ӨТКЕН-КЕТКЕН

1  388 көрілім

СӨЗ БАСЫ

Кәрі Қаратаудың қара тасына Төлегеннің қашауы тиді. Мүлгіген тау іші жаңғырып сала берді. Алаңсыз жатқан Бекежан апанынан атып шықты. Асекең – Асанәлі сомдаған тұлға ғой. Есік аузында аузынан суы ағып, қылжиып ұйықтап жатқан нөкерін бір-ақ тепті. Ал қашаудың дыбысы болса үдей түсті…

Бұл Шәкен Аймановтың «Қыз Жібек» фильмінен бір көрініс.

Кезінде жер танып, ел көрген карфагендік Ганнон, грек Геродот, Страбан, марсельдік Пифей, араб Ибн Батута, Сүлеймен, Идриси фаранцискалық Гильом де Рубрук, венециялық Марко Пололар адам аяғы тимеген жерлерге өздерінің осында болғандықтарын қатырма қағазға емес кез келген жерге қашап ойып жазып кеткен деп естиміз.

Ойлап қарадым. Дөңгеленген дүниенің қай бұрышы болса алғашқы кез келген ақпарат тас арқылы берілген-ау. Сөз қолданысындағы «Тасқа басқан» деген тіркесінің өзі осы кезде пайда болған шығар деп ой түйдім.

Тағы бір ойым-тас даланың баспаханасы болған. Орхон-Енесей жазуларының өзі тұтас бір өркениет қой. «Қызыл Түркістаннан» – «Түркістан» газетіне дейінгі аралық та осы өңірдің тасқа басылған тарихы, шежіресі. Міне, сол бағзы заманғы жылнамамыздың жалғасының өзіне биыл 90-жыл толыпты.

Ауыз толтырып айтарлық сан. Бір абыздың ғұмыры. Анау – мынау емес тарихтың кейбір сәттерін қойын-қоншына толтырған шешен, көне көз, дана, қарияның өмірі.

Ендеше, жасыңыз ұзақ болсын қарт «Түркістан»! Әрқашан көзі қарақты оқырмандардың ортасынан табыла бер!

АЛҒАШҚЫ САБАҚ

Түркістан ауданы бар, қаласы да бар. Екеуінде екі басшы. Газет біреу-ақ. Мұндай жағдайда редакторға жұмыс істеу оңай емес. Екі жақты тең ұстау керек. Материалдарды орналастырудың өзі кейде үлкен проблема болып жатады. Өйткені бірініңкінен бірі асып түспеуі қажет деген жазылмаған ұғым бар. Жиналыс та көп. Біріншілер қатысатын басқосуға редактор немесе орынбасар барады. Әрине, өзге шараларға тілшілердің қатысуы, оны газет бетінен көрсетуі міндеттелген. Жылт еткен жаңалық шықпай жатса жатқан айқай. Газет аптасына үш рет шығады.

Бір күні сондай жиналыстың біріне қатысуыма тура келді. Әрине, газет өкілі ретінде. Біраз талқылаулар болды. Соңынан қабылданар қарарға дауыс берілді. Қаралып жатқан мәселеге менің еш қатысым жоқ болса да мен де қол көтердім. Жиналыстан келген соң жауапты хатшы Балтабай Нұржановқа болған жиналыс жайлы баяндадым. Тіпті дауыс бергенімді де мақтанышпен айттым -ау деймін. Балтекең:

– Кез-келген жиынға барғанда сол жердің ішкі жұмысына араласпа. Журналист деген бейтарап бағыт ұстануы керек,- деп жарты сағат «лекция» оқыды. Айтар ойың болса өз пікіріңді дайындаған материалдың соңына қосып қоюға болатынын ескертті.

Бұл менің ағалардан алған бірінші сабағым. Кейіннен Болат Қожахметов, Мария Мерешова, Нұрәлі Дүйсекеев, Аманкелді Досжанов, Асан Оспанов сынды тарлан журналистерден де көп ой түйдім, үйрендім.

ТӨРАҒАНЫҢ ЖҰДЫРЫҒЫ

Аудандық атқару комитетінің төрағасы болып Әбдірашит Жансейітов деген кісі істеді. Өз шаруасына мығым, ауданды өте жақсы біледі деп еститінмін. Алқалы басқосуда алыстан көріп тұрамын. Аяғынан кәдімгі қонышы бар коңыр етігін тастамайтын, бүгінгі шенеуніктерге мүлдем ұқсамайтын ерекше жан екен. Бірде сол кісінің нөкерлерімен бірнеше шаруашылықты араладық. Төраға мінген «Волга» көлігі егіншілер қосына, малшы үйіне тоқтайды. Біздер де жапа-тармағай түсіп жұмысымызды атқарамыз. Бір байқағаным Әбекеңнің кез келген қойшы мен сушының аты- жөніне дейін білетіндігі. Отбасы жағдайына дейін сұрап, келін, балаларының атын айтып, түсін-түстеп беретіндігі. Ол кісінің түннің бір уағына дейін егіс аралап таңертең шаруашылық басшыларымен лездеме өткізетіндігінен хабардармын. Ал, аудан шаруашылығындағы қарапайым жұмысшылардың отбасына дейін танитындығын бірінші рет көрдім. Бұл да жақсы қасиет екен деп қойын дәптеріме түртіп қойдым.

*   *   *

Кеңшар мен ұжымшарлар төрағаларының орны сайланбалы орын. Мерзімі келгенде шаруашылықтың өкілдері жиылып басшыларын қайта сайлап жатады. «ІІІ Интернационал» (Ибата ауылы) ұжымшары төрағасын сайлау кезеңі келіп қалыпты. Онда өтетін есеп беру, сайлау жиналысына газеттен мен баратын болдым. Басшылардан Ә.Жансейітовтың өзі қатысады екен. Ауткомның алдында сонау ауданның шекарасында жатқан ауылға қалай барсам екен деп тұрғанда алдыма мемлекеттік нөмірлі ақ «Волга» көлігі тоқтай қалды. Іштегі жүргізуші терезеден басын шығарып «Газеттенсің бе?» деп дауыстады. Біраздан бері жаурап тұрған мен басымды изей қойдым. «Отыр» деді. Жанына отыра кеттім. Көлік жүргеннен кейін бетіме қан жүгіріп жан-жағыма қарай бастадым.

Артқы орындықтың тура ортасында Әбекең –Абдірашит –аға отыр екен. Амандасқанша болған жоқ ол кісі
– Ей, бала аман ба? ,- деп өзі гүж ете қалды. Жауап қатып үлгергенше.
– Бүгінгі жиналысты жақсылап жаз. Көп нәрсе айтылады. Бүкпе. Сынды түзейтін уақыт келді, – деді.

Мен тағы да басымды изедім.

– Ұмытпасам сенің атың Оразбек қой. Кешегі «Литературная газетаны» оқыдың ба? Саяси бюроның мүшелеріне дейін іреп, сынап жатыр. М.Шаханов пен Евтушенко де біраз әңгіменің басын шалыпты. Бұрын екеуіне ақын деп қараушы едім. Бүгін кәдімгі ортан қолдай саясаткер екендігін байқадым,- деді.

Ақсақал мені суыртпақтап әңгімеге тартып отыр. Және үнсіз қалдым. Біраздан кейін Әбекең көріпкелдігі бардай «Сен бала ол мақаланы оқымағансың ғой» деп зекіп салды. Қайта сұрақтың астына алды.

Расында сол кездегі орталықтан шығатын «Литературная газета» мен «Огонек» журналдары өткен-кеткен тарихтарды сын садағына алып безбендеп жатқан. Демократияны жандырып, жариялылықты жаңғыртып жатқан басылымды оқымағаным рас -тын.

-Оқыған жоқпын –дедім. Сөйткенше болған жоқ ағаның ұзын қолы құлақ шекеме сарт ете қалды.
-Оқы балам!- деді.

Құлақ дуылдап кетті. Алған сабағым сол болды. Оны қойшы екі ортада үлкен ағаны ренжітіп алдым. Маған емес бүкіл журналистер қауымына реніш танытқандай сезіндім.

Мен содан кейін мерзімді баспасөзді шолып отыруды әдетке айналдырдым. «Газет» деген ауруға ұшырадым. Әбекеңе, рахмет!

ТАҒЫ БІР САБАҚ

Төрағамен қыстың көзі қырауда тағы бір рет жол түсті. Ақсақал әдеттегідей менен бұрын амандық-саулық сұрады. Ара-арасында мақалаларыңды оқып қоямын деп мақтап қойды. Бұрынғы Чапаев атындағы (Ынтымақ ауылы) ұжымшарының үстімен өтіп бара жатқанбыз.

Бір кезде:
-Алым, тоқта!-деді. Төрағаға анау-мынау адам шофер бола бермейді ғой. Жер қанша тайғанақ болса да көліктің тұмсығын жол жиегіне тіреді. Әне-міне дегенше Әбекең ұзын денесімен қомпаңдап барып қолына таяқ ұстап бір жағына қисая кетіп бара жатқан қариямен амандасып жатты…
– Оразбек, әлгі мен амандасқан көкеңді білесің бе? – деді көлікке қайта жайғасқан төраға.
– Жоқ.
– Сағит Шәкіров деген журналист ағаң болады. Қаламы қарымды
Түркістан өңірінің тірі шежіресі. Танымағаның дұрыс емес?

Бұл жолы құлақ – шеке аман қалды.

Мен Әбекеңмен бірге түсіп қарт журналистке сәлем бермегеніме бір өкіндім. Осы төңіректің қалам ұстар қариясын танымағаныма және өкіндім.
Бұл да үлкендердің маған берген сабағының бірі болды.

СТАТ НҰРЕКЕҢ

Редакциядағы ең момыны Нұрәлі Дүйсекеев. Анау-мынауға селт етпейтін де осы кісі. Өз ісінің нағыз шебері. Аты дардай ауыл шаруашылық бөлімінің меңгерушісі. Нағыз есептің, статтың адамы. Аудандағы колхоз-совхоздардағы уақ малдан бастап ірі қараның санын жатқа біледі десем артық айтқандық емес. Еңбегімен танылған шаруа адамы бұл кісінің негізгі нысанасы. Нұрекең әмбебап. Кейде аудармашы да болып кететіні бар. Шындығы сол аудан – қалада орысшадан қазақшаға тәржіма керек болса, ол кісіге келіп жалынып жалпайып жүргені. Ондайда біздер де құр қалмаймыз. Сол кездің «заңы» бойынша кешке дүкеннің артқы есігінен кіріп-шығуға шамамыз жетіп қалады.

Нұрекең кейде фототілші. Фотокор Өмірзақ Пірімбетовтен қалыспайды. Көбіне редакцияның «ФЕД» деген фотоаппаратын асынып «еңбек майданының» алғы шебінде көп жүреді.

Өмекең кейде асығып-үсігіп жүріп суреттің қай шаруашылықтан түсіргенін ұмытып қалады.

Ондайда бәріміз Нұрекеңнің аузына қараймыз. Ол кісі қалың көзәйнегін сүртіп, суретті әрі-бері аударып «ұшықтай» бастайды. Бір кезде барып онсыз да селдір ақ шашын сипап жіберіп «Бұл әлгі «Коммунизм» колхозының…» деп әңгімені жалғап жібереді.

Кейде Нұрекеңе әңгіме болсын деп қорада бұзауын емізіп тұрған қара сиырдың суретін әкеп көрсетеміз. Бәлсінбейді. Әрі үңіліп, бері үңіліп «Әй, мынау «Ленинизм» колхозының сиыршысы пәленшенің кеше ғана бұзаулаған сиыры ғой» деп айтып қалады. Жорамалы көбіне дұрыс шығып дөп түсіп жатады. Бақсақ, Нұрекең өз ісін ұсақ-түйек деп қарамай ертеңгі материалға арқау болады-ау деп, малшының қора-қопсысына дейін суретке түсіреді екен. Сиырды сол қораның тұрысына қарай ажыратады екен ғой.

Нұрекеңнің және бір жақсы қасиеті барған жерінен қоржынына материалды молынан жинап қайтады. Жылт еткен жаңалық пен тарихтың ұшы шықса оны қойын дәптеріне түсірмей тыным таппайтын.

Басылымның отымен кіріп күлімен шыққан, зейнеткерлікке шыққанға дейін бір орында тапжылмай ұзақ уақыт отырған, тұла бойы ғана емес бүткіл жан-дүниесі журналистикаға берілген шежірелі жанда бұдан да басқа асыл дүниелер мол болатын.

ҚОЖЕКЕҢ

Фототілші Өмірзақ Пірімбетов қызық кісі еді. Руы Қожа болған соң бәріміз «Қожеке» деп кеткенбіз. Қожекең анекдоттар жинайды, жатқа айтады. Кейде жанынан шығарып елді қыран-күлкіге қарқ етіп жүреді. Азды-кемді ақындығы да бар. Әпенділігі дейміз бе, Қожанасырлығы дейміз бе ол кісі кез-келген нәрсеге балаша сене беретін.

Үйіндегі жеңгей де бізде техқызметкер. Ол кісі «Құдайдың бергені ғой» деп жылына бір қара домалақты көтеріп жүреді. Мінезі де Өмекеңдікіндей аңқылдақ. Ал біздер екеуін Құдай қосқанда жаратушы батаны жақсылап берген деп үймелі-сүймелі балаларына сүйсіне қараймыз.

Бірде Өмекеңнің зертханасына бас сұға қалдым. Қожекең үлкен бір ойдың тұңғиығына түсіп кетіпті. Бір нәрсенің шешімін таппай отырған сияқты. Сондағысы нендей уайым дейсіз ғой. Күнбағыс пен мақтаның пістесі мен шитіндегі май қайдан пайда болады? Сол дақылдар өніп-өскен топырақты мың қайнатсаң да неге май шықпайды? Бала сұрақ. Нағыз Қожанасырдың сауалы. Бірақ үлкеннің өзі жауап бере алмайтын дүние. Мен де білмейді екенмін. Үндемей есікті жай жауып зертханадан шыға жөнелдім. Өмекең өз сұрағына өзі жауап іздеп қала берді.

ПОРТРЕТ

Мен еңбек еткен «Коммунистік еңбек» аудан мен қалада жалғыз басылым. Оның жанында аптасына төрт-бес мәрте хабар тарататын, ел арасында «Бес сомдық» аталып кеткен жергілікті радио бар.

Бірақ бар жоғы он-он бес адам жұмыс істейтін редакцияның табалдырығынан күнде адам үзілмейтін. Кейде баз біреулер шақырылып та жататын. Жас ақын жазушылардың тұсауы кесіліп қоятын. Арасында шығармашылық кештер мен кітаптың тұсаукесерлерін өткізіп тұрамыз.

Жазушы Темірхан Медетбек, көзі тірісінде журналистика саласындағы қарызы мен парызынан құтылған қаламгер Нұрмахан Оразбеков, қара шіләпісін шет елден келген мырзадай киетін, өзі де, өлеңі де ерекше Қаныбек Сарыбаевтар қалаға ат басын тіресе «Коммунистік еңбекке» соқпай кетпейтін. Мәдениеттің майталманы болса да ақындығы басым Әбдікерім Манапов, қалалық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болған бабайлық Қасымхан Бегманов та осы жерді жиі төңіректейтін. Түгелбай Ботақараев, Өмірбай Сәуірбаев, Ілияс Қожабаев келмесе газет шықпай қалатындай көрінетін. Түркістандықтардың арасында «Егіз қозы» атанып кеткен Ахмет Төреқұлов пен Нұрмахан Назаровтар үлкен қызметтің тұтқасын ұстап отырса да бас сұқпай кетпейтін. Өзбек шайыры Ерназар Розметов өзбек бөлімін өлеңмен көміп тастап жүретін. Осы шаңырақтың дәмін тартқан, кейін партия жұмысына, «Хабар» агенттігіне ауысып кеткен Тілеуқабыл Мыңжасаров та екі күннің бірінде осында.

Штаттан тыс тілшілердің қосы да қарақұрым болатын. Сағит Шәкіров, Әлихан Әлтеков…

Бесінші мамыр – Баспасөз күні. Қолына қалам ұстағанның бәрі осында жиналады. Сый – сияпат ұйымдастырылады. Рәсімге түседі.

Мұндай тіршілікті көбіне жауапты хатшы ұйымдастырады. Жасыратыны жоқ кейде колхоз-совхоздың басшылары демеушілік танытып дастархан да жайылып жататын.

Айтулы мерекенің бірінде коммунистік қоғамның күн көсемі В.И.Лениннің қызыл матаға салған үлкен суретін редакция ғимаратына ілуді маған тапсырды. Қасымда баспахананың бір қызметкері бар. Үйтіп-бүйтіп жүріп ілдік.

Таң атпай Әбекеңнің шоферы ұйықтап жатқан жерімнен жұлып алды. Жұмысқа келсем бастық Ә.Көпбаев, Б.Нұржанов, баспахана директоры Ә.Ысқақов сыртта күтіп тұр екен. Өзін де болмайтын жерге қаққанмын-ау. Кеше ғана қаққан портреттің бір жағының шегесі шығып қисайып қалыпты. Бәріміз дереу жақтауындағы ағашқа жіп байлап терезеден әрі-бері тартып түзегендей болдық. Редактор:

– Ал, Оразбек бір сағаттан соң парад басталады. Бұл мерекенің саяси маңызын түсінесің. Мына жіпті мерекелік шеру біткенше ұстап отыр,- деді де кетіп қалды. Басекеңнің сөзі бұйрық. Сол жіпті кешке дейін ұстап, мерекеде бір күн бойы аш қалғаным бар.

Оразбек ӘМІРЕЕВ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы