Баршаңызды имандылық пен ізгіліктің шынайы үлгісі, бір-бірімізді бауырмалдық пен татулыққа үндейтін қастерлі де қасиетті Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтаймын!
Наурыз – адалдық пен тазалықтың, несібемізді еселеп арттыратын еңбекшіліктің мейрамы.
Сондықтан да молшылық пен ауызбіршіліктің ерекше белгісіндегі әз-Наурызды біз әрдайым кең пейілмен асыға күтеміз. Бір-бірімізге кіршіксіз көңілмен ақ тілектерімізді ақтарып жатамыз.
«Самарқанның көк тасын жібіткен» Наурыз мерекесі көптеген шығыс халықтарының тағатсыздана күтетін мейрамы. Оның халық арасында «Ұлыстың Ұлы күні» деп аталуы да тегін емес. Наурыз айы туғанда ел жаңару мен жасару мерекесіне балап, ерекше шаттыққа бөленеді. Ақ тілек, ізгі ниетпен мол дастарқан жайып, бар тілегін тек жақсылыққа бағыттайды. Бұл мейрамда ренжіскендер татуласып, араздасқандар қайта табысады. «Ақ түйенің қарны жарылып, ақ мол болсын» деп ырымдаған қалың көпшілік Ұлыстың ұлы күнінде қазан асып, «Наурыз көже» жасап, мәз-мейрам болысады. Бір-бірінен амандық-саулық сұрасып, шаттық көңілмен жаңа жылды қарсы алады. Күн мен түн теңелетін осы шақ әр шаңырақ үшін құт-береке мен бірліктің көрінісіндей.
Ұлыстың ұлы күнін түркістандықтар да ауқымды бағдарламалармен қарсы алып, кең көлемде атап өтіп келеді. Бұл той барысында ұлттық салт-дәстүріміз ұлықталып, әдет-ғұрпымыз жалпыға паш етіледі. Көп жылдан бері қалыптасқан аталмыш дәстүр биыл да жалғасын тауып, облыс орталығы кең көлемде жаңаша бағытта өрбімек.
Наурыз мейрамы – бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы. Тарихи тамырын тереңнен тартқан Наурыз мейрамы қай кезде де, қай заманда да еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің мерекесі болып келген. Олай болса, халқымыздың тірлігі мен бірлігінің, ырысы мен берекесінің бастауына айналған Наурыз мейрамы құтты болсын!
Әскер ӘБДІҚАДІРОВ,
қалалық «Қоғамдық келісім» кеңесінің төрағасы.
