Бүгін Түркістан қалалық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Менің қалам – Түркістан» жазба ақындар мүшайрасы болып өтті. Байқаудың мақсаты, Түркістанның мерейін асқақтатып, патриоттық рухты көтеріп, ақындардың шығармашылықтарына қолдау көрсету. Жыр мүшайрасына Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті, филология ғылымдарының докторы Әдемау Толысбаева және айтыскер ақын Тұрар Тілеулиев қазылық етті.
Ақындарға қойылған талаптар бойынша шығармалары 8 шумақтан кем болмауы және өзге басылымдарда жарияланбаған болуы тиіс. Аталған жыр байқауына 21 үміткер қатысу үшін ниет білдірген.
15-30 жас аралығындағы ақындар қатысқан бұл шарада барлық қатысушылар қала әкімінің марапатына ие болды. Байқау нәтижесі бойынша:
«Сейітқали Мадуани» атындағы номинациямен Арқалық Әмалият
«Қаныбек Сарыбаев» атындағы номинациямен Ғылымнұр Кәдірбай
ІІІ орын – Мұқағали Кенжетайұлы және Қайсар Бауыржанұлы
ІІ орын – Еламан Төлеутай және Батыс Төлеубек
І орын – Ақмарал Ғаниқызы
«Бас жүлдемен» Рыскүл Досжанова марапатталды.
Сонымен қатар, жүлде иегерлерін ақшалай сыйлықтармен шабыттандырды. Байқау жеңімпазы Рыскүл ақын өз сезімімен бөлісті:
«Түркістан – біздің шабытымыз. Ақынға махаббатын білдіру үшін өлең арнап, шерін тарқатқаннан оңай дүние жоқ. Бүгінгі мүшайрада Түркістанға деген ыстық лебізімізді өлеңімізбен білдіруге мүмкіндік берген барша ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз! Ақынға сахнадан асқан марапат жоқ, байқауда бақ сынаудың өзін бақытқа теңейміз!» – деді.
Байқау соңын қазылар алқасы өздерінің жүрек жарды тілектерімен қортындылады. Іс-шараның мән-мағынасына тоқталып, «шоқтығы биік өзгеден, елінің біткен бағына» деп байқауды түйіндеді.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық
қазақ-түрік университетінің 3-курс студенттері
Үміт ТҰРСЫНХАН, Гүлжан САРУАР


