ТӘУЕЛСІЗДІК – ҰРПАҚ БАҚЫТЫ

1  611 көрілім

Тәуелсіздік идеясы ғасырлар бойы ұлт тағдырымен тамырлас болып, қазақ халқымен бірге жасап келді. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы болып табылады. 1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің сессиясында тұңғыш рет қазақ мемлекеттілігінің егемендігі туралы мәселе қаралады. Онда мемлекеттің егемендігін бекітетін тарихи маңызды құжат – «Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылданды. Мемлекеттік егемендік туралы құжат республиканың егемендігін баянды еткен тұңғыш заңнамалық акт болды. Бұл құжат бойынша Қазақстан елі халықаралық қатынастарда дербес толыққанды объекті ретінде сыртқы саясатта өзінің мүдделерін айқындап, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға мүмкіндік алды.

Еліміз егемендік Декларациясы арқылы табиғи байлығымызды, экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуетін толық меншігіне алды. Егемендік туралы Декларациясы кейін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы Декларациясымен терең үндестік тапты.

1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы қабылданды. Дүниеге жаңа мемлекет-Тәуелсіз Қазақстан Республикасы, дербес қазақ елі келді. Тәуелсіздік біз үшін ата-бабамыздың рухын көтергені үшін елімізді әлемге танытқаны үшін Семей атом полигонын тоқтатқаны үшін «қазақ» деген атауға жан кіргізгені үшін бізге қымбат. 17 желтоқсан күні Алматыдағы Орталық алаңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жариялануына және 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының бес жылдығына арналған митинг болып өтті. Жиналған сан мыңдаған адамның алдына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Міне, енді сол күнге де жеттік… Тәуелсіздік табалдырығында тұрған осы жан тебірентер сәтте қазақ елінің еркіндігі, бостандығы жолында бас тіккен азаматтардың, солардың қатарында бұл күнге жете алмай, Қазақстанның егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болғанын көре алмай өмірден өткен желтоқсан құрбандарының рухына тағзым етіп, еске алуды парыз санаймын… Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін»,- деп сөз сөйлеген болатын.

Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ – нағыз батыр халық екенін мойындайсың. Алтайдан Алатауға дейін ұлан – ғайыр жерді мекен еткен ата-бабаларымыз тәуелсіздікті арман еткен. Осынау кең даланы көк найзаның ұшымен, сом білектің күшімен қорғаған бабаларымыздың аманатын орындау үшін талай боздақтар жанкештілікке барған. Жалпы, Тәуелсіздік жолындағы күрес – ұзақ процесс. Халқымыз тәуелсіздік үшін күресті сонау сақ дәуірінен бастау алды десек артық айтпаймыз. Арғы жағын айтпай-ақ, XVIII ғасыр жоңғар – қалмақтарымен болған қасіретті жылдардан бастап 1991 жылға дейінгі аралықтағы күресіміздің өзі тәуелсіздікке жету жолындағы тарихымызды айшықтайтыны анық. Қазақ елінің батысында өткен Сырым Датұлы бастаған ұлт – азаттық көтерілісі, осы аумақта ХІХ Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс, бүкіл Қазақстанды қамтыған Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі. Ал ХХ ғасыр басындағы бүкіл Қазақстанды қамтыған 1916 жылғы Амангелді Иманов бастаған ұлт-азаттық көтерілісі. Жоғарыда айтылған көтерілістердің бәрі Патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы болған ұлт-азаттық қозғалыстар еді.

Ал, ХХ ғасырдың соңына таман әлемді дүр сілкіндірген 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қазақ топырағына ұлттық санасын намысы жетелеген қайсар буынның келгенін әйгілегені анық. Ондаған жылдар бойы қордаланып қалған келеңсіздіктер – қоғамдық, әлеуметтік, мәдени салаларды қамтыған кемшіліктер, ұлт мәселелерінің шиеленісуі республика жастарының ызасын келтіріп, ашық қимылға еріксіз алып келген болатын. Жастардың бейбіт шеруін басып-жаншуда Кеңестік билік жала жабудың небір тұрпайы түрлерімен қоса қатігездік пен өшпенділік әрекеттерін жасады деуге болады.

Мінеки, осылай 90-шы жылдары басына не келіп, не кетпеген қазақтың тәуелсіздік үшін болған сан ғасырлық күресі өз мәресіне жеткен сыңайлы болды. Әрине, тәуелсіздікке жетуімізді тездеткен қазақ жастарының желтоқсан оқиғасы деп білеміз. Қазақстанның егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болғанын көре алмай өмірден өткен желтоқсан құрбандарын әрдайым еске ала отырып, рухына тағзым етіп отыру парызымыз деп санаймыз.

Еліміздің егемендік алуы, халқымыздың тарихында жаңа дәуірдің бетін ашты, бүкіл қоғамдық өмірімізге жаңа леп, серпін ала келді. Ол баршамыз бейбіт өмірде, еркіндікті аңсаған ақ ниет, ақ тілеумен өзіміз тіккен ортақ шаңырағымыздың тәуелсіздігі еді. Тәуелсіз Егеменді ел, дербес мемлекет екендігіміздің нышаны ретінде Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы, Әнұраны қабылданды. БҰҰ-ға мүше болып кірді. Қазақстан Республикасының «Ата Заңы» қабылданды.

1934 жылы БҰҰ қабылдаған халықаралық шарттың талабы бойынша – Мемлекет болудың бес белгісі бар. Олар – жері, Тәуелсіздігі, заңы, басқару аппараты және салығы. Осылардың ішінде ең басты нышаны – Тәуелсіздік. Бұл мемлекеттік нышан ретінде мойындалып келе жатқан классикалық талап. Сонымен қатар, кез-келген мемлекеттің Тәуелсіздігі мойындалуы шарт. Әлем мойындамаған Тәуелсіздік қабылданбайды.

Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде әлемдегі алпауыт мемлекеттер АҚШ, Қытай, Ұлыбритания мойындады. Оның артынан Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран, Ислам мемлекеті мойындады. Алғашқы күндері әлемнің салмақты елдері мойындап, кейіннен басқа да елдер мойындап жатты. Небәрі бірнеше аптаның ішінде әлемнің көптеген беделді елдері Қазақ елінің тәуелсіздігін мойындап, дипломатиялық қатынастар басталды. Түркия алғаш болып Қазақстанда өз елшілігін ашты. Осылайша әлемдік саясат аренасында Қазақстан деген тәуелсіз мемлекет ретінде алғашқы қадамдарын жасай бастады.

Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы заң қабылданғаннан кейін ғана халқымыз өз мемлекеттігін, шынайы тарихы мен мәдениетін қайта түлетуге жігерлене құлшыныспен кірісті, елдің ішкі және сыртқы саясатын, өзіміз бұрын өмір сүрген қоғамнан түбірінен өзгеше жаңа, демократиялық қоғам құру принциптеріне жүгіне бастады. Әрине, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көптеген қиыншылықтарға тап болдық. Ең алдымен бұрынғы жүйенің құлауының зардаптарын, әлеуметтік—экономикалық күйреу мен дағдарысты бастан кешірдік. Алдымызда саяси, экономикалық өзгерістер стратегиясын белгілеу міндеттері тұрды. Экономикалық даму жолында – нарықтық қатынастарды тұрақтандыру, саясатта – азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет құру, қоғамның ең жоғары құндылығы есебінде алдымен адамды танып білуге негізделген, оның құқықтары мен бостандығын қорғау сияқты аса күрделі жауапкершіліктер тұрды. Соған қарамастан Қазақ мемлекеті өркендеуде өз жолын таба біліп, өркениетке өз үлесін қоса бастады.

Иә, Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарында егемендігіміздің туы асқақтай түсіп, мемлекетіміздің өркендеу жолында қыруар іс атқарылды. Табысты жүргізілген сыртқы саясаттағы жетістіктердің арқасында Қазақстан Республикасы БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ, ИКҰ секілді беделді халықаралық ұйымдардың салмақты мүшесіне айналып қана қоймай, мемлекетаралық қарым-қатынастарда да еліміздің мәртебесін көтеретін саяси оқиғаларға, тарихи кезеңдерге толы болды.

Біз түрік ұрпағымыз, мекеніміз қасиетті – Түркістан. Осы өңірге ту тіккен біздің бақытымызды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бабалар дәстүріне, өткен тарихымызға, рухани мұрамызға деген ізгі ниетімен, ілтипатымен айнымас адалдықтың үлгісін баянды ету жолымен келуде. Түркістан қаласының абыройын асқақтатар, бүкіл түркі жұртының басын қосуға бағытталған жобаларды бекітті.

Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың Жарлығымен 1991 жылғы 6 маусымда Түркістан мемлекеттік университеті ашылып, оған ұлы ойшыл, ғұлама ғалым Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың аты берілді. Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығашы ретінде тұңғыш рет киелі мекенде осылай жоғары оқу ордасы өмірге келген. Арада бір жылдан астам уақыт аралығында Қазақстан мен Түркия елдері арасындағы келісім бойынша түркі әлеміндегі тұңғыш халықаралық қазақ-түрік мәртебесіне ие болды.

Университеттің қазіргі ректоры академик, биология ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Серікбайұлы Абдрасилов білікті маман ретінде университет мәртебесіне лайықты білім беру сапасын арттыру мақсатында көптеген ізденістер жасап, отандық және шетелдің озық білім беру бағдарламаларын ендіріп оқытушы-профессор құрамының алдына жаңа талаптар қоюда. Ел Тәуелсіздігімен қатар келетін 30 жылдығын атап өту іс-шараларын жоспарлап жатқаны бар.

Көне Түркістанды қайта жаңғырту мақсатында қабылданған тағы бір тарихи шешімнің бірі – еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2018 жылғы 19 маусым күні Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесін беру туралы Жарлығы болатын. Түркістанның өсіп өркендеуі тек Қазақстанның мәртебесін көтеріп қана қоймай, күллі түркі дүниесінің абыройын асырары анық. Қазіргі таңда Түркістан сәулеті, бой көтеріп жатқан құрылыс нысандары қалаға ерекше көрік беріп, небәрі екі жыл ішінде таңқаларлық жағдайға жеткізіп отырғаны бар. Бұл да іргелі тәуелсіз ел, демократиялық дәстүрді берік ұстанған қуатты Қазақстан мемлекетінің халыққа берген бақ жұлдызы.

Балғабай НАҚЫПОВ,
заң ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы