САММИТ ТҮРКІСТАНДЫ ТҮРЛЕНДІРУГЕ ОҢ ӨЗГЕРІС БЕРЕДІ

1  477 көрілім

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Түркі Кеңесінің Құрметті Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Түркістанда Түркітілдес халықтардың саммитін өткізу жоспарланған болатын. Алайда, бүкіләлемді жайлаған пандемияға байланысты жиын онлайн форматта өткізілді.

Жиында сөз алған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев саммит «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбымен өтетіндігін, сонымен бірге, «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжаты әзірленетіндігін жеткізді. Бейресми саммитте Тұңғыш Президент Түркі кеңесіне мүше бауырлас елдер арасындағы достық пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға серпін беретінін атап өтті.

Ал, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн форматта өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде Түркістанның барлық түркі халықтары үшін қастерлі қарашаңырақ, құтты мекен және аңсарлы атажұрт екендігін тілге тиек етті. Сонымен бірге, Түркістанда мәңгіге тыныстап жатқан ғұлама ұстаз Қожа Ахмет Ясауиден шәкірттері діни білім алып, түркі-ислам мәдениетін әлемге таратқанын, түркілер Кіші Азияға бет бұрғанда бұл құндылықтар түп-тамырымызды сақтап, бірлігімізді бекем ұстауға негіз болатындығын атап өтті. Сөз барысында Мемлекет Басшысы Қ.Тоқаев cаммит түркі әлемін ХХІ ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру және түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақыратындығын және Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Түркістан шаһары түбегейлі өзгеріп, жаңа келбетке ие болғандығын алға тартты.

Мемлекет Басшысы Қ.Тоқаев саммитте бүкіл түркітілдес мемлекеттері бірлесе бүкіләлемді жайлаған індетті тоқтатудың жолын бірге қарастыруды, Түркістан өңірінде түркі елдерінің бірлескен «Арнайы экономикалық аймағын құру», «түркі инвестиция-интеграциялық» қорын құру, «Ұлы түркілер» білім беру қорын құру, ТҮРКСОЙ мен Түркі академиясының Түркістан өңірінде археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді және бұдан бөлек тамырластық символы ретінде Түркістанда халықтарымызға ортақ сәулет нысанын салу құба-құп іс екендігін жеткізді.

Түркістан ұғымы – ұлы ұғым екендігі әмбеге аян. Ұлы дала елінің рухани төрі һәм түркі тілдес халықтардың қарашаңырағы – Түркістан 2018 жылғы 19 маусымда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен облыс орталығы мәртебесін алды. Бұл тарихи тағылымы терең, таңғажайып жаңалық болды. Бұл ойлар бір күнде жүзеге асқан жобалар емес еді. Түркістанды қайта түлету ­тура­лы Тұңғыш Президентіміз Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен-ақ кемел ойларын ортаға салды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өз қаламынан туындаған «Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл», «Ғасырлар тоғысында» атты кітаптарында, ой-толғамдарында Түркістан, ондағы ортағасырлық теңдеcсіз жауһар Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, ұлы ұстаздың соңында қалған телегей теңіз рухани мұраларына баса назар аударылған.

Екі жылда адам танымастай өзгерген қайта түлеген Түркістанда атқарылып жатқан жұмыстар да ауқымды. Халықаралық әуежай, халықаралық меймандостық туризм және спорт университеті, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің 88,7 га аумағында археологиялық ашық аспан астындағы музейлер бой көтеруге бағытталған жобалар іске асуда.

Қорыта айтқанда, Түркістанның мәртебесін көтеруге жасалынып жатқан жобалар болашақта түркітілдес мемлекеттерінің ортақ іске жұмылуына зор әсерін береді деп сенемін.

Түркі мемлекеттерінің алтын қазығы һәм алтын ұстыны, дәурені басынан арылмаған – Түркістан талай тың жобалар мен руханияттың жаршысы атанатын орталық болатындығына сенімім кәміл.

Жасай бер, түрлене бер, түркінің киелі шаңырағы – Түркістан!

Н.АХМЕТЖАНОВ,

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры, «Құрмет» орденінің иегері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы