18 мамыр Халықаралық музейлер күнінде қаламыздағы Нәзір Төреқұлов музейінде ашық есік күні өтті. Шараға Тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұловтың өмірі және қызметімен танысуға қаламыздағы Ж.Еділбаев, М.Жұмабаев атындағы мектеп гимназияларымен қатар, №22, №27, №14 жалпы орта мектептердің оқушылары келді.
Ашық есік күнінде экскурсия жасаушылар музей қызметкерлері тарапынан өздерін толғандырған сұрақтарына жауаптар алып, алғыстарын білдірді. Н.Төреқұлов музейінің экскурсия жүргізушісі Роза Асанова музеймен танысқысы келгендерге қызметкерлеріміз өз қызметтерін жоғары деңгейде көрсеткенін айтты. Қонақтарды тағы да экскурсияға келуге шақырды.
Осы күні алғаш рет музей түні ұйымдастырылып, қаламыздағы Қожа Ахмет Ясауи, Н.Төреқұлов, ГауҺар ана, Үкаша ата кесенесі мен құдығы, Сауран қалашығы, Шығыс моншасы тағы да басқа көптеген тарихи-рухани орындар жайлы экскурсия 3Д тур виртуалды көзілдірігі арқылы жүргізілді. Музей түніне келушілер тарихи тұлғалар жайлы мол мағлұматтар ала отырып, ата-бабаларымыздың күнделікті күйбең өмірі мен тұрмыс-тіршілігі жайлы көріністерден хабардар болды.
Түркістанға зиярат етіп келушілер сағат 18:00 – 02:00 аралығында музейлерді тамашалады. Музей түнін тамашалауға ағылған халықтың қарасы мол болды. Айтулы күнгі шараға Өзбекстан Республикасының зияратшылары мен Түркиядан, Қытайдан келген туристер де қатысты.
Баян ЖҰМАБАЙ,
Нәзір Төреқұлов атындағы музейдің қызметкері.