ЕҢБЕГІ ЕРЕН КӨШБАСШЫ

692 көрілім

Еліміз үшін айрықша мемлекеттік мереке – Тұңғыш Президент күнінің орны бөлек. Аталмыш мерекенің тарихы баршамызға белгілі. 1991 жылы 1 -ші желтоқсанда тарихымызда алғаш рет өткен жалпыхалықтық сайлауда қазақ еліміз өз еркімен еліміздің тұңғыш Президентін сайлады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегенді саясатының арқасында халқымыз Тәуелсіздік Туын биікке көтеріп, еліміз егемендік алып, мемлекет ретінде қалыптасып, қарқынды даму жолына түсті. Ата Заңымызды, Рәміздерімізді және рухани құндылықтарымызды қастерлей отырып, өміріміздің сан саласын дамыту, жас мемлекетіміздің абыройын асқақтату жолында тамаша бастамалар өмірге келді. Тұңғыш Президент күнінің ерекшелігі сонда, ол – қазақ халқының мемлекет болып қалыптасуының маңызды кезеңін айқындайды. Өйткені, президенттік басқару формасы мен тәуелсіздіктің жиырма тоғыз жылдық тәжірибесі біздің ел үшін осы басқару формасының тиімді екенін көрсетті, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын анықтауға мүмкіндік берді.

1997 жылы Елбасымыз: «Біз нені құрғымыз келеді, таңдаған мақсатымызға жеткізетін дамуымыздың траекториясы, магистралі қандай болуы тиіс, соны анық білуіміз және айқын түсінуіміз керек», – деген еді. Елбасының айтқаны дәлме – дәл келді. Содан бері қазақ халқы Нұрсұлтан Әбішұлының басшылығымен еліміздің гүлденуі үшін еңбек етіп, күш-жігеріне сүйеніп, алға қарай қадам басуда. Елбасы ортақ Отанымыз – Қазақстанды дамыту жолында елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті, ұлтаралық ынтымақтастықты қолға алды. Азаттық алған жылдан бастап атасы бөлек аттан түс демей бар халықты тең көріп, жалпыға ортақ құқық берді. 130-дан астам ұлт пен ұлысты шашауын шығармай бір шаңырақтың астына жинап, тәуелсіздікке жиырма жыл толмай жатып-ақ елімізді Еуропа төріне шығарып берген Елбасымыздың еңбегі ерен, мемлекет тарихында алтын әріптермен қалары сөзсіз. Егемендіктің алғашқы қиын-қыстау жылдарында елдігімізді сақтап, қиыншылықтарды жеңе білдік, саяси жүйеде, экономикада, əлеуметтік салада заманауи күрделі реформалар жүргіздік. Бүгінгі күнде Қазақстан Еуразия аймағында стратегиялық қуаты мықты, маңызы үлкен мемлекет ретінде мойындалып отыр. Осынау жылдар ішінде Президенттің іскер басшылығымен жүзеге асқан істер сан алуан. Мерейлі мереке – Тұңғыш Президент күні қарсаңында «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», – дегендей олардың біразын жоғарыда тізбектеп өттік. Осы жоғарыда айтылған негіздерді қорыта келіп, егемен ел ретінде асудан астық, арнаға түстік деп айтуымызға болады.

Тұңғыш Президент күнімен, осы аталмыш мадақ пен құрметтің иесі Нұрсұлтан Əбішұлын және барша халқымызды айтулы мерекемен құттықтаймын. Еліміз одан әрі нық қадам басып, жақсарып, ұлы көшіміз қалпын бұзбай, тек алға қарай жалғаса берсін.

Рамазан АЛТАЙ,
Түркістан жоғары медицина колледжі жастар ісі маманы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы