Мехринса ТҮРДИЕВА:
Біз Түркістанда елу жылдан бері қазақ бауырларымен ынтымақ пен бірлікте ғұмыр кешіп отырған Турдиевтер шаңырағына табан тіреп, мереке қарсаңында пікірлерін білуге тырыстық. Кейіпкеріміз ұйғұр ұлтының өкілі Мехринса Турдиева 1944 жылы Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағы Шәуешек қаласында туған. Жалпы Қазақстанға қоныс аударған жылдары 1961 жылдарға тура келеді. Алдымен Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданына қоныс тепкен Түрдиевтер әулеті отбасылық жағдайымен 3 жылдан кейін Ташкентке көшкен. Содан кейін тағдыр тауқыметімен Қырғыз Республикасының Ош қаласында тұрған. Ал, Түркістан қаласына 1971 жылы көшіп келген Түрдиевтер отбасы міне Құдай бұйыртса жарты ғасырдан бері көне шаһарда бақытты ғұмыр кешуде.
– Маңдайыма жазғаны сол болар тұрмысқа 17 жасымда шықтым. Әкем Рузиахун мен анам Рабиханның өнегелі тәрбиесі өмірде барша қиындықты еңсеруіме түрткі болды. Алғашқы қадам басқан Аягөз ауданында бізге барлық жағдай жасалды, яғни жұмыспен қамтамасыз етті, егіншілік үшін арнайы жер бөліп берді. Әлі күнге дейін есімде үйіргелік (15 соттық) жерден 15 тонна сәбіз өнімін алғанымыз. Құшағын кең жайған қазақ елі сонау жылдардан бері бізге өз қамқорлығын аямады. Осында ұрпағымыз өсіп-өніп, өз тіршілігін бейқам жүргізуде,-дейді Мехринса ана.
1994 жылы кенже ұлы Бахраммен мұсылманның бес парызы Қажылық сапарына барып келген Мехринса анамыз қасиетті қалаға көшіп келгелі бері қоғамдық тамақтану саласында жемісті еңбек етіп зейнеткерлікке шыққан. Мехринса анамыз ертеректе бақилық болған отағасы Махмұт ағамен Дилшад, Бақтияр, Махигүл, Бахрам есімді ұл-қыздарды өмірге әкеліп, тамыры тереңге жайылған байтерек іспетті. Бүгінде сүйген кәсібімен айналысып жүрген ұл-қыздары өмірде өз орнын тапқан бақытты жандар. Атап айтсақ, ұлдары Дилшад пен Бахрам жиһаз өндірісімен айналысса, Бақтияр мен қызы Махигүл аспазшылық қызметімен халық алғысына бөленген жандар. Нақтырақ айтсақ, көпшіліктің сүйікті асы ұйғыр мантысын той-жиындарда жасап, дәмді асымен халықтың көңілінен шығып отырған жайы бар. Ынтымағы ұйыған шаңырақта тағы бір татулықтың үлгісіне куә болдық. Келіндері өзбек, ұйғұр, орыс ұлты өкілдері болған қажы анамыз бүгінде 14 немере, 13 шөберенің ортасында бақытты ғұмыр кешуде.
Достық пен бірлікті ту еткен алғыс айту күнінде 77 жастағы кейуана «Елбасымыз, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа, бүгінде өзінің сарабдал саясатын жүргізіп отырған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа айтар алғысымыз шексіз. «Елу жылда ел жаңа» демекші Түркістан қаласы облыс орталығы атанып, адам танымастай дәрежеде өзгерді. Күннен күнге жаңарып, жаңғырып жатқан қаламызды бұдан да жақсы күндер күтіп тұрғанына кәміл сенемін. Саяхатшылар табаны үзілмейтін түркі жұртының түп мекені саналатын түркістандық бауырларыма, кеңпейіл қазақ еліне алғысымыз шексіз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», – деп ақ батасын берді.
Райымжан ӘЛІБАЕВ,
«Түркістан».