Ат жақты, бидай өңді жігіт ағасын жұмысқа келгенде, кеткенде үнемі көше бойында кездестіріп жүрдім. Қолынан ақ қағазы түспейді, өзімен бірге алып жүреді.
Мен, еңбек ететін мәдениет бөлімі 1- ші Май қазіргі Сұлтанбек Қожанов көшесінің бойына орналасқан болатын. Күнделікті кездесіп жүрген азамат қарсы беттегі редакцияға кіріп кетті. Мен де өмірден түйген, көрген, білгенім жайлы, еңбек адамдары туралы жазған мақалаларымды редакцияға алып барып хаттар бөлімінің меңгерушісі Түркістанның Фаризасы, ақын Мәрия Мерешоваға беріп тұр едім. Мария апай:«Аманкелді сені Жұмабек ағаң күтіп отыр – деді. Қарасам, әлгі өзім күнделікті көріп жүрген түрі таныс адам болып шықты. Бір- бірімізден жөн сұрап таныстық. Осы «Коммунистік еңбек» үнқағазында корректор болып еңбек ететін жас ақын Аманкелді Досжанов осы азамат екен. Ұмытпасам бұл 1967 жылдың тамыз айы болатын.
Араға екі жыл салып, мен Отан алдындағы міндетімді өтеп өзім еңбек еткен мәдениет бөліміне қайта жұмысқа келдім. Көше бойында келе жатып бұрынғы әдетпен Аманкелді ағаны тағы да ұшыраттым. Жылы жүзбен амандық сұрай сәлемдестік. Аманкелдінің қолында сол баяғы оралған ақ қағаз. Қолы күйелеш- күйелеш ошаққа от жаққан жеңгелеріміздей көрінді. Көрген жерден қалжың әзіл айтудың ретін таппай үндемей кете бардым.Үнқағаз бетінде Әбекеңнің ел сүйсініп оқитын өлеңдері жиі басылып тұрды. Ол кезде «Коммунистік еңбек» аптасына үш рет 30000-ның үстінде тиражбен шығатын.
Бірде жұмыстан кештетіп қайтып келе жатсам, Аманкелді аға қарсы алдымнан ұшырасты.
– Ағасы жұмыс аяқталды ғой неге кештетіп жүрсіз дедім.
– Газет беттерін толық теріп болдым. Енді бас сарбазымыз редактор Тұрабай ағаға қол қойдырып сосын баспаға жіберемін – деді.
Тұрекең аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болатын.
Аудандағы шаруашылық тынысының барысын күн-түн демей аралап көріп, жұмысқа кеш оралатын. Соған қарамай ертеңгі шығатын газетке қол қоюға келеді.
– Ой, Аманкелді аға жұмысыңыз тынымсыз екен, жеңгемнің ошағының отын жаққандай қолыңыз күйелеш- күйелеш екен – деп әзілдедім.
– Оның рас, біздің жұмыс осындай әріпті қорғасын құймасымен тереміз – деп уәж айтты.
«Дарақ бір жерде көгереді», – демекші Аманкелді аға осы жұмысын үзбей арасында әдеби қызметкер болып отыз жылдам астам еңбек етті. Зейнеткерлікке шықты. Алланың міндеттеген парызын өтеп жұма сайын «Хилует» мешітіне үзбей намаз оқуға барады екен. Ойда жоқта осы мешіттен шығып келе жатсам ту сыртымнан біреу атымды атап шақырды. Бұрылып қарасам Аманкелді ағам екен.
– Ниет қабыл болсын інім, сәждеге бас қойып оқыған намазың Алла ризашылығына бөленсін.
– Рахмет аға, өзіңізге де ақ тілек ақ ниетпен Алла ризашылығына кенеліңіз. Мұсылманның бес парызының бірі Меккеге қажылыққа барғаныңыз қайырлы, баянды болсын.
– Дұрыс інім хабардар екенсің ғой. Ешкім бұл дүниеде қалмайды, о дүниеге кеткенше Аллаға мінәжатыңды ұмытпа.
Әбекеңнің қажылық сапары жөнінде «Ұлы сапар әсері» атты көлемді мақаласы «Түркістан» үнқағазының 2011 жылғы қаңтар, ақпан айларының №4-5-6-7-8-9-10-11 сандарында жарық көрді.
Сөзіміздің басында айтып өттік: Аманкелді ақын жанды азамат – деп.
Аманкелді жай ақын емес, салиқалы, сабырлы, салауатты, иман жанды ақын. Екі үш топтамасы жарық көрді. Өкініштісі сол ақынның баспадан шыққан жинағы қолыма түспеді. Оқасы жоқ ақын қашанда ақын, халқына жақын, Аманкелдінің Ұлы Отан соғысының Жеңісіне 60- жылдығына орай 2005 жылы сәуір айында «Түркістан» газетінің №19 санында үш өлеңі жарияланыпты. Соның бірі:
«Бауыржан Момышұлына!
«Бір өзіңе жарасқан,
Қандайы да мадақтың.
Даңқы көкпен таласқан,
Мақтанышы қазақтың»
Осы өлең жолындағы « Мақтанышы қазақтың» деген сөзі тіпті Аманкелді ағаның өзіне арналғандай. Осы ұжымда еңбек еткен қаламгерлердің арасында Меккеге топ жарып, тұңғыш қажы болған Әбекең. Ол өте қарапайым, ізетшіл, көпшіл мейірім шуағы мол жан еді.
Аманкелді ағамыз 80-ге таяған шағында дүниеден озды. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.
О, жалған дүние ай, көз алдымда ғибратты ғұмыр кешкен жан тұр. Ол Аманкелді.
М.ТІЛЕУБАЙҰЛЫ.