ТАУ ТҰЛҒАЛЫ АЗАМАТТАРҒА ҚҰРМЕТ

864 көрілім

Қаладағы «Жолаушы» ЖШС мекемесінің ғимаратында Рахым және Ерқанат Тәңірбергеновтерге арналған мұражайдың ашылу салтанаты өтті. Шараға арнайы келген қонақтар, Ерқанат Рахымұлының өмір жолына, спорттағы жеткен жетістіктері туралы естеліктерімен бөлісті. Атап өтсек, Әскер Әбдіқадыров, Ғаппар Сәрсенбаев, Зина Баймаханова, Аманкелді Бекембаев, Алпысбай Дастанов, Лесбек Байжанов және тағы да басқа қонақтар Ерқанат Рахымұлы жайлы жүрек тебірентер әсерлі естеліктерін айтып, Ерқанаттың артынан ерген ұл-қыздарына ұзақ ғұмыр тілесті. Жергілікті айтыскер ақын Тұрар Тілеулиев ағасына өз арнауын жеткізді.

Мұражайда Ерқанаттың спорт әлемінде жеткен жетістіктері мен өмір жолдарын бейнелейтін толыққанды мағлұматтар қамтылған екен. Ерқанат Тәңірбергенов спорт саласында өзіндік орны бар тұлға еді. Ерқанат Рахымұлының өмір жолына тоқталсақ. Сонымен Ерқанат Тәңірбергенов 1982 жылы 19 мамырда Түркістан қаласында дүниеге келген. 1988 жылы Түркістан қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы №5 жалпы орта мектебіне барып, 1999 жылы бітіреді. Осы жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, 2003 жылы бітірген. Аталған оқу орнында оқып жүрумен қатар, 2001-2002 жылдары әскери кафедраның толық курсын бітіріп, запастағы офицер шенін алып шығады.

Еңбек жолын 2003 жылы Түркістан қаласындағы «Жолаушы» ЖШС-де заңгер қызметінен бастап, 2005 жылы ХҚТУ-дің құқықтану магистратурасын үздік дипломмен бітіреді. 2009 жылы Шымкент университетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығына түсіп, 2011 жылы дене шынықтыру және спорт бакалавры дипломын алды. 2005 жылдан бастап Түркістан қалалық ішкі істер басқармасының тергеу бөлімінің тергеушісі қызметіне тағайындалды. 2008 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының ұйымдастыру-талдау тобының жетекші маманы болып қызмет атқарды. Ал, 2008-2012 жылдар аралығында Түркістан индустриалды-педагогикалық колледжінің директоры болды. 2012 жылдан бастап, Оңтүстік Қазақстан облысы Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметін атқарды. Қазақстан Республикасы самбо федерациясының вице президенті. «Оңтүстік Қазақстан облысы самбо күресі федерациясы» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы болды. Қазақша және самбо күрестерінен Қазақстан Республикасының спорт шебері, қазақша және самбо күрестерінен Қазақстан Республикасы біріншілігінің жеңімпазы. 2001-2003 жылдары дзюдо, самбо күрестерінен Қазақстан Республикасы универсиадасының жүлдегері, қазақша және самбо күрестерінен Қазақстан Республикасы біріншілігінің жеңімпазы, 2002-2003 жылдары самбо күресінен әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанды. 2003 жылы Қазақстан Республикасының жастар арасында самбо күресі бойынша жеңімпазы атанып, 2003 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің Алғыс хаты, 2010 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының грамотасымен марапатталды. 2011 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медалімен, 2015 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, 2016 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

Ерқанат Тәңірбергенов Түркістан қалалық мәслихатының 2009-2012 жылдар аралығында төртінші шақырылымының, 2012-2016 жылдар аралығындағы бесінші шақырылымының, 2016 жылдың 20 наурызынан алтыншы шақырылымының депутаты болып сайланды. Түркістан қаласының Құрметті азаматы, Түркістан қалалық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясының фракция жетекшісі қызметін атқарды. Ә.Нұрмаханов атындағы спорт мектебінде қызмет еткен уақытында шәкірттері Бразилияда өткен олимпиада ойындарының жолдамасына қол жеткізеді. Сонымен қатар, 36 әлем чемпионатында, 35 Азия чемпионатында, 328 ҚР чемпионатында, 164 Халықаралық жарыстарда спортшыларымыз жетістікке жетті. Ерқанат Рахымұлының спортқа баулуымен саңлақтарымыз 6 Халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 58 Қазақстан Республикасының спорт шеберін, 348 спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындапты. Ерқанаттың спорт саласында арманы асқақ болатын. Қасиетті шаһардан тағы бір олимпиада чемпионын шығарамын деген мақсаты бар еді. Амал нешік, 35 жасына қараған шағында сол арманына қол жеткізе алмай қапыда жол апатынан дүниеден озды. Марқұм бауырымыздың артында жұбайы, екі ұл, үш қызы қалды. Ерқанат Рахымұлы кең пейілді, дархан мінезді, өз ісінің майталманы, нағыз спортты сүйген нар тұлға ретінде түркістандықтардың есінде қалды.

Қаладағы №27 IT мектебіне жуырда ғана Мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің есімі берілгені туралы бұдан бұрын газетімізде жариялаған болатынбыз. Жақында аталмыш мектепке Өзбекәлі Жәнібековке ескерткіш бюст орнатылғаны белгілі. Іс-шараға келген қонақтар Тәңірбергеновтердің мұражайымен танысқан соң Өзбекәлі Жәнібековтің ескерткішіне арнайы барып, тағзым етіп, гүл шоқтарын қойып, естелік суретке түсті.

Айта кету керек, аталған шараларға мұрындық болып жүрген Рахым Көлбайұлы. Ол осы жиын барысында ел игілігі үшін қызмет еткен жандарға қашан да құрметінің шексіз екенін жеткізді. Мұражайдың ашылуы да осындай ойдан бастау алған болса, ұлт болашағы үшін тер төккен Өзбекәлі Жәнібековке арнап тұрғызылған ескерткіш те Рахым Тәңірбергеновтың тау тұлғаларды ұлықтау мақсатындағы игі қадамдарының бірі деп түсіну керек.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы