгейге көтерілдік. Өзге жұрттармен тереземіз теңесіп келеді. Мемлекетіміз берік қалыптасуда. Біздің еліміздің бейбіт күнді сақтау үлгісі басқаларға үлгі болуда. Елбасының Жолдаулары мен берген тапсырмалары бүгінгі күні сабақтастығын сақтап, қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы ары қарай жалғастырып отыр. Президент соңғы Жолдауында ұлттық болмысымызды қалыптастыруды басты назарында ұстап, оған барынша күш салуымыз қажет екенін тілге тиек етті. Шын мәнінде, онда айтылған әр тапсырманы әрқайсысымыз жүрегімізбен се­зі­ніп, алға қойған мақсат-міндеттерді бар күш-жігерімізбен іске асырсақ өз жемісін берері анық.

Әрине, бес-алты ауыз сөзбен шыққан биігімізді, Елбасының, қазіргі Президенттің ерен еңбегінің бәрін айтып жеткізу, мем­лекеттің қол жеткізген табыстарын айтып, оны тізбектеп отыру мүмкін емес. Көрген-білген адам тәуелсіздіктің жемісін айтудан жалықпайды. Құдайға шүкір, жақсылық көп. Қазақта ай ортақ, күн ортақ дейді. Сол сияқты жақсылық та бәрімізге, Қазақстанда тұрып жатқан барлық ұлтқа, оның ішінде өзіміздің қазағымызға да ортақ дүние. «Бағалай білгенге бақ, қуана білгенге құт қонады». Тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін бағалап, жақсылыққа, игі істе­рімізге қуана білейік. Осы құтымыз да, ба­ғымыз да басымыздан кетпесін деп тілеймін.

Отыз жылда жазылған халқымыздың тың тарихы, ел егемендігі мен тәуелсіздігінің шежіресі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты.

Елбасының өзі атап өткендей, «осы жылдар ішінде Қазақстан талай қиындықты артқа тастады, мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін басқа мемлекеттер едәуір көп уақыт құртқан еді». Тарихи қысқа мерзім ішінде халқымыз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен қызметтің барлық саласында – жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өту, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру, құқықтық және демократиялық мемлекетті қалыптастыру, әлеуметтік мемлекет құруға қарай қозғалыс, мемлекеттік егемендікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты одан әрі нығайту сықылды орасан зор табыстарға қол жеткізді.

Тәуелсіздіктің үш онжылдығы Қазақстан үшін экономикалық прогресс пен орнықты даму дәуіріне айналды. Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі ең табысты және ауқымды нарықтық реформаларды іске асырған көшбасшы ел ретінде танылды.

Мемлекет басшысының Ұлттық мәселедегі дәйекті саясаты елдің экономикалық жетістіктері мен халықтардың тең құқықтылығы қағидаттарын бекітті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қазақстан халықтары Ассамблеясын (ҚХА) құру идеясын ұсынды. Республикада ұлты мен діни сеніміне қарамастан, елдің барлық азаматтары үшін тең мүмкіндіктер жасалды. Әлеуметтік бейбітшілік сақталып, этносаралық және конфессияаралық келісім дамыды.

Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясының бірегейлігі бүкіл әлемде мойындалды. Ассамблея Қазақстанның халықаралық брендіне айналып, азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы байланыстырушы буын рөлін атқаруда. Ассамблеяның қызметі және 2003 жылдан бері Нұр-Сұлтанда тұрақты өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері Қазақстан Республикасының ұлтаралық қатынастар проблемаларын тиімді шешетін ел ретіндегі халықаралық беделін өсірді.

Бізде қиын кездің өзінде қаржы жағынан білімге деген тар­шылық болған жоқ. Ал, бүгінгі күні білім ордаларына одан да көбірек көңіл бөлініп, жаңа технологияларды енгізуге, мектептің материалдық-техникалық базасын кө­теруге, талапқа сай жаңа мектеп салуға бар мүмкіндік беріліп жатыр. Мұғалімнің беделін, мәртебесін көтеретін заң қабыл­данды. Әрине, әлеуметтік жағдайда бұл өте үлкен әсер ететіні айқын. Соған байланысты еңбекақы да қарастырылды. Мұғалімнің білімін көтеруге, қосымша білім алуына жағдай жасалуда. Бұрын біз кейбір мамандықты біле бермеуші едік. Қазір жастар өте білімді, тапқыр. Іскерлік саласын мықты меңгерген. Өзінің мақсатына жетуде, айналысқан ісінің үдесінен шығуда бойындағы күш-жігерін аямайды. Қарап отырып, қуанасың, сүйсінесің.

Тәуелсіздіктің 30 жылы Қазақстан үшін өрлеу мен тұрақты даму дәуіріне айналды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Тəуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі. Тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ. Оны ең қымбат қазынаға, ең асыл аманатқа балаймыз. Сондықтан бабалар аңсаған тəуелсіздіктің қадірін жан-жүрегімізбен сезінеміз. Егемендік – əр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыт. Тəуелсіздік шежіресі Тұңғыш Президентіміз – Елбасының тарихи тұлғасымен тығыз байланысты».

2021 жыл тарихи және межелі жыл болмақ. Қазақстан 10 жылдық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Алдағы жылдарға көп нәрсе жоспарланған. Тәуелсіздікке қол жеткізу жаңа демократиялық мемлекет, жаңа қоғам құрудың негізін қалаған Қазақстан тарихындағы елеулі оқиға болды. Әлемдегі кез келген ел сияқты Қазақстан үшін де тәуелсіздік мемлекеттіліктің берік тірегіне айналды және егемендіктің негізін құрады.

Ләззат САРЫБАЕВА,

Түркістан облысы ҚХА жанындағы журналистер мен блогерлер клубының мүшесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы