Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген. Күн мен түннің теңеліп, «Самарқанның көк тасы еритін» осынау шақты еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін күтетіні рас. Өзімізде жыл сайын үлкен дастарқан жайып, наурыз көже дайындаймыз.
Қонақжайлылығымен ерекшеленетін қазақ халқы үшін бұл мереке үлкендерден бата алып, сол жылдың молшылық пен жақсылыққа толы болуын тілейтін ерекше сәт. Наурыз мейрамы – көктем мен жаңаруды айшықтайтын мерейі тасыған ұлы мереке. Ол – өткенді саралап, болашағымызды болжайтын кезең. Осынау күнді асыға күткен барша жандарды Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен құттықтаймын.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, «Ұлыстың ұлы күні – көңілде кірбің қалмай қауышатын, түсіністікпен табысатын күн. Көктің тынысын тыңдап, тұрмыс-тіршілігін Табиғат-анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы деп бағалаған». Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуымен бірге жаңғырған Наурыз мейрамы көпұлтты Қазақстан халқы үшін сүйікті мерекеге айналып, бірлік пен ынтымақтың саяси тұрақтылықтың нығаюына негіз болды. Кез келген мемлекеттің басты құндылығы оның тәуелсіздігі, ұлттық бірлігі, қоғамдағы бейбітшілігі мен келісімінде. Біз үшін Тәуелсіздіктен асқан мұрат, Мәңгілік елден асқан мақсат жоқ. Ұлт Көшбасшысы ұсынған осы жолда ата-бабаларымыздың арманын жалғап, әлемдегі ең ірі дамыған елдер қатарына кіру жолында бар күш-жігерімізді аямайық. Мәңгілік еліміз жаңарып жасара берсін.
Ақ ниетпен өткенге салауат айтып, ақ тілекпен Наурыз мерекесін қарсы алайық! Отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілеймін. Еліміз өркен жайып, Наурыз баршамызға ынтымақ пен сәттілік алып келсін!
Дүйсенкүл ЖАМБОЛОВА,
Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы.
