ҚУАНЫШ СЫЙЛАҒАН МЕРЕЙТОЙ

926 көрілім

Биыл жер жүзіне ауыр тиген тышқан жылы біздің де мерейтойымыздың өз мерзімінде өтуіне әсерін тигізбей қоймады. Жоспарымыз бойынша бұл тойымызға ортақтасып, бізбен бірге мектеп жасындағы баладан еңкейген қариямызға дейін атап өтіп «Түркістан» газетінің 90 жылдық мерейтойын сезінуі тиіс болатын. Өкінішке орай мұндай кең ауқымды қамти алмадық. Дегенмен алдағы күндерден үмітіміз зор.

Осылайша көптен күткен «Түркістан» газетінің 90 жылдық торқалы тойы дүркіреп өтпесе де өз деңгейінде жарқырап өтті. Визит орталығында ұйымдастырылған ресми іс-шарамызға арнайы қатысқан қала әкімі Рашид Аюпов құттықтау сөзінде: «Өңір басшысы Өмірзақ Естайұлының бастамасымен жаңа жылдан кейін Алматы қаласының Түркістан қаласына тартуы «Алатау» медиа орталығынан газетке жаңа орын бермекпіз. Киелі қаламыздың жылнамасын жазып келе жатқан басылымды әрқашан қолдайтын боламыз», – деген жүрекжарды лебізін білдіріп, ұжымға алғыс хаттарын ұсынды.

Түркістанның төл басылымының мерейлі күнінде мерейге толы ақ тілектер айтылды. Атап айтсақ, қалалық мәслихат хатшысы Ғаппар Сәрсенбаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев, ҚР Журналистер Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай, «Оңтүстік Қазақстан», «Жанубий Қазағистон» газеттерінің, Кентау қалалық, Отырар, Арыс, Түлкібас, Бәйдібек, Ордабасы аудандық газеттерінің редакторлары сондай-ақ, қалалық мәслихат депутаты Айгүл Тілепова, «Қуаныш» ЖШС-нің директоры Инара Намазбаева ақ жарма тілектерін айтып, алғыс хаттар мен сый-сияпаттар тапсырды. Әсіресе, журналистер қауымы арасында сөзі беделді Ғалымжан Елшібайдың: «Елбасы Жарлығымен облыс орталығы болғанына екі жыл толған, «Екі дүниенің есігі, Ер түріктің бесігі…» ретінде тек еліміздің емес тұтас түркі дүниесінің айрықша назар аударған киелі шаһардың шежіресін жазып келе жатқан «Түркістан» газетін «Ер Төстік» деуге келеді. Иә «Тоғыз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» дейтін ертегі есіңізге түскен болар. Түркістан түрленген, өркендеген, дамыған сайын оның үні, көзі, тілі һәм құлағы саналатын «Түркістан» газетінің де абыройы артып беделі өсе түсетіні белгілі. Басылымның басты бас ауруы болып келген баспана мәселесінің осы мерейтойға тарту ретінде оңынан шешілуі қалам ұстаған қауымның қала әкімі Рашид Аюповқа деген ерекше ілтипатын оятты, зор ризашылығын туғызды» деп айтқан ақ тілегі жүректерді елжіретті. Сонымен қатар, Қазақстан Журналистер Одағы Түркістан облыстық филиалы атынан газеттің үздік үш қызметкеріне Алғыс хат тапсырып, ұжымға бір сувенир ірі ат және қаржылай сияпат тапсырды. Биылғы жылы өткен кәсіби мереке кезінде де Журналистер Одағының «Құрмет грамотасы» «Түркістан» газетіне беріліп мәртебеміз өскен болатын.

Айтпақшы, алғыс хат демекші, бұл күн аспаннан алғыс хаттар жауған күн болғанымен де есімізде қалатын болды. Дәл осы күні мерейтойға қатыса алмаған тілеулес жандар той алдында да редакциямызға арнайы ат басын бұрғандарын айта кетуіміз керек. Осындай азаматтардың арасында Түркістан облысының бас имамы Мұсабек Ақтамбердіұлы, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов өңір басшысы Өмірзақ Естайұлының құттықтауын жеткізсе, Яссы колледжінің басшысы Алтынбек Кенжалиев және қалалық спортты дамыту бөлімінің басшысы Қуат Айдарбеков мырзалар ұжыммен жүздесіп мерейімізді тасытып кетті.

Атаулы жылы жоспарлаған жобаларымыздың бастысы Түркістан қаласының жылнамасын кітап етіп шығару болатын. Облыс орталығы атанған тарихи шаһардың тоқсан жыл бедеріндегі басты оқиғаларын газеттің мұрағатындағы сарғайған парақтарды ақтара отырып жинақтауға тырыстық. Осылайша «Тарихқа толы 90 жыл» атты кітабымыз жарыққа шығып, тұсауы кесілді. Шынында, осынау кітапты қолына алған жанның тек газеттің ғана емес қасиетті шаһардың тарихына толық қанығатындай болуына барымызды, жанымызды салып қызмет еттік. Өйткені, «Түркістан» газеті жай басылымдардың бірі емес, қасиетті де киелі Түркістан қаласының төл басылымы. Осы орайда айта кеткім келеді, көзі тірі кезінде Балтекең (Балтабай Нұржанов) «Біз қасиетті қаланың жылнамасын жазып жатырмыз!» деген қағидалы сөзді жаздыртып, көрнекті жерге ілдірткен еді. Шынында, Балтекең айтпақшы біз қаланың жылнамасын жазып келе жатырмыз. Жылнама жылдар өте тарихқа айналады. Сондықтан, тарихқа толы 90 жылдық газеттің мерейтойы – халықтың мерейтойы. Барша түркістандықтардың мерейтойы!

Мерейлі күнді үстем еткен шараның бірі тоғызқұмалақ ұлттық ойын түрінен спорттық жарыс БАҚ өкілдері арасында өтті. Облыстық деңгейде ұйымдастырылған шарада Шымкент, Кентау, Түркістан қалаларынан осы спорт түрін серік еткен ойыншылар өзара бақ сынады. Салауатты өмір салтын насихаттау, ұлттық салт-дәстүрді ұстану мақсатында ұйымдастырылған спорт жарысында І орынды ғалым, композитор Бекжігіт Сердәлі, ІІ орынды блогер Асхат Шотаев, ІІІ орынды «Отырар алқабы» газетінің жауапты хатшысы Ғалымжан Сәрсековтер иеленсе, Түркістан облыстық «Nur Otan» партиясы филиалының баспасөз хатшысы Ғабит Сапарбеков пен «Оңтүстік Рабат» газетінің редакторы Жәнібек Нұрыштар ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

«Түркістан» газетінің 90 жылдық мерейтойының негізгі іс-шарасының соңында қала әкімі Рашид Аюпов спортшыларды марапаттау рәсіміне қатысып, ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар, І, ІІ, ІІІ орынды қанжығасына байлаған журналистерге арнайы сертификат пен диплом табыстады.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, 90 жылдық мерейтойымыздың өз дәрежесінде өтуіне ұйытқы болған барша азаматтарға алғысымыз шексіз. Атап айтсақ, қала әкімдігіне, қалалық мәслихат, қалалық ішкі саясат бөліміне, қалалық ардагерлер ұйымына, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ басшылығына, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Бейсен Тәжібаевқа, ҚР Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібайға, қалалық мәдениет үйінің қызметкерлеріне үлкен алғысымызды білдіреміз.

Сонымен қатар, баспана мәселесін шешіп берген қала әкіміне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Алла қаласа жаңа орынға жайғасқан қуанышты күнімізбен оқырмандарымызды қуантатын күн жақын.

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы