Тәуелсіздік күні қарсаңында қаламыздағы «Тұран» мөлтек ауданында Байдала көшесі №48 үйде 4 бөлмелі жаңа үйді шаңырақ иелеріне тапсыру рәсімі өтті. 64 жастағы зейнеткер Танзила Орынбаева жерлестерінің қайырымды да сауапты ісіне дән риза. Бұған дейін Т.Орынбаева немересімен тозығы жеткен үйде күн кешіп келген болатын.
Салтанатты шарада қала әкімінің аппарат басшысы Жәнібек Наушабай, қалалық мәслихат хатшысы Ғаппар Сәрсенбаев, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, ақын Нұрмахан Назаров, «Асыл мұра» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Хамидулла Қоңыртай, Түркістан облысы наиб имамы Сүлеймен қары Моллатилеу және басқа да қонақтар ғибраты мол сауапты шара жайлы айтып, жаңа үймен шаңырақ иесін құттықтады.
Осындай қайырымды істердің ұйытқысы болып жүрген Розмат Камалов, Жаһангир Абдувалиев, Саидакбар Усманов, Бекзатхан Шлекеев, Тимур Ергешбаевтар «Асыл мұра» қоғамдық қорының құрылтайшы мүшелері болып табылады. Айта кетейік, осыдан 3 ай бұрын Мұстафа Құлымбетовтің басшылығымен құрылған «Асыл мұра» қоғамдық қоры бүгінде 50-ге жуық аз қамтылған отбасыларға азық-түлік және қысқы отынмен қамтамасыз етіп, мол сауапқа кенеліп отыр.
Шамырза МАДАЛИЕВ.
