Бұлай дейтін себебіміз, мәдениет пен өнер майталмандары барлық атаулы күндердің, іс-шараларында өзіндік үлесін қосып, жан-жақтылығын, өзіндік дара, шығармашыл әлемін көрсетіп жүретін жандар. Олардың елеулі еңбегі жұртқа рухани азық, ерекше көңіл-күй сыйлары анық.
Ал, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың 2013 жылғы Жарлығына сəйкес 21 мамыр – мəдениет жəне өнер қызметкерлері күні болып аталуы – олардың өлшеусіз істеріне айрықша көңіл бөлу мен дамытудың бір парасы деп ұғындық. Елбасы өз сөзінде: «Мəдениеттің өзекті бөлігі – өнер. Шынында да, өнер мəдениеттің алтын қазынасы, адамның ұлылығын білдіретін ғажап көріністердің бірі. Мəдениет пен өнер – қоғам дамуының негізгі қажетті саласы» деп ерекше атап өткен болатын.
Осы мақсатта, қалалық мəдениет үйінде мəдениет жəне өнер қызметкерлері күні аталып өтті. Жиында мəдениет үйінің директоры, ҚР Мəдениет қайраткері Л.Шəмет, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Г.Малдыбекова жəне Түркі тілдес халықтар кітапханасының директоры М.Құрышбаева шаһардың мəдениеті мен əдеби өнерінде үлес қосып жүрген жанашыр, шығармашыл жандарға алғысын айтып, құттықтауын білдірді.
Алдымен, «Шұғыла» халықтық-мəдени үгіт тобы «Мəдениетті тұлға – жастар кеңесі» атты қойылым көрсетіп, əн мен биден шашу шашып, көпшілікке əсерлі кеш сыйлады.
Сонымен қатар, қызметкерлер халыққа мəдени қызмет көрсетіп, ел игілігі жолында жасап жатқан еселі еңбектері үшін қала əкімі Əліпбек Өсербаевтың, сондай-ақ, қалалық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанболат Ибрагимовтың атынан алғыс хаттар мен сый-сияпаттарға ие болды.
Мəдениеттің құбылысы – өнер. Талант, еңбек, ізденіс, мəңгілік құндылықтар алдындағы жауапкершілік, елге адал қызмет етіп, мерейлі, абыройлы болу – мəдени, үлкен міндет. Ал, мəдениеті өркен жайған, тəуелсіздікпен бірге түлеген Түркістанда мəдениет мекемелерінің жұмыстары заман талабына сай, халықтың талғамына қарай қызмет етіп келеді. Бұл тұста мəдени-көпшілік жұмыстарды шебер ұйымдастыра білген мəдениет қызметкерлері, өнер майталмандары, ақын Қаныбек Сарыбаев, «Яссы» фольклорлық ансамблінің негізін қалаушы, алғашқы жетекшісі əрі дирижері Асқар Жақыпбеков, аталмыш ансамблдің белді мүшесі, домбырашы Қасым Жаубасаровтардың есімдері əрдайым тұрғындар жадында.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
«Түркістан».




