КІТАПХАНА – РУХАНИ ҚАЗЫНА ОРТАЛЫҒЫ

1  617 көрілім

Кітап. Кітапхана. Кітапханашы! Бұлар бір-бірін жалғастырып тұрған қоғамды оларсыз елестету мүмкін емес киелі ұғым. Әр таңын білімнің қайнар көзі кітаппен ашатын, сол кітаптағы асыл мұраларды оқырмандарға жеткізетін алтын көпір. Кітапханашы мамандығы қарапайым мамандық болып көрінгенімен, бүгінгі заман талабына жүгінсек, ол мамандық қандай жұмыс түрлері болмасын өздерінің кәсіби шеберліктерімен заман талабына сай әдебиеттерді насихаттау, ұрпақтарға жан-жақты тәрбие беруде түрлі ақпараттар ағымына жол сілтеуші қоғамның белсенді мүшесі екендігін дәлелдеп отыр.

Кітапхана – басқа әлемге апаратын жол. Әрі әрқайсысы мұнда өз әлемін табады. Сол әлемде айналасындағы рухани байлық азығына тәнті болып жүрген апайларымыз бен ару қыздарымыз. Кітапханашылар өміріне көз жүгіртсек: жалпы кітапханашы мамандығын кітапты жанындай сүйетін, көркем әдебиеттерді қызыға да тамсана оқитын, сол мамандықты жан тәнімен қалап, шынайы сүйіспеншілігі бар адамдар ғана таңдайды. Өйткені кітапханашы мамандығы төмен жалақы алатын, нәтижесі байқала бермейтін қызмет екендігін бәріміз жақсы білеміз.

Қызығы мен қиындығы қатар жүретін кітапханашы мамандығы туралы бір сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ол бүгінде оқырманға кітап беріп қана қоймай заманға сай күнделікті ақпарат ағынын оқырманға жетелеуші, сонымен қатар қорын сақтаушы, насихаттаушы, түрлі іс – шаралар мен әдеби кештерді ұйымдастырушы, Қазақстанда ресми түрде бекітілген атаулы күндер мен белгілі ақын жазушылардың, ғалымдардың мерейтойларына арналып тақырыптық көрмелер қоюшы, оқырманның талап-тілегіне сай кеңес беруші, кітап пен кітапханашы, ұлттық құндылық пен оқырман арасын жалғастырушы кітапханашылар бүгінгі қоғамда ең керек мамандық иесі. Ә.Кекілбаев «Мен кітапхананы ақыл – білім, адамгершілік ордасы деп білемін, ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын» деп бекер айтпаса керек. Бүгінгідей техника мен технология қарыштап дамыған заманда кітап та, кітапхана да өз құндылығын жоғалтпай, заманға сай жаңғырып, жергілікті халықпен біте қайнасып, қызметін жаңа жүйемен калыптастырып келеді. Ия, рас ғылым дамып келеді, бірақ мұның бірі де кітаппен айырбас жасай алмайды. Кітапхана тірі болса халық та тірі, ол өлсе – біздің өткеніміз бен болашағымыз да өледі. Заманауи ағымға қарай кітапхана тек кітап оқитын орын ғана емес, түрлі семинарлар, дәріс өткізетін, жастар жиі бас қосатын мәдени рухани ақпараттық білім беру орталығы болуға тиіс. Қазіргі технологиялар тартысқа түскен жаһандану заманда жұртшылықтың жүрегіне жол табу үшін өзің де жаңашыл біліммен шыңдалып отыруың керек. Соңғы онжылдықта кітапханалық қызмет көрсетуде компьютерлерді, сандық жүйелер мен ғаламторды қолданумен байланысты манызды өзгерістер пайда болды. Ешқашан да кітапхана қорлары қазіргі күндегідей сияқты ашық болған емес. Жаңа технологиялар сұранымды жіберу, ақпаратты алу мен жеткізу процестерін жеңілдетеді. Дегенмен, электрондық қорларын пайдаланудың және виртуальдық ақиқатта өздерін еркін сезінеді. Ол үшін Web – тек ақпарат дерекнамасы ғана емес, сонымен бірге араласу, бірігу мен өз ойын білдіру орны болып табылады. Бұл кітапханаларды қызмет көрсетуге мәжбүр етеді. Кітапхана қоры пайдаланушылардың нақты талаптарын қанағаттандыру үшін әртүрлі саладағы білімдердің дискілерін ұстау керек. Осы орайда кітапхана бірінші болып компьютер, принтер, процессор секілді қарапайым материалдық техникалық жабдықтармен, көркем әдебиеттермен, түрлі салаларға қатысты ғылыми әдебиеттермен, дыбыстық кітаптармен, мерзімді баспасөз басылымдарымен толықтырылса, соның өзі құба құп болар еді.

Қай кезде де кітап адамзаттың жан азығы, рухани байлығы болған. Кітапты оқу арқылы ғана біз болашақты болжап, келешегімізге кемел жол сала аламыз. Осы қағидаларға сүйене отырып, кітапханада кітап оқуға оқырман тәрбиелеудің жаңа әдістемелік бағыттары құрылады. Кітаптың орны бөлек, кітаппен достасу – рухани жетілуге ғана емес, тән саулығына да керемет пайдалы. Кітап- шамнан шырақ жағып, кемелденуге бастайтын бірден-бір құрал. Ғылым дамуда, бірақ біле білген адамға мұның бірі де кітаппен айырбас жасай алмайтыны анық. Әрдайым жастар кітап әлемінде калыптасуы керек, кітап – жан азығы –деп бекер айтылмаса керек…

Айгүл ЖҮСІПБЕКОВА,
«Сауран» жалпы орта мектебінің кітапханашысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы