Наурыз мерекесі қарсаңында Сауран мөлтек ауданында игілікті шараның куәсі болдық. Қаладағы «Асыл мұра» мәдени мұрасы қолдау қоры» қоғамдық қорының төрағасы Мұстафа Құлымбетов пен жеке кәсіпкер Мақсат Сәрсенбаев және мөлтек ауданның жастары бірлесе отырып, қаладағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың басын қосып, Наурыз ұйымдастырды. Қайырымдылық жасау – ізгіліктің басты көрінісі мен асыл қасиеттерінің бірі екені сөзсіз.
Осы орайда, «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деген тілек-дұғалар айтылатын Наурыз – бірліктің, ынтымақтың, береке мен татулықтың мерекесі. Бұл күні мұсылмандар үшін біреуге ренжуге де, өзгені ренжітуге де болмайды. Осынау ізгілік мерекесінде адамдар татулыққа ұйысады.
Шарада қалалық мәслихат депутаты Ардақ Мансұров сөз сөйлеп, мерекелік дастарқанды ұйымдастырған азаматтарға алғысын білдіріп, мәслихат хатшысы М.Таңғатаровтың алғыс хатын табыстады. Сонымен бірге ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Меруерт Абуова, іс-шараны ұйымдастырушы Мұстафа Құлымбетов шараға жиналған көпшілікті әз-Наурыз мерекесімен құттықтап, игі тілектерін білдірді.
Ұлыстың ұлы күндері ұдайы қуанышта болып, барша жақсылық атаулының басы-қасында жүріп, қолдан келген ізгі амалдарымызды жасау – сіз бен бізді Алла Тағаланың рахымына бөлейтін ізгі амалдар екені белгілі.
Алла Тағала елімізге тыныштық, халқымызға бейбіт өмір, елімізді мекендеген түрлі ұлттар мен ұлыстардың өзара бірлігі мен ынтымақты болуын нәсіп етсін. Ұлыс оң болсын, ағайын!
НАУРЫЗДАҒЫ ИГІЛІКТІ ШАРА
688 көрілім
