ЕЛБАСЫНЫҢ ПАРАСАТТЫ ШЕШІМІ ҰРПАҚҚА ҮЛГІ

1  920 көрілім

Жуырда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Қазақстан тәуелсіздігінің құндылықтарын насихаттау мақсатында студенттер арасында Елбасы туралы деректі фильмдер көрсетілді. Барлық топ кураторлары студенттермен бірге ел егемендігінің қиын-қыстау шақтары туралы тарихи деректерді тамашалап, өзара талқыға салып, пікірлесу өткізді. «Бір ел, бір тағдыр», «Сын сағат», «Парасатты шешім», «Ұйымдасқан ұтады», «Жаңғыру жолы», «Болашаққа бастар жол», «Елдіктің бастауы» атты Елбасының көрегендігі мен ел үшін еткен еңбегінің елеулі тұстары баяндалған деректі фильмдерді тамашалау әлі де жалғасын табуда.

Тарихта туған халқына адал қызмет еткен, елдің болашағы үшін күрескен хандарымыз бен батырларымыз жетерлік. Алайда жетпіс жыл бойы бодандықтың қамытын киіп, туған тілі мен дінін, ділін ұмытуға шақ қалған тұста халқымыздың бағына тәуелсіздік баянды болды. Ең қиыны тәуелсіздік алу емес, оны ұстап қалу екендігін бәріміз де білеміз. Сондықтан да ата-бабаларымыздың қанды жасымен, ел үшін жанын құрбан етуімен жеткен егемендігімізді сақтап қалу әрбір қазақтың намысы, өмірлік мақсаты болып қалуы тиіс. Осы тұста ел басына Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сәтті келді деп айта аламын. Өйткені оның сұңғыла саясаткер, сөзге дес бермейтін шешен, алғыр екенін бүгінгі Қазақстанның келбетінен-ақ көруге болады. Кеңес одағынан ажырап, тәуелсіздікті қолына алып, жас баладай тәй-тәй басқан елімізді тығырықтан алып шығып, бүгінгі жасампаз Қазақстанды қалыптастырудағы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүріп өткен жолын, қайраткерлігін, ел үшін атқарған қыруар еңбегін, жұрттың қамын жеген сәттерін жоғарыда аталған фильмдерден нақты көруге болады.

Фильмдерді тамашалап отырып, өзімнің жүрегімнен орын тапқаны, әйел жанымды ауыртқан, көзіме жас толтырған, ерекше сезімге бөлегені «Парасатты шешім» болды. Бұл деректі фильмде тұңғыш Президент атанып, жаңа жоспарлар жасап, жан-жақтан анталаған Ұлы державалардың қармағына түсіп кетпей, Ұлы шешім шығара білгендігі айрықша әсер қалдырды. Бұл фильмде талай жылдар бойы қасірет шеккен қазақ даласы ғана емес, сол даланы мекендеген адамзат тағдыры… Кеңес кезеңінде жабық мәселе болып қалған дүниелер жердің бетіне шығып, атом бомбасынан зардап шеккен қарапайым халықтың қайғы-мұңы, зары… жарық дүниеге мүгедек болып келген толайым тағдырлар… полигонның зардабынан ауруға шалдыққан бейкүнә сәбилер мен аяқ асты арбаға таңылған қолдан жасалған мүгедек жандардың жан айқайын естігенде тұла бойым түршікті. Әрине бұл қазақ елінің тарихындағы ауыр жағдайды, Ұлы Абайды дүниеге әкелген ұлы даланың тартқан қасіретін, сондай-ақ үлкен экологиялық мәселеге айналған Арал тағдырын бұқаралық ақпарат құралдарынан, кітаптардан көріп, біліп жүрміз. Десек те осы қиямет-қайым заманда «Невада- Семей» қоғамдық қозғалысына ұйытқы болған Олжас Сүлейменовтың еңбегі де, оның халық атынан жеткізген үнін көрегендікпен қабылдай білген Тұңғыш Президенттің ерлікке пара пар шешімі де ешкімді бей жай қалдырмасы анық. Себебі ядролық бомбаны сынаққа салып, қазақтың көк аспаны мен қара жерін қақыратып, күлін көкке ұшырған, ойран салған зұлымдыққа Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тоқтау салды. Арнайы Жарлық шығарып, сұм тажалдың ауызына құм құйды, жылаған ана мен баланың көз жасын сүртті, мұңнан көз ашпаған ақ сақалды қариялардың үмітін оятты, жүрегі жаралы жастарға жігер берді.

Елдегі полигонды жапқаннан кейінгі бүкіл әлемге үлгі болып атом бомбасын шығаруды тоқтатқан Елбасының еңбегі қаншама елді еркін тыныс алдырды және өзіміздің де болашағымыз жарқын болатындығына тағы да көз жеткізді. Елбасының осы бір ғана еңбегінің өзі бүкіл адамзатқа қуаныш сыйлағаны рас. Өйткені қазақта сөз бар: «Оқтаулы мылтық атылмай қоймайды»- деген. Осы қағиданы ұстанған Президентіміз атом бомбасына да тыйым салды. Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Ұлы державалармен де бейбітшілік келісімге отырды.

Тарихта талай тұлғалар өтті. Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Абылай хан, Абай мен Шәкәрім, Ахмет пен Мұстафа сынды қаншама арыстарымыз ел үшін қызмет етті, көпке үлгі болар мұра қалдырды. Сонау көшпенділер тарихы бүгінгі заманмен жалғасып, елге риясыз қызмет ету дәстүрі жалғасын тауып келеді деп сенемін. Елбасының өмір жолы туралы деректер әрі тарих, әрі қазақтың жүріп өткен жолы, ол біздің тарихымыз екенін ұмытпасақ керек. Мұндай деректі фильмдер ұрпақ тәрбиесіне оң ықпал етері хақ. Қаз дауысты Қазыбек би бабамыз: «Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз»- деп айтқандай, біздің тәуелсіздігіміздің қаншалықты құнды екенін жастарға жеткізе білген фильм болды.

Гульмира АЛДАБЕРГЕНОВА,
Түркістан жоғары медицина колледжі жастар комитетінің төрайымы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы