Уақыт өткен сайын өткен күннің барлығы тарихқа айналады. Оның ішінде мәні мен маңызына қарай бірі жылдардан жылдарға қанат сермесе, енді бір оқиға бірден ұмыт болады. Осы секілді сан мыңдаған оқиғаның бірі ретінде 1 наурыз – Алғыс айту күнін тілге тиек етпекпіз.
Бұл айтулы мереке тойлана бастағанына тура бес жылға аяқ басты. Нақтылап айтқанда 2016 жылы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойған болатын. Міне, сол жылдан бастап ел ішіндегі маңызды дата ретінде осы күн қалса, Алғыс айту арнаулы мереке ретінде жыл сайын тойланып келеді.
Ал осы мерекенің не мақсатта, не себепті тойланып жатқаны хақында азды-кем толғануды жөн санап отырмыз.
Шындап келгенде бұл бірліктің, ынтымақтың мерекесі. Аталы сөзбен пайым еткенде «Жақсы сыйласқанның құлы», «Сыйға – сый, сыраға – бал», «Сыйласқанның суын іш» дейтін даналықтың тереңдетілген мәні. Баба дәстүр арқылы «Ұят болады», «Обал болады», «Жаман болады» ырым-тыйымдарын басшылыққа ала отырып ұрпақ тәрбиесін ұрпаққа аманаттап, ізгілік мұнарасын қалыптастырып отырған қазақы ұғымда сыйластық пен құрметті маңызды санап келді. Енді осындай телегей танымға ие елімізде көп этносты халық мекендейтінін ескерсек сыйластықты мұрат еткен мерекенің болуы заңды еді. Алғаш атаулы мереке бекітілгенде Елбасы мереке туралы «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген болатын.
Содан да бұл жолда түсінік пен таным өзгеше қалыптасты десек болады. Осы тұрғыда Алғыс айту күні – күрделі заманда иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматттарының бір-біріне құрмет білдіретін күні болып табылмақ.
Енді осы мерекенің өзі еліміздегі этностардың алғыс айтуы деп санар болсақ, не үшін алғыс айтуы керек сұрағының туындауы заңды. Осыған орай кері шегініс жасауға тура келеді. Яғни, ХХ ғасырда Қазақстанда көп этностың қалыптасуы көрініс тапты. Ондағы басты себеп біріншіден Столыпин реформасы тұсында шаруаларды қоныстандыру бастамасы деуге толық негіз бар. Осы кездері қазақтың кең байтақ даласына Украйна, Ресей, Беларус елдерінен 1 миллион 150 адам ағылып келді. Екіншіден 1930 жылдары жүргізілген ұжымдастыру кезінде бұрынғы КСРО-ның орталық өңірлерінен тәркілеуге түскен 250 мың шаруа қоныс аударуға мәжбүр болды. Үшіншіден осы өліара шақта өнеркәсіп нысандарының құрылысына 1,2 миллион адам жұмылдырылды. Төртіншіден Сталин режимі кезінде тұтастай бір халық, айталық неміс (800 мыңға жуық), поляк (100 мыңнан астам), Солтүстік Кавказ халықтарының (500 мыңнан асады) өкілдері, корейліктер (15 мыңнан астам) жер аударылды. Осының бәрі көпэтностың қалыптасуының бастау көзі болды десек болады. Сол қиын қыстау, өтпелі шақта жат жұртқа қоныс аударған өзге ұлт өкілдерін жатсынбай бауырына тартып, жерін беріп, тіпті бір тілім нанына дейін бөлісіп жеген жергілікті қазақтар еді. Содан бері бірге тумақ болса да, бірге өлмек жоқ пәни дүниенің күллі қиындықтарын, жоқшылығын, қуаныштарын бірге бөлісіп, бірге көріп келе жатқан жайы бар.
Сол бір қиын заманда да қолдан келген көмегін көрсетіп, жомарттығын, қонағуарлығын танытқан иісі қазақ ұлты бүгінде сол этнос өкілдерін мәпелемесе кемсітіп отырған жоқ. Тәуелсіздіктің таңы атып, егеменді ел атанған, жаһандық көшке ілескен баяшатты ғұмыр кешіп жатқан осы бір бейбіт заманда кешегіні еске алып, құлан таза тіршілік үшін Алғыс айту күнін тойлау әмсе жарасымды.
Содан да «Мәңгілік ел» құру жолында бұл мерекенің маңызы басым. Сана тұрғысынан саралар болсақ «Алғыс айту күні» қазақстандық патриотизмнің, бірлік пен достықтың жарасымды мерекесі. Тіпті түсі бөлек, мұраты егіз тоғыспалы мәдениетімізді паш етеін күн. Ер етігімен, ат ауыздығымен су кешкен қиын қыстау шақта бар ауыртпашылықты бірге көтеріп, мемлекет басшысының жетекшілігімен Тәуелсіз Қазақстан құру жолында аянбай тер төккен ел азаматтарының бір-біріне құрмет көрсету күні. Бұл күні еліміздегі барлық этностың әрқайсысы өзінің қайталанбас ұлттық бояуы қанық сан алуан мәдениетін көрсетіп, оның елдік өркениет жолымен қанат жайып, дамып жатқанын, бірлігі бекем біртұтас ел құрудың заманауи келбетін қалыптастырып жатқан Қазақстанды әлемге таныта беретін күн.
Қош, қалай болмасын мерекенің басты мақсатының бірі – замана жастарының, өскелең ұрпақтың бір-біріне деген құрметін, сыйластығын, бірлік танымын оятып, діңі берік, тамыры терең отансүйгіштікке тәрбиелеу, сонымен қатар Қазақстандағы барлық этностардың бірлігі мен келісімін нығайта түсу болып табылады.