ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

771 көрілім

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қамқорлық» қорының аясында қаламыздағы А.Байтұрсынов атындағы №1 мектеп-лицейі мен М.Пошанов атындағы №21 жалпы орта мектебінде инклюзивті қолдау ресурстық кабинеті ашылды. Ондағы мақсат – ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларға педагогикалық, психологиялық қолдау көрсету. Орталықтың ашылу салтанатына облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова, қалалық адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова, ұстаздар қауымен мен БАҚ өкілдері қатысты.

Салтанатты рәсімде сөз алған Ардақ Мәдіханқызы бүгінде облыс бойынша ерекше білімді қажет ететін балалардың саны – 21 000-нан астам болса, қала бойынша 1800 бала бар. Мұндай орталық бұдан өзге, еліміздің 8 облысында ашылғандығын айта кетіп, орталықтың қазіргі таңда қажеттілігін түсіндірді. Сондай-ақ, балаларға жасалған жағдайлармен таныса келе педагог мамандардың жұмыстарына сәттілік тіледі.

Шараға қатысқан ата-аналар да қуаныштарымен бөлісіп, балаларға жағдай жасап отырған басшыларға алғыстарын білдірді.

Айта кетейік, аталмыш орталықтар «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының демеуі арқылы қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда балалар үшін арнайы ойын және жаттығу залдары, оқу бөлмелері қарастырылған. Қазіргі таңда қос орталықта 32 арнайы білімді педагог мамандар қызмет етуде. Бір ерекшелігі, бұл орталықтарда әр балаға бір педагогтан бекітілген.  Яғни бекітілген мұғалім оқушымен күні бойы жеке жұмыс жасайтын болады.

Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы