ҚАЛАМЫЗДЫҢ АЙНАСЫ – «ТҮРКІСТАН»

610 көрілім

Тарихы тереңге тартып тау суындай тасқындап жатқан киелі Түркістан шаҺарының басты басылымдарының бірі де бірегейі – «Түркістан» газетінің алғашқы нөмірі жарық көргеніне де биыл 90 жыл толып отыр.

Егер өткен тарихқа көз жүгіртер болсақ 1930 жылы 4 қазанда «Қызыл Түркістан» деген атпен шыққан газет замана ағымымен бір кездері «Коммунистік еңбек» деп аталып қазіргі таңда «Түркістан» атауымен оқырмандарының сүйікті басылымына айналып отыр десек қателеспесіміз сөзсіз.

Ғасырды алқымдаған 90 жас ол әрине оңай уақыт, оңай кезең емес екенін саналы оқырман біледі. Осы бір кезеңдерде газеттің басынан қаншама тарихи оқиғалар өтті. Сұрапыл сұм соғыс пен ашаршылық жылында да халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған арда басылымдардың ішінде осы «Түркістан» газетіде ұдайы бой көрсетіп тұрғанын көнекөз қарияларымыздан естіген едік.

Ал енді осы басылымның еліміз Тәуелсіздік алғалы бері қайтадан түлеп ұшқан тастүлектей өз тұғырына қонып, жаңа серпінмен ел мен жерге пайдалы келелі істерді қозғап қоғамдағы қоламталы ойларды газет бетіне шығарып келе жатқанына өзіміз куә.

1930 жылдан бері қарай шығып келе жатқан басылымды кімдер басқармады. Небір жақсы мен жайсаң, мүйізі қарағайдай алыптар басқарды. Осы аралықтарда ел экономикасын көтерер кәсіпкерлердің жемісті еңбектерін газет беттеріне жариялап отырғанын газеттің сарғайған беттерінен оқып көруге болады.

«Түркістан» газеті қай кезеңде қандай жағдайда қызмет етсе де тек халық үшін биік деңгейде қызмет еткен арда басылымдардың бірі деп айтуға толық негіз бар. Заман талабына сай бүгінде газеттің форматы өзгеріп, мазмұны байып, безендірілуі жаңаша сипат беріп, қалың оқырманға жол тартып келеді.

Жаңадан тың серпін алған Түркістан шаһарындағы жасалынып жатқан келелі істерді де осы газеттің беттерінен оқып, көңілің байып, мерейің тасиды. Жомарттық танытып жаңа шаһардың гүлденуіне өз қолұшын созып жатқан атымтай жомарт кәсіпкерлердің өнегелі істері де үнемі газет бетінде жарияланып елге үлгі болып келе жатыр.

«Түркістан» газетінің торқалы 90 жылдық мерейлі мерекесі құтты болсын дегіміз келеді. Әрқашан елмен бірге болып келе жатқан басылымның ұжымына шығармашылық табыстар мен толағай жеңістер болсын. Қарт Түркістанның тарихынан сыр шертер «Түркістан» газеті ғасырдан ғасырға жол алары сөзсіз.

Инара НАМАЗБАЕВА,
«Қуаныш» ЖШС-нің директоры, Түркістан облысы Іскер әйелдер қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің төрайымы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы