Әр дәуірдің өзіндік тынысын, сындарлы соқпақтары мен бұралаң жолдарының «тірі куәгері» бола білетін газет-журналдардың құны ешқашан түскен емес. Ол – біздің тарихымыздың бедері. Ал Тұран жұрты үшін, қасиетті Түркістан үшін ең беделді басылым – «Түркістан» газеті дер едік. Әуел баста «Қызыл Түркістан», бір кездері «Коммунистік еңбек» деп аталған «Түркістан» газеті, міне биыл тоқсанның тозғанақ өңді «жасына» келіп, ғасырға таяу тағылымды сөйлетіп отыр. Біз осы тоқсан ағысты бір арнаға тоғыстырған «ғасыр тең тұсы» туралы айтарымыз бар.
«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі»,- деп Ахмет Байтұрсынұлы бекер айтпаса керек, біздің заманымыздың зарыға күтер құралы да осы газет болды емес пе? Ел ішіндегі қылт еткен жаңалықты, дәуір тынысын, өркениетке бет бұрған ел ісін біз осы газет арқылы біліп отырамыз. Уақыт кеңістікке тәуелді болғаны сияқты, біз газетке тәуелді болдық. Біздің өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналып үлгерді. Сондықтан да біз «Түркістан» газетінің тұрақты оқырманына айналып, әр жаңалықтарының жаршысы бола білдік.
Біз үшін өз құнын жоймайтын ең қымбат құрал екеу болса, оның бірі газет те, екеу болса тағы сол газет, онда да, жерлестеріміздің өмір-шежіресінен сыр шертетін «Түркістан» газеті.
Жерлестеріміздің айнасы іспетті бұл басылым, облыс орталығы болған Түркістанның әр жаңалығын, күннен күнге түлеп бара жатқан кіндік жұртымыздың кең тынысын паш етуде аянбай-ақ еңбек етіп келеді. Бір сөзбен айтқанда, қасиетті мекеннің қарыштап дамуы газет назарынан тыс қалған емес. Өзім жақсы білетін, жолдастарым іздеп жүріп оқитын осы «Түркістан» газетінің әр мазмұны бізге ұнайды. Тыныс-тіршілігіміздің жаршысы бола білген «Түркістан» газетімен бірге екенімізді айтқымыз келеді. Ғасырға жуық басылым бірнеше қоғамның, жағдайлардың куәсі болғаны анық. Неде болса тіккен туын жықпай, заманалар көшімен ілесе алға ілгерілеп келе жатқан басылымның алар асуы, берер жемісі санап тауысқысыз. Тіпті алдағы уақыт үрдісіне де жауап бере алатынына сенеміз.
Ғаппар СӘРСЕНБАЕВ,
Түркістан қалалық мәслихатының хатшысы.