ҰЛТТАР ТАТУЛЫҒЫ – БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ

639 көрілім

Елбасы 2015 жылдың сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» тақырыбымен басталған ХХІІ сессиясының ашылу салтанатында сөз сөйлей отырып, сол кездегі халықтардың түгелдей жер аударылғанын еске алған еді. «Сталин режимінде әр жылдары, өздеріңіз білетіндей, халықтар түгелдей жер аударылды. Оларды вагондардан ауылдарға тастап кете берді, олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырып, оларды саман үйлеріне қабылдаған қазақтар, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді», – деді.

Назарбаев отбасының жер аударылғандарды қабылдап алғанын еске алды. «Саманнан жасалған екі бөлмелі там үйде тұрған біздің отбасы үш баласы бар жанұяны қабылдап алды. Көз алдымда әрқашан олардың бөлменің бір бұрышына жиналғанын елестете беремін, олар қорқып тұрды – киімдері жыртылған, аш, тозып кеткен. Олар біздің отбасыда өмір сүрді, жұмыс істей бастады, өмір бойы алғыс айтып өтті. Мен оның балаларымен дос болдым», – деді ол.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнінде – 1 наурызда, басқа уақытты қойса да болады – барлық ұлттың бір-біріне және осы адамдарды қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға «Алғыс айту» күні деп белгіленсе әділетті болар еді», – деді Елбасы сол кезде. Алғыс айту күнін мерекелеудің жаңа дәстүрі «Мәңгілік Ел» бірлігін ортақ тарих және тарихи сана негізінде нығайту мен дамытудың мән-мәтінінде қазақстандық құндылықтарды бейнелейді.

«Алғыс айту» күні – ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Елбасының бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.

Біз бір ғасырға татитын ел тәуелсіздігінің 30 жылында ауызбіршілігіміздің арқасында бүгінгідей үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Ендігі мәселе бізді осы күнге дейін жеткізген татулығымызды одан әрі нығайта түсуіміз керек. Кең байтақ елімізде баршамызды біріктіретін ортақ ерекшеліктеріміз бар. Ол – біздің тарихымыз, мәдени мұрамыз бен мемлекеттік тіліміз. Сондықтан әрқайсымыз осындай мемлекетте ынтымақпен күн кешіп жатқандығымызды мақтанышпен айтуымыз керек. Бүгінде баршамыз болып болашақ жастарымызға ел бірлігін насихаттай отырып, олардың бойларындағы патриоттық сезімін арттыруға атсалысуымыз қажет.

Яша ИДРИСОВ,

қалалық түрік мәдени орталығы ақсақалдар алқасының төрағасы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы