Дана халқымыз «Кітап-алтын қазына» десе, ал кітапхананы іші қазынаға толы алтын сандыққа теңер едім. Бізді білім нәрімен сусындататын ғалым, тілсіз мұғалім-осы кітап. Тағылымы мол тәрбие ошағына айналып отырған кітапхананың алар орны орасан зор.
Кітап адам өмірінде, әсіресе өскелең ұрпақтың тағдырында ерекше орын алады. Кітап адамның жан дүниесі секілді терең философия, даналық, жұмбақ пен құпия мистикаға да толы. Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес.
Дүйім оқырманның түрлі саладағы кітаптар жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан теңіз. Ал оны игеру ұлағатын бүгінгі ұрпаққа жеткізу кітапханашы маманының алдындағы міндеттің бірі.
Мен кітапханашы мамандығын таңдағаныма қуанамын, себебі, білім нәрін іздеп келген әр адамға ізгілік пен даналыққа толы ілім жинауға бағыт- бағдар беріп, іздегенін табуға көмектесемін. Сондықтан, ізденіске жол ашатын жол сілтеушімін. Оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі тақырыпта кітап көрмесін жүйелі түрде жасап отырамын.
Айсұлу ҚАНАЕВА,
№8 кітапхана филиалының меңгерушісі.